Батыс музыкасын тыңдап, мәдениетін бойға сіңіріп жатқан жастар бар дейміз-ақ, бірақ қазір кез келген жанрдағы әндер қазақ тілінде де айтылып, өзге елдің сахнасында шырқалып жүр. Бұл – қазақстандық музыка өнеріндегі экспорттың көрінісі болса, қазақ қоғамында шетелден енген субмәдениеттің жағдайы қандай?
«Заманына қарай адамы» демекші, жастар талғамындағы қазақ әндері аз емес. Қазақ тілінде жастардың жүрегін жаулап алған топ әндердің үлкен артықшылығы бар. Ол артықшылық – шетелдік әннің аудиториясын толтырғанша, әншілерін ығыстырып, отандық топқа назар аударту. Бүгінге дейін заманауи әндерге түрлі сын айтылып, оның мазмұндық жағының кемшін тұстарын баса айтқан пікірлер қаптап кеткен болатын. Ал қазір жастар музыкасының қарқыны дүйім жұрттың назарын өзіне қаратып отыр. Өнер адамдарының айтуынша, қазақ тілінде кез келген жанрда айтатын әншілерді, әндерді табуға болады. Ести қалсаң, естеліктерді еске түсіретін, мәні мен сәні жарасқан әндер өткеннің еншісінде қалмай, қазір қайта жаңғырып, жаңа образбен шығып жатыр. Тыңдарманның да талғамы жоғары, ессіз әнге елікпей, есті әнді іздеп жүріп тыңдайтындар көп. Сауалнама барысында жастардың пікірі бір арнаға тоғысқанын байқадық. Тыңдайтын тақырыптары мен орындаушылары да ұқсас.
«Ең бірінші, әннің әуені мен сөзінің байланысына мән беремін, көңіл күйіме байланысты тыңдаймын. Қазіргі танымал әншілердің әні ұнайды, олар тек заманауи әндер айтып қоймайды, мысалы 15 жыл бұрын «хит» болған «Жоқ, жаным» әнін Калифорния қайтадан хитке айналдырды. Осындай естілігі бар ескі әндердің қайта оралуын жастар да қолдайды. Негізі, жастардың толқыны бірдей болғандықтан, көбіне әуеннің ырғақтарына ғана мән береді деп ойлаймын», – дейді Аян есімді студент.
Жылдың хит әнінің бірі болған «Пуэрто-Рикодағы қызға бас кетеді» қатары, мән берсеңіз, жастар арасында кең тараған «тренд» сөздерден құралған. Міне, өз арасында жиі айтылатын сөзі бар әндерді жастардың «басы кетіп» тыңдайтыны сондықтан. Мәдениеттің күйін күйттеп жүрген музыканттардың еңбегі мен қазіргі поп-индустриямыздың ахуалы аясында өнер саласының мамандарымен әңгімелесіп көрдік.
Мерей СЕМБАЙ,
өнертанушы:
«Таланттарды танытуға маркетинг жетпей тұр»
– Джаз, soul, RB, рэп, блюз, электрон музыка жанрының Қазақстанда дамуы қаншалықты маңызды деген сұрақ туындауы мүмкін. Біріншіден, бұл жанрлар әлемде кеңінен тараған, сондықтан қазақ поп музыкасына жаңа палитралар, дыбыстар, жаңа ырғақтар, стильдер алып келуі мүмкін. Екіншіден, керемет туындылар шығып жатса, Қазақстан әлемге ашық ел ретінде мәдени бейне, дамыған мемлекет деген имидж қалыптасуына, сондай-ақ музыкалық идеялардың халықаралық алмасуына, халықаралық аудиторияның назарын аудартуға ықпал ете алады. Қазақстанда джаз аса қатты дамымаған. Джаз бағытында жұмыс істейтін композитор Әділжан Толықпаевты ғана білемін және ол Jazz and Soul деген топ ашқанын білемін.
Байқағаным, орыстілді рэп боғауыз сөзге толы, ал қазақ рэпінде ондай тенденция аздау. Еңліктің рэп әндерінде, тіпті қазақтың мақал-мәтелдеріне, жазушылардың қанатты сөздеріне сүйену бар. Q-pop-та агрессия жоқ, идеологиясы басқа. Әндерінің тақырыптары экология, күш-жігерлі болу, сөнбеу, тағы сол сияқты.
