Мемлекет басшысы төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жүйесін материалдық-техникалық тұрғыдан жарақтандыру деңгейінің төмендігін сынға алды.
Зілзала кезіндегі қауіпсіздік шараларын түбегейлі қайта қарау қажет – Тоқаев
649
оқылды

Мемлекет басшысы инфрақұрылымдардың халықты эвакуациялауға дайындығына және құлақтандыру жүйесіне қатысты мәселеге ерекше назар аударды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

– Дабыл қосылмады. Бұл дұрыс шешім болды. Әйтпесе, қалада дүрбелең туындайтын еді. Бірақ халықты басқа байланыс арналары арқылы хабардар ету қажет болатын. Құлақтандыру бірнеше негізгі міндетті шешуі керек. Олардың қайсысын бұрын қолдану керектігі қауіп-қатердің ауқымына байланысты. Алайда қолданыстағы алгоритмдерде бұл ескерілмейді. Қатты жер сілкінісі кезінде адамдарды зілзаланың физикалық сипаттамалары мен эпицентрі туралы ақпарат қызықтырмайды. Олар табиғат апатының қаншалықты жойқын екенін онсыз да сезінді. Мұндай сәтте, ең бастысы, тұрғындарды әрі қарай қалай әрекет ету жөніндегі ақпаратпен қамтамасыз ету маңызды. Азаматтар «Үйге оралуға бола ма?», «Қайдан көмек алуға болады?» деген сауалдарға жауап алуы керек. Сондықтан құлақтандыру жүйесін қайта қарап, оны барынша нақты қажеттілікке бейімдеу қажет. Техникалық құралдар ақпараттың әр адамға уақытылы жетуін қамтамасыз етуге тиіс. Бұл жолы SMS-хабарламалар тым кеш келді. Сондай-ақ дүмпу кезінде байбалам салып, жалған ақпарат таратқандар болды. Жұртты әдейі дүрліктірген адамдарды заңға сәйкес жазаға тарту қажет, – деді Президент.

Мемлекет басшысы төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жүйесін материалдық-техникалық тұрғыдан жарақтандыру деңгейінің төмендігін сынға алды. Бұл сейсмикалық мониторинг желісіне де, сондай-ақ құтқарушыларды заманауи құрал-жабдықтармен, техникамен және арнаулы киімдермен қамтамасыз ету ісіне де қатысты.

– Сейсмикалық бақылауды «Ұлттық сейсмологиялық бақылау және зерттеу ғылыми орталығы» ЖШС-на қарасты Алматы, Шымкент қалаларындағы және 12 облыстағы 70 сейсмологиялық станса жүргізеді. Оның алтауы істен шыққан. Мамандардың есебіне сәйкес, бүкіл ел бойынша қосымша 285 сейсмологиялық станса орнату қажет. Жойқын жер сілкінісі кезінде мемлекеттік материалдық резервтің болуы және оның қолжетімділігі айрықша маңызды. Көлік байланысын жедел қалпына келтіру және медициналық көмек ұйымдастыру мүмкіндігі де шешуші рөл атқарады. Әкімдер Төтенше жағдайлар министрлігімен бірлесіп, барлық елді мекеннің осыған қағаз жүзінде емес, іс жүзінде дайын екеніне көз жеткізуге тиіс. Осы жер сілкінісінен сабақ алып, жіберілген олқылықтарды түзету қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент құрылыс барысында сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесі толық шешімін таппай отырғанын айтты. Мемлекет басшысының пікірінше, зілзала кезіндегі қауіпсіздік шараларын түбегейлі қайта қарау қажет.