Бала денсаулығы – кез келген ата-ана үшін өте маңызды.
Баланы қалай тамақтандыру керек?
2,117
оқылды

Сол үшін осы тақырып төңірегінде кәсіби маманмен сөйлесіп көрдік. «Мектеп жасына дейінгі бала қандай тамақ ішуі керек, қандай тағамдар пайдалы, ағзаға дәрумен жетіспесе, не болады?» деген сұрақтарға аталмыш мақалада жауап береміз.

Ендеше, біздің бүгінгі кейіпкеріміз – Зәуре Оразқызы Есімсейітова. Ол 2011 жылдан бері аспаз болып тамақтану бөлімінде жұмыс істейді. Бүгінде балабақшаның бас аспазы Зәуре ханым:

Менің түсінігімде аспаз – жай ғана тамақ пісіретін маман емес. Ол сол істеген тамағы арқылы балаға барлық күш-қуат, мейірім мен жылу сыйлайды. Сондықтан жақсы аспаз – баланың болашаққа деген үлкен қадамдарының кепілі. Балабақшада балалардың орташа жасы негізінен 3-6 жасты құрайды. Олардың өсуі мен дамуы үшін үнемі барлық пайдалы затты беру керек. Күнделікті рационына ет, балық, сүт өнімдері, көкөніс, жеміс сияқты тағам түрлері кіреді. Балалардың күнделікті рационында сонымен қатар таза судың алар орны ерекше. Аталған жастағы балалардың сұйықтыққа деген қажеттілігі 1 келіге шаққанда, шамамен 70 мл құрайды. Таза су – тіршіліктің қайнар көзі, дейді.

Балаға дәрумен жетіспесе, не болады?

Аспаз сөз етіп отырған өнімдерде В1 дәрумені көп. Оның сөзінше, ол ас қорыту жүйесінің қалыпты жұмыс істеуі үшін өте қажет. Ал А дәрумені адамның өсу процесіне жауап береді. Оның аз болуы салдарынан баланың дамуы бәсеңдеп, жұқпалы ауруларға қарсы иммунитеті әлсірей бастайды.

Көп жағдайда балаға С және А дәрумендері жетіспей жатады. Мұның салдарынан баланың физикалық дамуы баяулайды, тез әлсірейді. Сәйкесінше, иммунологиялық қорғаныстың әлсіздігі пайда болады. Оған қоса, ағзаға жоғарыда атап өткен жеміс-жидек, көкөніс, ет, балық, сүт өнімдері жеткілікті мөлшерде жетпесе, ас қорыту жүйесі бұзыла бастайды, дейді ол.

Ата-аналар баланы тамақтандырар кезде нені ескеруі қажет?

Бұл туралы білікті маман мынадай кеңес айтты:

Бұл жерде ең маңызды екі нәрсе бар. Бірінші: балаларды уақытылы тамақ ішуге үйрету керек. Екінші: ащы, қуырылған тағамдардан және фаст-фудтан шама келсе үнемі бас тарту қажет. Бәрінен бұрын тамақтану тәртібі, яғни ас ішу мезгілін сақтаған жөн. Себебі тамақтану тәртібі сақталмаса, онда тәбет жоғалады. Оның кесірінен ас қорыту шырынының бөлінуі бәсеңдейді. 
Балаға тағамды ұсынар алдында көкөністер жайлы мысалы, сәбіз бен қырыққабат туралы қызықты ақпарат айту арқылы тамақтандырыңыз. Сонда баланың аталған тағамға деген қызығушылығы артып, тәбеті пайда болады. 
Балаларға қысым жасамаңыз. Оларға бір емес, бірнеше тағам түрін таңдауға мүмкіндік бергеніңіз жөн. Егер азық-түліктерді кемпірқосақ сияқты безендірсеңіз, ол баланың көңілін аулап қана қоймай, пайдалы дәрумендерді бойына сіңіруге ықпал етеді.