«Адам бол!» деп аталатын жаңа фильм, отандық продюсерлік орталық пен Нолливудтың әлемдік кино өндірісіндегі алғашқы біріккен премьерасы.
Копродюсерлік жоба болғандықтан, фильм екі елде де көрсетіледі. Әрі толық Африка континентінде Netflix Africa мен Prime TV танымал платформалары арқылы таралады. Түсірілім жұмыстарына Нигериялық Нолливудтың беделді продюсерлері, режиссер, сценарист, операторлары атсалысқан. Бүгінде Нолливуд кино өндірісі АҚШ пен Үндістаннан кейін үшінші орынға жайғасып, 5,1 миллиард долларға бағаланады.
Жоба продюсері қазақстандық топ үшін бұл фильм тәжірибелік тұрғыда серпіліс сыйлағанын жасырмады. Ол шығармашылық топтың шетелдік актер, режиссерларымен түсінісумен қатар, ыстық ауа райына бейімделу қажет болғанын айтады. Сондықтан ерекше күйді кешіп, тудырған дүние көрермен үшін де қызықты, жаңашыл сезім сыйлайды деп сенеміз.
Фильмнің актерлық құрамында белгілі отандық әртістер Рауан Романи, Рысқұл Қонақбаев пен Қуаныш Құдайбергенов бар. Сонымен қатар, миллиондаған көрермені бар Африканың танымал тұлғалары Самуэл Э. Перри Перри (Брод Шаджи), Чарльз Окоча, Эбеле Окаро, Аелоа Бисоло бой көрсетеді.
Экшн жанрындағы комедия элементтері бар фильм сюжетіне сәйкес, қазақстандық үш жігіт кездейсоқ Африкаға барады. Басты кейіпкерлер: ірі кәсіпкердің ерке ұлы, автосалон басшысы мен қарапайым жеткізу қызметіндегі жігіт. Олар қара құрлықтағы жергілікті тайпалар мен қылмыскерлердің қолына түсіп, талай қиындықты бастан өткереді. Тұтқында болып жергілікті қылмыс әлемінің серкелерінің өзгеруіне себеп болады.
«Адам бол!» әлемдегі ең ірі шетелдік киностудия базасында өндірістік тәжірибеден өткен алғашқы қазақстандық кинотуынды болмақ. Әрі екі ел мәдениеті арасындағы шекараларды жойып, кино өндірісіндегі жаңашылдыққа жетелейді.