ҰБТ тапсыратындар тестілеу қорытындысымен келіспеген жағдайда бірден апелляцияға бере алады.
Қаңтар айындағы ҰБТ: апелляцияға қашан және қалай өтініш береді?
1,031
оқылды

Ұлттық тестілеу орталығының ақпаратынша, ҰБТ-ны электронды форматқа ауыстырғаннан кейін емтихан нәтижесін бірден көру мүмкіндігі пайда болды. Жиналған ұпайлар экранда көрсетіледі, бұл талапкерлерге өз нәтижелерін бағалауға мүмкіндік береді, деп хабарлайды Aikyn.kz.

Талапкерлер тест нәтижелеріне сұрақтардың мазмұны бойынша да, техникалық себептер бойынша да апелляцияға бере алады.

Сұрақтардың мазмұны бойынша апелляция тестілеу аяқталғаннан кейінгі алғашқы 30 минутта беріледі және ол дәлелді түсініктемемен негізделуі керек.

Егер тестіленуші тапсырмада дұрыс жауапты табуға кедергі келтіретін фрагменттің (мәтін, схема, сызба, кесте) жоқтығын анықтаса, техникалық себептер бойынша апелляцияға бере алады.

"Апелляцияны тек қызық көріп немесе қосымша ұпайға үміттеніп, тиісті негіздемесіз беруге болмайды. Ол сұрақтардың немесе жауаптардың сәйкес келмеуі, сондай-ақ техникалық себептер бойынша ғана берілуі керек. Апелляциялық сұрақтардың барлығын Республикалық апелляциялық комиссия 30 жұмыс күні ішінде қарайды",  деп мәлімдеді ҒЖБМ Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев.

Сертификат апелляциялық шағым туралы шешім қабылданғаннан кейін тестіленушінің жеке кабинетінде қолжетімді болады.