Халықаралық арбитраж десе есімізге бірден Стати түсетіні рас. Өйткені бар танитынымыз сол. Құдды бір одан басқа ешқандай инвестормен соттасып жатқан жоқ секілдіміз.
Халықаралық арбитраж: титықтату ма, татуласу ма?
617
оқылды

Ал шындығында Қазақстанды қып-қызыл шығынға батырып отырған ондай сот көп. Тек бұл ақпараттың бәрі осы уақытқа дейін қатаң түрде құпия ұсталып келді. Әділет министрлігінде таяуда өткен халықаралық практикалық онлайн конференцияда осы мәселелер сөз болды. 

Ақпарат неге құпия?

Сонымен Стати... Молдаван биз­несмені Анатол мен ұлы Габриэль екеуі Қазақстанға қарсы Швецияның арбитраж сотына 2010 жылы талап-арыз берген екен. Ресми себеп – Қазақстан тарапы инвестицияны қорғау туралы келісімді сақтамаған, яки халықаралық міндеттемелерін бұзған. Сұрап отырған­дары – 4 миллиард АҚШ доллары. Ол енді аз ақша емес. Сонымен соттаса кет­кенімізге де 14 жыл болыпты. Бірде ұтып, бірде жеңіліп, әйтеуір итжығыспен созылып келеді. Бейне бір халықаралық арбитраж дегеніміз титықтату тактикасына құрылатын сияқты. Не берілу жоқ, не татуласу жоқ, ал ең бастысы жеңіс те жоқ. Осы реттен алғанда еліміздің Лакши Митталды елден қуып шыққанда не үшін бірінші кезекте ымыра іздегенін түсінуге болатын секілді. Ал негізі расында да солай. Мұндағы бірінші кезектегі мақсат – ақша шашу, яки неғұрлым көп қаржы шығындау деген тұжырымды теріске шығаруға болмайды. Жеңсең де, жеңілсең де сол.

Міне, ел бюджетінен арбитражға деп бөлінетін осы ақшаның бәрін Қазақстан өз заңгерлеріміздің білім-білігі жете тұра тек шетелдік заң фирмалары мен соттарға төлеп келеді. Оның қанша сома екені тағы құпия. Ашық ақпарат көздерінен бар мәліметтердің басын құрап, саралап көрген мамандар еліміз өз мүддесін қорғау үшін жыл сайын 15-21 миллиард теңге аралығында қаржы жұмсап келгенін анықтаған. Осылайша, соңғы бес жылда, нақтырақ 2019-2023 жылдары халықаралық соттар мен арбитражға ел қазынасынан шамамен 93 миллиард теңге немесе 200 миллион АҚШ доллары төңірегінде шығын кеткен. Ал 1994 жылдан бері инвестицияны қорғау жөніндегі келісімдер бойынша даулардың анықталған жалпы саны – 1257. Десе де бұлар болжамды цифр­лар ғана. Шынтуайтында одан да көп, бұл енді айтпаса да түсінікті жайт.

Статиға қайта оралар болсақ, олар 2013 жылы 506 миллион долларға оң шешім алыпты. Оның $199 миллионы Маңғыстаудағы Боранқұл газ өңдеу зауытына жұмсаған қаражатына қатысты. Одан кейінгі Ұлттық қормен, KMG Kashagan B.V акцияларымен байланысты болған кикілжіңдер тағы бар. Егер олар жеңер болса, онда 4 миллиард доллардың қамыты біздің мойынға киілмек. Тіпті, осы күнгі сыртқы қарызымыз боп есептеліп жүрген соманың ішінде осындай талап-арыздардың шығындары да жүр-ау деген күдік те жоқ емес. Өйткені нақты ақпарат жоқ. Сол уақыттан бері бұл дауға шетелдік заңгерлерді жалдау үшін қанша қаржы жұмсалғаны, тағы, белгісіз. Белгілісі олардың өте қымбат тұратыны және өтемі беймәлім осынау қыруар қаражаттың сіз бен біздің салығымыздан кетіп жатқаны. Мысалға айтсақ, Лондонда отырған заңгердің 1 сағаты 500-600 фунт тұрады. Бірақ кешегі өткен жиыннан соң мұндағы ақпараттар бас-аяғы жинақталып, көпшілік назарына ұсынып қалуы ықтимал-ау деген бір үміт жылт етті.

Сең қозғалды ма?

Сонымен алғаш рет Әділет минисрлігі бұл тақырыпты ашық талқылауға шығарды. Министр Азамат Есқараевтың төрағалығымен осы сәрсенбіде ел Үкі­­­метінің мүдделерін шетелде білдіру және қорғау мәселелеріне арналған тұңғыш халықаралық практикалық онлайн конференция өтті. Жиынға спикер ретінде Latham & Watkins; Sayat Zholshy & Partners; Tukulov, Kassilgov, Shaikenov Disputes; Curtis, Mallet-Prevost, Colt & Mosle, White & Case сынды мүйізі қарағайдай дүниежүзілік және қазақстандық заң фирмаларының өкілдері қатысты. Солардың бірі – White & Case Қазақстан заң фирмасының кеңесшісі Павел Булатов. Халықаралық дауларды шешудегі мемлекет пен заң консультанттары арасындағы өзара іс-әрекетті әлемдік тәжірибеден алып түсіндірген ол соны Қазақстанда қалай жүзеге асыруға болатынын айтып берді.

