Шығыс Қазақстанда су тасқыны қаупі бар 71 елді мекен анықталған.
ШҚО Алтай ауданында қардың қалыңдығы 100 сантиметрге жуықтады
Фото: ШҚО ТЖД

ШҚО-да қаңтар айында қар өте көп мөлшерде жауды. Мәселен, Алтай ауданында қардың қалыңдығы 100 см-ге жуықтаған,  деп хабарлайды Aikyn.kz

Бүгінде өңірлік құтқарушылар су тасқыны кезеңіне алдын ала дайындықты бастап кетті. "Қазгидромет" РМК ШҚО филиалының мәліметінше, қардың ең көп мөлшері Алтай ауданында түскен. Ондағы қар қалыңдығы  96 см. Ал Марқакөл ауданында  81 см, Риддер қаласында  56 см болып отыр.

Тарбағатай ауданында жер тоңы  87 см, Самар ауданында  75 см, Зайсан ауданында  66 см құрайды.

 Шығыс Қазақстанда су тасқыны қаупі бар 71 елді мекен анықталды. Оның 15-інде қауіп толығымен жойылып, 49-ында барынша азайтылды. Қалған 7 елді мекенде қауіп әлі жойылған жоқ. Олар Глубокое ауданы және Алтай ауданының ауылдары,  деп хабарлады ШҚО ТЖД баспасөз қызметі.

Су тасқынына қарсы Жол картасы шеңберінде 2023 жылы 5 шара іске асырылған.

Төтенше жағдай болып жатса, халықты эвакуациялау үшін қалалар мен аудандардың әкімдері жалпы сыйымдылығы 8448 адамды құрайтын 91 уақытша орналастыру пунктін дайындады. Жергілікті атқарушы органдар мен азаматтық қорғау қызметтері сапынан 2334 адам, 735 техника, 50 жүзу құралы және 223 мотопомпа әзірленген,  делінген ақпаратта.