Бұл өз кезегінде жақын елді мекендерді қала аумағына ендіріп, тұрғындардың санын тағы арттырмақ. Оған қоса, екі ауданмен бірге көне шаһарға бұрын-соңды болмаған шаруашылықтар мен қожалықтардың үлкен легі келмек. Әрине, бұл қуанарлық жағдай. Алайда «таяқтың екі ұшы бар болатыны» секілді, екі ауданның құрылуынан келеңсіздіктер тумай ма?
Олай дейтініміз, бұған дейін тек «қала» статусымен тұрған шаһарға енді қолында мал ұстаған қожалықтар лек-легімен ағылады. Сондай-ақ алдында бес-он тұяғы бар, бұрын ауылда тұрып, мал жайып үйреніп қалған ағайынның да саны артпақ. Ал төрт түлік жүрген жерде мал бордақылау, оны сою сынды орындардың қатар жүретіні анық. Бірақ сол мал сою алаңдарының бәрі санитарлық талапқа сай келмейтіні айтпаса да белгілі. Оған қоса, үй ауласында мал сойып, оның қан-жынын арыққа ағызатындардың да саны азаймайтыны айқын. Салдарынан шаһардың шырайы қашып қана қоймай, санитарлық-эпидемиологиялық қауіп те төнбек.
Жуырда бұл мәселені Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков аппараттық кеңесте көтеріп, Ауыл шаруашылығы бөліміне заңсыз қасапханалар мен мал бордақылау алаңдарының есебін шығарып, олармен күресті күшейтуді тапсырды. Бұған дейін тек жәрмеңке өткізіп, ауыл шаруашылығы саласына ендеп енбеген бөлім үшін бұл жүгі ауыр жұмыс болғаны анық. Содан болар қалалық Ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Жанболат Таңатаровқа хабарласқанымызда, ол қалада заңды тіркелген 6 мал сою алаңы жұмыс істеп тұрғанын, ал қалғандары бойынша зерделеу жұмыстары енді қолға алынғаны туралы ғана ақпарат бере алды.
Негізі, заңсыз қасапханалар әр аумақта бар екенін әркімнің іші біліп отыр. Оны біз айтпасақ та, қала тұрғындарының өзі ашына жеткізуде.
– «За линей» аталып кеткен алқаптағы үйімнің дәл жанында қасапхана жұмыс істейді.Оның иесі санитарлық талаптарды мүлде сақтамайды. Мұнда екінің-бірі күнара мал сойдырып, ішек-қарны мен қанын ағызып әкетіп жатады. Ал одан шыққан жағымсыз иіс қолқаңды қабады. Тараз қаласының онсыз да ауасы таза дей алмайсың. Енді оған мал қиы мен аққан қаны қосылып отыр. Жаздың аптап ыстық күндері, тіпті дем жетпей, тұншығып қаламыз. Малды сойғаннан кейін қаны мен қалдығын арнайы жерге көміп, заласыздандырса мақұл-ақ қой. Кейде балалар оны байқамай басып кетеді. Күні ертең одан ауру тарамасына кім кепіл?! Біз соған алаңдаймыз. Бұл туралы иесіне сан мәрте ескерткенімізбен одан еш нәтиже шықпады. Енді осы мәселені құзырлы органдар қадағалау алса деген тілегіміз бар, – дейді шаһар тұрғыны Бинұр Шакизадаева.
Негізі 2011-2012 жылдары облыс деңгейінде мал сою алаңдары мен пунктерін ашу бастамасы көтерілген еді. Сол сәтте қазынадан 16 мал сою алаңы мен 4 пунктің әрқайсысына 10 млн теңге көлемінде қаржы қаралған. Осылайша, 20 мал сою орнын әзірлеу үшін 200 млн теңге бөлінген. Одан бөлек, жекеменшік қаржы көздерінен тағы 61 мал сою нысанының жобасы дайындалған еді. Мұндай ауқымды құрылыс арқылы жергілікті билік мал ауруларының алдын алып, тұрғындарды да тәртіпке шақырамыз деп жоспарлаған. Алайда осы алаңдардың бүгінде некен-саяғы ғана жұмыс істеп тұр. Себебі аталған алаңдардың бірінде бір жылда 21 бас қана мал сойылғаны туралы дерек талайдың санасына салмақ салды. Сонда 10 млн теңгеге салынған мал сою алаңында жыл шінде 21-ақ бас мал сойылатын болса, оның тиімсіз екені айтпаса да түсінікті. Сондықтан халық малды алаңда емес, ауласында соятынына көз жеткізген жергілікті билік өкілдері де «бастан құлақ садаға» деп бұл жобаны қойған. Ал қазынадан қаралған 200 млн теңге желге ұшты.
