Oксфордта қазақ сөздігі таныстырылды

Ұлыбританиядағы Oxford University ғимаратында тұңғыш рет қазақ-ағылшын және ағылшын-қазақ тіліне аударылған Oxford Qazaq Dictionary сөздігінің халықаралық деңгейдегі таныстырылымы өтті.

Oxford Qazaq Dictionary – Oxford Languages желісі мен халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының бірлескен лексикалық жобасы. Сөздікті дайындау барысында дүниежүзіне танымал Oxford екі тілді сөздігін құрастыру әдістемесі мен технологиясы негізге алынды. Сөздік Oxford University Press баспасының ресми рұқсатымен 10 мың дана таралыммен басылды. Жалпы, 1 300 беттен тұратын сөздікте 60 мыңнан аса сөз қамтылған.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы дайындаған аталмыш сөздікті құрастыру жұмысы төрт жыл жүрді, оған қазақ және ағылшын тілінің лексикасына маманданған 50-ден аса тәжірибелі сарапшы атсалысты. 

Жобаны жетілдіруге Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының мамандары қатысып, сөздік институт ғылыми кеңесінің сараптамасынан өтті. Сөздік құрастыру аясында қазақ және ағылшын тілі лексикасындағы өзгерістер, әсіресе қазіргі мәдениет, ақпараттық технологиялар, медицина, экономика, қаржы мен сауда саласындағы жаңалықтар ескерілді. Сондай-ақ сөздікте ағылшын және қазақ тілдерінің грамматикасы мен дыбыстау, емле ережелері түсіндірілетін қысқаша нұсқаулықтар, қазақ тіліндегі іскерлік және электронды хат-хабар жазу үлгілері берілді. 

«Бұл сөздік тіліміздің халықаралық қолданыс аясын кеңейтіп, түрлі саладағы терминдік түсініктердің мемлекеттік тілде қалыптасуына ықпал етеді. Өздеріңізге белгілі, Рауан Кенжеханұлының жетекшілігімен «100 кітап» жобасы аясында әлемдік үлкен еңбектерді қазақ тіліне аударды. Олар бүгінде жоғары оқу орындарында кеңінен пайдаланылуда. Бұл сөздік те сондай мағыналы еңбектің бірі болады деп пайымдаймын», – деп атап өтті сенатор Нұртөре Жүсіп.

Сондай-ақ осы сөздік негізінде қазақ тілі Oxford Global Languages платформасына қосылады. Бұл бастаманың мақсаты – әлемнің ірі де, іргелі 100 тілінің лексикалық қорын өзара байланыстырып, ортақ ғаламдық тіл корпусын жасақтау. Oxford Qazaq Dictionary қазақ тілін әлемдегі танымал әрі беделді сөздіктер желісімен байланыстырып, ғаламдық лингвистикалық ортаға қосылуға мүмкіндік береді. 

Таңат АЯПОВА,

филология ғылымдарының докторы, профессор:

– Oxford Qazaq Dictionary сөздігі дайын болып, қолымызға тиген соң маман ретінде сыни қарауға тырыстық. Сапалы, мазмұнды еңбек болды деп ауыз толтырып айта аламын. Тәжірибелі тіл маманы ретінде айтарым, шет тіл үйренемін дейтін қазақы орта, қазақ баласы үшін сүбелі сыйлық болды. Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетіндегі доцент Жанна Тұтбаева, PhD доктор Жұлдыз Құрманбаева және басқа да білікті шәкірттерімнен құралған ұжым болып ағылшын-қазақ бөлімін дайындадық. 2,5 жылға созылған жұмыс барысында ұдайы пікірталастар, күнделікті талқылаулар болды. Қазақ тілінің сөздік қоры өте бай. Ағылшынның бір сөзіне бізде бірнеше балама бар. Сондықтан аударма кезіндегі қиындықтардың бірі қазақша нұсқасын сәтті беру еді. Ағылшын сөзін қазақ тіліне емес, қазақи санаға лайық аудару керек болды. Әрбір сөз­дің мәніне үңіліп, қолданыс зерделеуге тырыстық. Мәселен, ағылшын тілінде I told you fifty times дейтін сөз тіркес бар. Оны біз «Мен саған жүз рет айттым» деп қа­зақшаладық. Тура мағынасында «50 рет» деп тұр, әйтсе де, біздің сөз қол­даны­сымызда бұл ұғым «100 рет», «1000 рет» деген сандармен түсінікті болады. Осын­дай мысал көп. Бұдан өзге, техникалық терминдерді қазақшалау кезінде де қиындықтар болды. Өйткені көбіне-көп терминің қазақша нұсқасы жоқ. Орыс тіліне түпнұсқамен берілген де, біз сол орысшасымен айтып жүреміз. Осы тұста біршама пікір таластық. Ағылшын және әлем тілдеріндегі терминдерді сол қалпында ұсындық. Жалпы, сөздік төрт жылдай дайындалды, бұл – ұзақ мерзім емес, тиісті уақыты. Өйткені аударма ісі, оның ішінде сөздік құрастыру жұмысы асқан жауапкершілікті талап етеді. Oxford Qazaq Dictionary өзінің сауатты, сапалы межесіне жетті деп есептеймін. 

Зәуреш БАШБАЕВА, 

Oxford Qazaq Dictionary сөздігінің редакторы:

– Oxford Qazaq Dictionary –  елімізде сөздік құрастыру ісінде тұңғыш рет дайындалған ауқымды жоба. Сөздік тіл мамандары үшін ғана емес, жалпы қазақ және ағылшын тілін үйренуге ынталы кез келген оқырман үшін пайдалы еңбек десек болады. Жалпы, сөздік баспаға даярлау барысында  тәжірибелі және жас аудармашылар, құрастырушылар, ағылшын және қазақ тілі мамандары-редакторлар қоян-қолтық жұмыс істеді. Ал аударма ісінде қиындықтар кездесетіні сөзсіз. Өйткені ағылшын тіліне жетік аудармашының қазақ тілін жетік білмеуі немесе керісінше болуы да мүмкін. Редакторлар аударманың жатық болуына күш салды. Сөздік құрылымы бойынша әрбір сөздің аудармасына сөз тіркесінен және тұрақты сөз тіркестерінен сөйлемдер келтіріліп, күнделікті өмірде әртүрлі әлеуметтік топ арасында қолданылатын практикалық мысалдармен, қаратпа, қыстырма, одағай сөздермен, мақал-мәтелдермен,  тағы басқа сөздермен толықтырылған. 60 мыңға жуық сөз қамтылған мұндай көлемді сөздіктің жалпы тіл мамандарына қажет құрал ретінде ғана емес, тіл үйренушілердің тілді оңай үйренуіне көмегі тиетін еңбек ретінде де маңызы зор.

Асыл ТҰМАР