Не өмір, не өлім

Өмірі ақшасының тиын-тебенін санап, жыланып жүретін Жұрнақ дәріханадан бір дорба дәрі алып, үйіне келді.

– ҮҺ, денем қалтырап, аузым кебірсіп, тұла бойымнан әл кетіп үйге әрең келдім ғой. Жолда өліп қалам ба деп едім, су әкелші, су, – деп әйеліне бишара қаліппен қарады.

– Үйден шыққанда сап-сау едің ғой, – деді 40 жыл отасқан әйелі Күйкентай күйеуінің сәл нәрсеге жыларман болатын мінезін біліп. – Әжептеуір тамақ ішіп кеттің. Әлсіреп әлің құритындай.

– Мені шаршатып әлсіреткен мына бір дорба дәрінің құны. Құдай-ау, жарты қойдың етінің бағасына дәрі алып келдім. Удай-ау, удай! Қымбаттап кетіпті. Алмайын десең, өліп бара жатсың ауырып, алайын десең, күллі ақша осы дәріге жұмсалады.

– Сен де қызықсың! Осы дәріні дәрігерлер айтса ала беретінің не? Дәріні ішпесең өлетіндей ауруыңды байқап жүрген жоқпын. Іше бересің, іше бересің не болса соны. Телебізірде жарнамалап нені айтса, соны аласың?

– Оу, сақтансаң сақтаймын деген Құдай да. Айналаның бәрі біртүрлі аурулар. Бұрын Ковид деп еді. Енді оның басқа түрі дейді. Тұмау сияқты денені әлсіретеді дейді. Мұрынды бітеп тастайды екен. Көзден жас ағызады. Әлсіретеді дейді. Жаңа өлейін деп келген жоқпын ба? Асқазаным ол да дұрыс емес сияқты. Бұрын шұжық жегенде ауырмайтын. Қазір ауырады. Шөлдеймін, таңдайым кеуіп.

 – Ау, шұжықта тұз көп. Шөлдетпей қайтеді ол. Ет тағамдарын байқап жеу керек десем болмайсың.

Жұрнаққа әйелі алара қарады.

Жұрнақ өте сақ. Дәріханадан әкелген дәрілерді лупамен асықпай оқып алады. Қалай ішу керек, дәрілермен әркеттесуі қандай әсер береді. Ұзындығы екі метрге жететін дәрілік нұсқауларды ерінбей бір күн оқиды.

Сол нұсқауды қалт жібермей қабыл­дайды. Дәріні қабылдауды ұмытпау үшін сағатына қоңырау қояды. Қоңырау шырылдағанда екінші рет қабылдауды бастайды. Бұл жағынан өте пысық. Соны білетін әйелі Күйкентай бір дорба дәріні екі күн оқитын болды ғой деп қасынан кетіп қалған. Бір уақытта Жұрнақтың:

– Ойбай, қатын обай! Ойбай-ай! Ойбай! Әкеңнің аузын мына фармацев­терді қайтсем екен, ә?! – деген жан дауысы шықты.

Күйкентай жетіп келді.

– Не болды сонша, қатындарша ойбайлап? – деді бірден.

– Міне, мынаң қара! Оқышы, былай деп ескертіпті.

– «Бұл дәріні ішсең, өзіңе қол жұмсауың, суицидтік мінез-құлық пайда болуы мүмкін» депті. Бекер алыппын мен. Құдай-ай, бақандай 5 мыңның дәрісі бұл. Енді не істедім? Оқыш, міне оқыш мына жерде сана шатасады дегені тағы бар. «Депрессиялық синдром пайда болады» депті.

 – Қандай дәрі алғаның сатып, көрсетші маған? – деп әйелі қасына жақындады.

– Гептрал деген дәрі. Саудалық атауы да сондай.

 – Мұны неге алдың?

 – Ау, асқазаным біртүрлі болып жүрген соң алған жоқпын ба?

 – Дәрігерге барған жоқсың. Көрінген жоқсың. Олар саған бұл дәріне іш деп айтқан жоқ, неге сатып аласың?

– Телебізірде осы дәріні дәріптеп күнде беріп жатқан жоқ па?

 – Ендеше іш! – деді әйелі ашуланып.

 – Әй, сен менің өлгенімді қалап тұрсың ғой. Өзіне өзі қол жұмсап өлді де қалды деп қуанып сен отырасың. Мен өлем де қалам. Саған осы керек пе?

 – Мен әкеліп берген жоқпын, өзің барып алдың ғой. Маған неге айқай­лайсың?

– Мына дәріні удай ақшаға сатып алған не істеймін деп тұрға­ным жоқ па?

– Ендеше лақтыр далаға! Ішпе! Тағы қандай дәрі алдың? Оны да дәрігердің нұсқауынсыз алдың ба? – деп, әйелі дорбадағы дәрілерге қолын созып елі, Жұрнақ дереу дорбаны өзіне тартып алды.

Артынша Жұрнақ тағы айқайға басты.

– Әй қатын бері кел! Менің көзім көрмей қалды. Бағана көзге құйған дә­рімнен бірнәрсе болды. Әжептеуір оқып отырған көзім қарауытып, түк көрмей қал­ды. Риболизин деген көзге құятын дәрінің нұсқаулығын оқып көрші.

– Оны қайдан табам?

– Міне, мына екінші дорбада жатқан сияқты еді қара.

Әйелі ұзақ қарады. Күйеуінің дорба-дорба дәрісінен табылды-ау әйтеуір.

– Дәнеңе жоқ. Ешқандай қауіпті ешнәрсе жазылмаған. Көзіңді жұмып демал. Сосын кетеді, – деді Жұрнақты өтірік жұбатып.

 Көзі көрмей қалған Жұрнақтың көзі бірден ашылып сала берді.

 – Ойпырым-ай, қазіргі дәрілер бір ғана ауру түріне ем де, қалған 99 пайызының қарсы көрсетілімдері бар. Осындай дәріні неге шығарады екен, ә? Ешқандай бақылау жоқ, фармацияда. Ертең депутаттарға арыз жазамын. Бұл мәселені дұрыстап қолға алуы керек. Денсаулық министрлігі де ешнәрсе бітірмейді, – деп күңкілдеп жатты Жұрнақ.

– Ия. дұрыстай ғой, сенің арыз-шағымың керек еді оларға. Бұл дәрі деген – бизнес. Не өмір, не өлім. Түзете алмайсың! – деп әйелі Күйкентай күңкілдеп екінші жаққа кетті.

Өріс ЯШҮКІРҚЫЗЫ