Астана қалалық Сот әкімшілігі департаментінде 6 жеке сот орындаушысы жауапкершілікке тартылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Қала әкімдігінің мәліметінше, Сот әкімшілігі департаменті былтырғы жұмыс қорытындысын шығарған кезде жеке сот орындаушыларынан заң бұзушылықты анықтаған. Қазір 2 сот орындаушының лицензиясы уақытша тоқтатылды. Бес адамның ісін тәртіптік комиссия қарайтын болды.
– Ведомствода азаматтардың өтініштері мен шағымдары қаралды. 2023 жылы қала соттары мамандарының іс-әрекетіне қатысты 34 арыз түсті. Оның ішінде 4 арыз расталды. Бұл – 2022 жылмен салыстырғанда, 7 өтінішке немесе 17 пайызға аз. Былтыр 41 арыз түскен болатын, – делінген хабарламада.
Сот әкімшілігі департаментінде «Сот кабинеті» сервисімен жұмыс қорытындысы шығарылды. Осылайша, барлығы 29 мыңнан аса талап-арыз түскен. Олардың 79%-ы электронды түрде берілген.
Ішкі істер органдары (әкімшілік полиция) «Сот кабинеті» сервисі арқылы 16 мыңнан аса әкімшілік материал жіберді. Оның да 29,6 пайызы электронды түрде жіберілген.