Қазақ – қырғыз дауы Женеваға жетті
Қазақ – қырғыз дауы Женеваға жетті
259
оқылды
Женевадағы Дүниежүзілік сауда ұйымы Бас кеңесінің отырысында Қырғыз Респуб­ликасының өтініші бойынша қазақ-қырғыз шекарасындағы жағдай талқыланды. Қазақстан­ның БҰҰ жанындағы және өзге де халықаралық ұйымдардың Женевадағы Тұрақты өкілі Жанар Айтжанова қырғыз елінің шағымын негізсіз деп атады. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі хабарлады. Қырғыз Республикасының өкілдері Қазақстан Республикасы ДСҰ келісімдерінің кейбір ере­желерін бұзды деп наразылық біл­дірген. Айырқалпақты ағайынның айтуынша, шекарадағы жағдайдан соң қырғыз экономикасының көрсеткіші нашарлаған көрінеді. Жанар Айтжанова қырғыз тарапына Еуразия экономикалық одағы туралы шартқа сәйкес, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің аумағы арасында кедендік декла­рациялау мен мемлекеттік бақы­лауды, соның ішінде кедендік, көліктік, ветеринарлық және сани­тарлық бақылауды қолданбастан тауарлардың еркін өткізілетінін айтты. Демек, Қырғыз Республи­ка­сынан Қазақстанға келетін, оның ішінде Қазақстан аумағы арқылы транзитпен өтетін бар­лық тауар кедендік бақылау тала­бынан босатылған. Осыған бай­ланысты Қырғыз Республикасы көтерген мәселелер тек ЕАЭО заң­намасының құқық қолдану прак­тикасымен ғана байланысты және осы ұйымның алаңында талқылануы тиіс. Сондай-ақ елші Жанар Айтжанова Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше мемлекеттердің назарын Қырғызстандағы кеден­дік әкімшілендірудің нашар­лы­ғына байланысты жүйелік проб­ле­маларға тап болатынына аударды. Бұл ЕАЭО мүше мемлекеттерінің жалпы бюджетіне түсетін кедендік баж салығының толық алынбауына әсер ететінін тілге тиек етті. «2019 жылдың өзінде Қырғыз Республикасы Қазақстанның жал­ған резиденттеріне тауар әке­лудің 2,6 мыңнан астам оқиғасы анықталды. Сондай-ақ Ресей Федерациясының аумағына қыр­ғыз тауарларын «жалған транзитті» жүзеге асырудың 4,8 мыңнан ас­там оқиғасы анықталды, ол тауар­лар ұлттық бюджетке жанама салықтарды (ҚҚС) төлемей Қа­зақстан нарығында сатылды», – деді елші. Қазақстан қабылдаған шаралар салықтық әкімшілендіруді және ел бюджетіне ҚҚС түсімдерінің толықтығын қамтамасыз етуге ба­­ғыт­талған. Сонымен қатар бұл ша­ралар ішкі жүк тасымалдау­шы­ларға, ЕАЭО мүше мемлекеттерінің және үшінші елдердің жүк тасы­мал­даушыларына бірдей қолда­ны­лады. Қазақстан елшісі сөзін қорыта келе Қырғыз Республикасын ДСҰ мен ЕАЭО-ға кіру кезінде алған міндеттемесін толық орындауға, сондай-ақ өз серіктестерінің ұлт­­тық заңнамасын сақтауға ша­қырды. Сауда және интеграция ми­нистр­лігінің дерегінше, егер қыр­ғыз тарапы Қазақстанмен сотта­сатын болса, ДСҰ алаңындағы сот процесі аясында өзінің мүддесі мен құқықтық шараларын қорғауға дайын екенін мәлімдеді. Ал Мемлекеттік кірістер ко­ми­тетінің дерегіне сүйенсек, был­­тыр бірқатар салықтық және ке­ден­дік заңбұзушылық болған. Қа­зақстан аумағына кірген 72 мың автокөлік ЕАЭО талабына сәйкес импорт тауарлар үшін қосымша құн салығын төлемеген. Атап айт­қанда, 10,3 мың автокөліктің тауарлық-транспорттық ілеспе құжаты Қазақстандағы жалған тұлғаларға рәсімделген. Оның ішіндегі 2,6 мың автокөлік Қырғыз Республикасына тиесілі. 51 мың автокөлік іздестіріліп жатыр. Олар да тауарлық-транс­порттық ілеспе құжатты Қа­зақстан­дағы жалған тұлғаларға рәсім­деуі мүмкін деген қауіп бар. ЕАЭО елдерінің ішінде автокөлік құралының жалған бағыт бойынша қозғалғаны жөнінде 11 мың дерек тіркелді. Оның ішінде 4,8 мың көлік Қырғызстан Республикасына тиесілі екені анықталған. Мұндай заңбұзушылықтар алдағы уақытта болмауы үшін Қазақстан мен Қырғыз Респуб­ли­касының Үкімет мүшелері ара­сында бірнеше мәрте екіжақты кездесу өткізілген. Алайда кедендік және салықтық заңбұзушылықтар бүгінгі күнге дейін жалғасып ке­леді. Мысалы, қырғыз елінің мем­ле­кеттік салық қызметінің дерегі бойын­ша, 2019 жылдың қыр­күйегін­де Қазақстан аумағына 18 млрд теңгенің тауары экспорт­талған. Алайда тауарды кіргізу мен жанама салық төлеу бары­сында ол сома 186 млрд тең­гені құрағаны белгілі болды. Ұсы­ныл­ған ақпарат арасындағы айырма­шылық 10 есе! Ал қырғыз елінің мемлекеттік кеден қызметі 2019 жылы Қырғыз Республикасы аумағына Қытайдан 75 мың тонна халық тұтынатын тауарлар кіргізілген деген дерек ұсынған. Алайда Қазақстан мен Ресей аумағына 149 мың тонна тауар экспортталған. Осылайша, импортталған тауар көлемінде екі есе айырмашылық бар екені белгілі болды. Былтыр Қазақстанда пилоттық жоба негізінде енгізілген навига­ция­лық пломбалар автокө­лік құ­ралдарының тауарлық-транс­порт­тық ілеспе құжатта көр­­сетіл­ген бағыттан өзге аумаққа қаты­на­ғанын анықтаған 11 дерек тіркелді. Құжатта Қырғыз Республикасынан Ресейге өтеді деген тауарлар Қа­зақстан аумағында қалып қойған. 29 көліктің жүргізушісі нави­гациялық пломбалар ілінгеннен кейін әрі қарай жол жүруден бас тартқан. Ал Қырғызстанда нави­га­циялық пломбаларды енгізу тоқтап тұр.    width=Халима БҰҚАРҚЫЗЫ