Қазіргі қазақ музыкасының экспортына жетпей тұрғаны – маркетинг және командалық жұмыс. Орындаушының артында үлкен команда жұмыс істеуі керек, мысалы американдық The Weekеnd-дің командасында продюсер, менеджерлер, агенттер, стилист, визажист, PR–менеджерлер, одан бөлек бейне түсіретін, музыка, мәтін жазатын мамандары бар. Бізде, өкінішке қарай ондай продюсерлік мектептер қалыптаспаған. Оңтүстік Кореяда музыкалық индустрияны қолдау үшін түрлі бағдарламалар қарастырылған. Танымал әртістерге мемлекет тарапынан көмек көрсетіледі, халықаралық фестивальдерге, әлемдік аренадағы имиджін нығайтуға көмектесетін жобаларға қатысуға қаржылық қолдау бар. Елімізде өнерін әлем танып жатқан өнерпаз қазіргі таңда Димаш қана шығар. Басқа да таланттар бар, тек сол танымалдылығын арттыру үшін маркетинг, PR жетпей тұр.
Роман БҰРҚАШ,
өнертанушы:
«Өнер – еркіндік алаңы»
Музыка саласы соңғы уақытта жаңа серпін алды. Біріншіден, ақпараттық технологияның мүмкіндіктері көп. Бойында өнері бар адам өзін-өзі көрсете алатын платформалар көбейді. Өзін таныту көп материалдық шығын талап етпей, бұрынғыдан анағұрлым оңай бола бастаған кезде өнердің түр-түрі дамиды.
Екіншіден, жанрда еркіндік бар. Өнер сыналады, бірақ сынбауы керек. Қазақ жастары өздерін еркін сезінетін бірден-бір алаң – өнер. Қазақ жастарының арасында хитке айналған әндердің болуы да осы еркіндіктің болуынан. Байқасаңыз, орыс мәдениетінен, эстрадасынан гөрі, қазақтың әні – трендте. Бұрын орыс эстрадалары Қазақстанда атақты еді, ал қазір керісінше, қазақ әншілері Ресейде танымал болып келеді. Мәдени тұрғыда олармен тереземіз теңесті деп айтуға болады. Әннің хаосқа, агрессияға толы болуының өзі – стиль. Алғашында рок-н-ролды алып келген Литл Ричард, Элвис Преслидің оғаш әрекеттерін өз заманында халық қабылдай алмаса да, жастар арасында танымалдыққа ие болды. Қазір де солай, қоғамда жастардың стилі бөлек. Сондықтан Q-pop жанрындағы әндердің көп шығуын қолдаймын. Иә, кейде көркемдік мазмұны жағынан арзанқол, сауатсыз жазылған мәтіндер, шұбарланған сөзі бар әндер бар. Ойымша, бұл – қазақ тілінің насихатын жасайтын бағыт. Өнерге еш шектеу қоймасақ, мұндай әндерге талқы көбейіп, қоғамда қазақ тілінің дұрыс насихатталуына әсер етеді.
Жаңа стильдегі әндер шетел сахналарында шырқалып жүр, бірақ Soft-power арқылы, яғни жұмсақ күш ретінде қазақ тілін өнер арқылы өзгелерге әсер ету керек дегенмен өнер адамдары айналыспауы керек. Өнер адамы тек өнерімен, шығармашылығымен айналысса жеткілікті.
Парасат ЫБЫРАЙ,
музыкатанушы, режиссер:
«Қазақ музыкасы – трендте»
Бұрынғы поп жанрындағы үздіктер Қайрат Нұртас, Нұрболат Абдуллин, Төреғали Төреәлі болса, қазіргі үздіктер қатарын Садраддин, Мирас Жүгінісов, Қанай, Калифорния сияқты заманауи әншілер толықтырып отыр. Олардың айтқан әні, стилі эстрада әндерін мүлде өзгертті. Музыка ешқашан бір орында тұрмайды, оның түрлі жанры әртүрлі уақытта шығып отырады. Қазіргі жастар рэп, хип-хоп жанрындағы әндерді көбірек тыңдайды. Бірақ кәдімгі ырғақты әндерді де айта беретін жастар көбейіп кетті ғой. Агрессиясы да бар, романтикасы да бар. Агрессия ол айналамыздағы жағдай болып тұр ғой сонда. Қазіргі жастардың жалпы мінездері сондай. Бірақ біздің қазіргі хип-хопта ешқандай агрессия, мәнсіз дүние жоқ. Q-pop – қазақша поп-музыка деген сөз. Бұл жанр – көбіне жастарға арналған музыка. Қазір Қазақстанды ТМД елдерінің үздігі деп алуға болады. Біз тіпті Ресейден алға қарай шығып кеткен сияқтымыз. Бізге қазір бәрі қарап отыр. Былайша айтқанда, қазақ музыкасы – қазір трендте, тек елде емес, басқа да елдерде.
Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