Қасым-Жомарт Тоқаев Астана мен Мәскеудің екіжақты байланыстарын нығайтуға өңіраралық ықпалдастық елеулі үлес қосып отырғанын атап өтті.
Тоқаев Башқұртстан Республикасының басшысы Радий Хабировты қабылдады
751
оқылды

Қазақстан Президенті Башқұртстан Республикасының басшысы Радий Хабировты қабылдады, – деп хабарлайды Aikyn.kz Ақордаға сілтеме жасап.

Қасым-Жомарт Тоқаев Астана мен Мәскеудің екіжақты байланыстарын нығайтуға өңіраралық ықпалдастық елеулі үлес қосып отырғанын атап өтті. Осы орайда Башқұртстан Республикасы ерекше рөл атқарады.

– Қазақстан мен Ресей арасындағы жан-жақты қатынастарға тың серпін беру тұрғысынан алғанда бүгінгі сапарыңыздың мәні зор. Біз индустрия, агроөнеркәсіп кешені және гуманитарлық салалардағы байланыстарымызды әртараптандыру үшін барынша күш саламыз, – деді Мемлекет басшысы.

Президент бірқатар келісімнің, соның ішінде үкіметтер деңгейінде қол қойылған Ынтымақтастықтың 2023-2024 жылдарға арналған жол картасының табысты жүзеге асырылып жатқанына назар аударды.

Мемлекет басшысы еліміздің өңірлері мен Башқұртстан арасындағы тауар айналымының қарқынын оң бағалады. Былтырғы 11 айдың қорытындысы бойынша сауда-саттық деңгейінің көрсеткіші 350 миллион доллардан асты. Бұл ретте Қазақстан Башқұртстан Республикасының жетекші сауда серіктестерінің үштігіне кіреді.

Өз кезегінде Радий Хабиров қазақ жерінде қонақжайлық көрсеткені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты.

– Башқұртстан мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынасты дамытуға ерекше мән беретініңізді білеміз. Менімен бірге үлкен делегация келді. 2-3 жылдың ішінде біз тауар айналымы мен өнеркәсіп кооперациясының көлемін айтарлықтай ұлғайттық. Бүгін «Қазақстан – Башқұртстан» форумын аштық. Біз үшін Қазақстан – ең басты серіктес. Біз мұнда өзімізді еркін сезінеміз, – деді Радий Хабиров.

Кездесуде сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық, өнеркәсіп және өзара мүддені көздейтін басқа да салалардағы ынтымақтастықты жандандыруға баса мән берілді.