«Аузы күйген үрлеп ішеді» деп қазір шенділер мал сою алаңдарын ашу мәселені түбегейлі шеше алмайтынын біліп отыр. Әрі қаладан екі аудан құрылғанда заңсыз қасапханалардың саны көбейетінін іштей сезуде. Сондықтан бүгіннен қамданып, зерделеу жұмыстарын қолға алуда. Алайда бұдан нәтиже шыға ма?
Ветеринар Қарлығаш Ешназарованың айтуынша, мал кәсіп ғана емес, жұқпалы аурулардың да бірден-бір көзі екен. Сондықтан қасапханаларды ретке келтермей, қауіпсіздік мәселесі туралы айтудың өзі артық көрінеді.
– Төрт түліктен келетін ең қауіпті аурулар қатарына топалаң, туберкулез, бруцеллез, аусыл, құтыру, қойдың жыбырлағы (брадзот), қозының анаэробты дизентериясы, ауески ауруы, шошқа тұмауы, некробактериоз, тулеремия, хламидиоз, түйе обасы және маңқа жатады. Аталған індеттер тез таралады және денсаулыққа тигізер қаупі өте жоғары. Бір ғана бруцеллезді алып қарасақ, бұл сырқат мүйізді ірі қара малдан, сондай-ақ қой-ешкіден жұғады. Мұндай кеселдердің жұғуы жануарларды сою, ет және ет өнімдерін сараптау кезінде мемлекеттік санитарлық бақылаудың ережеге сай болмауы немесе орындалмауынан болады. Сондықтан малдың ауру екеніне күмәнданған жағдайда жануарларды союға қатаң тыйым салынады. Малдың ауруын анықтап, диагноз қойғанша оны бөлек ұстаған жөн. Оның дертке шалдыққан не шалдықпағанын анықтағаннан кейін ғана ветеринарлық маманның қадағалауымен жануарларды союға болады. Амалсыздан сойылған малдың еті ветеринарлық-санитарлық сараптаудан өткізіледі және микробиологиялық, биохимиялық зерттеулер жүргізіледі. Ал өнім зиянды болған жағдайда оны утильдеуге жөнелтеді. Ветеринарлық-санитарлық сараптау нәтижесінде бұл жағдайлар анықталса, мал иесі қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Сол себепті «малым ауру емес» деп оның қан-жынын сыртқа төгуге болмайды. Себебі төрт түліктің сырты сау болғанымен оның іш құрылыстарында қауіпті дерттер болатындығын ұмытпаған жөн. Ал ондағы инфекциялар ішек-қарынмен бірге ауаға таралады. Сәйкесінше сол ауамен тыныстаған адамдар да осы ауруды жұқтырып алуы әбден ықтимал, – дейді мал дәрігері.
Әрине, маманның қауіпі орынсыз дей алмайсың. Себебі былтыр Талас ауданындағы бір тұрғын үй ауласында ауру мал сойылып, тұтас ауыл карантинге жабылған болатын. Соңы мамандар мал етін тұтынған немесе байланысқа түскен адамдардың барлығынан сынама алып, эпидемиологтардың көмегімен індеттің бетін қайтарған еді. Беті аулақ, алайда дәл осындай жағдай облыс орталығында қайталанса, онда ауруды ауыздықтай аламыз деп айту қиын. Сондықтан жауаптылар Таластағы жағдайдан сабақ шығарып, қасапханаларды түгелдей тексеріп шығуы керек. «Әкесі» мен «Жәкесі» барлардан да сескенбей, мамандар бұл мәселеде батылдық танытса ғана қауіптің беті сейіледі. Бәлкім зерделеу жұмыстарына прокуратура мен құқық қорғау органдардың өкілдерін де жұмылдырған жөн шығар. Сол кезде көкесі барларды да бір сабасына түсіруге мүмкіндік туады. Егер бұл мәселеге қазір жіті көңіл бөлмесек, ертең бармақ тістеп қалуымыз мүмкін екенін жауаптылар ұмытпаса екен дейміз...
Саятхан САТЫЛҒАН,
Жамбыл облысы