«Мұнда негізінен үш модель бар. Олар – мамандандырылған тәсіл, ведомствоаралық комиссия және аралас әдіс. Алғашқысында бұл жұмыстарды бір мемлекеттік органның мамандандырылған департаменті немесе бөлімшесі атқарады. Мәселен, Әділет министрлігі, Бас прокуратура немесе Сыртқы істер минитсрлігі. АҚШ-та Мемлекеттік департамент жанындағы Құқықтық мәселелер жөніндегі басқарма бар, Канадада Сырт­қы істер және халықаралық сауда министрлігінің Сауда құқы жөніндегі бюро жұмыс істейді, Қырғызстанда Әділет министрлігінің жанынан Сот өкілеттігінің орталығы деген тұтастай орган құрылған. Екіншісінде, арбитражбен Солтүстік Македония, Коста-Рика, Чили, Перу, Черногория сынды мемлекеттердегі сияқты тұрақты комиссия айналысады. Ал үшіншісіне мысал – Хорватия, онда екі тәсіл де аралас», – дейді ол.

Оның айтуынша, Халықаралық инвестициялық даулар дегеніміз – халықаралық құқық пен процесстер саласындағы мамандандырылған білімді, ерекше тәжірибені, кадрлық және тағы да басқа да ресурстарды талап ететін күрделі процесс. Сондықтан да жергілікті жерлерде кеңсесі бар халықаралық заң фирмалары ұлттық соттарда керек болса, шетелдік консультанттар шетелдік соттарда дауласу үшін қажет. Ал жергілікті компания­лардың халықаралық арбитраждағы потенциялын арттыра түсу үшін не керек? Оны Curtis, Mallet-Prevost, Colt & Mosle LLP халықаралық заң фирмасының серіктесі Николета Тимофти айтып берді. Оның баяндамасы жаңа бастап жүрген заңгерлер үшін тәлім болғандай екен. Сонымен, бұл салада ең бірінші ағылшын тілін білу керек. Өйткені процесстердің басым бөлігі сол тілде өтеді. Соңғы кезде, тіпті испан тілінде өтетін арбитраждық соттардың қатары артып келеді екен. Одан кейінгі кезекте – халықаралық тәжірибе, кең дүниетаным және даудың мәнін терең талдай білу. 

«Бұл процесстердің ең күрделісі – «Екі тараптың инвестициялық келісімі» (ДИД) деген құжат. Инвесторлар мен мемлекет арасындағы дауды реттеуде осы құжат негізге алынады. Бірақ оған қол қойған кезде оның басым бөлігі нақты емес, яки көмескілеу нұсқада болады. Өйткені болашақты болжау қиын, сондықтан қол қоюшылар оның мерзіміне, созу немесе бұзу уақытына келісе алуы ықтимал, сол сияқты екі тарапқа да қолайлы кейбір жағдаяттарды талқылауы мүмкін. Ал шы­ғын мен салдарды, қолдан сусыған пайданы да алдын ала айқындау қиын. Міне, сот уақытында осы тұстар үлкен дауға ай­­налады», – дейді ол.

Конференцияда көтерілген мәселелердің негізгі бөлігі аталған тақырып бойынша қазақстандық заң фирмаларының әлеуетін пайдалану мүмкіндіктерін талқылауға да бағытталды. Өйткені осы жиында айқындалған мақсат-міндеттерді іске асыру мемлекет мүдделерін қорғауға қабілетті ұлттық кадрлар корпусын қалыптастыруға негіз болмақ. Оған қоса, осы іске отандық заң фирмаларын тарту салық төлеушілердің қаражатының Қазақстан экономикасында қызмет етуіне де септігін тигізбек.

«Әділет министрлігі – шетелдік төреліктерде, мемлекеттік және сот органдарында мемлекеттің мүдделерін қор­ғауды қамтамасыз етуге жауапты орган. Сондықтан, бюджет қаражатын тиімді пайдалану туралы Президент белгілеген бағытты нәтижелі түрде жүзеге асыратын болады. Бұл жиында барлық қатысушыға өз бастамаларын таныстыруға мүмкіндік берілді. Аталған конференцияны жыл сайын өткізу жоспарлануда», – дейді Әділет министрі Азамат Есқараев.

Өз заңгерлеріміз өгей ме?

Ия, осы уақытқа дейін халықаралық арбитражға қатыстырмай өз заңгерлерімізді өгейсітіп келген екенбіз. Әлемнің жетекші мамандары бас қосқан жиында саланы дамыту жайы ғана айтылған жоқ, еліміздің тәуелсіздік тарихында отандық заң фирмаларының ел мүддесін қорғаудан шетқақпай көріп келгені туралы да сөз болды. Tukulov, Kassilgov, Shaikenov Disputes серіктестері осылай деген базынасын жеткізді. Болмаса, кез келген Рим немесе Ағылшын құқы төрелік ететін сотта кәтепті қара нардай алып шығар білікті мамандарымыз аз емес. Солардың бірі халықаралық дәрежедегі заңгер Бақыт Тұқылов – Англия, Кипр, Германия, Ресей, Қытай сынды елдердің талай-талай сот-арбитраж процестеріне сараптамалық ұйғарымдар дайындап, сарапшы, кеңесші ретінде сан мәрте қатысқан, Қазақстанның арбитраж институттарында арбитр болған тәжірибелі маман.

«Халықаралық арбитражда ТМД бойынша Украина елінің заңгерлері мен заң фирмаларының қарасы қалың. Тіпті, Қырғызстан да осы қатарда. Ресей өз алдына бір төбе. Қазақстан болса көп ретте бас кеңселері АҚШ-та және Ұлыбританияда орналасқан халықаралық заң фирмаларын жалдауға құмар. Осылайша, қыруар ақша шетелге кетіп жатыр. Неге? Еліміздің «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңында халықаралық арбитражда Қазақстанның атынан өкілеттік ету қызметі қарастырылмаған. Яки, Әділет министрлігі бұл тұрғыда қандай да бір тендер өткізуі міндетті емес. Заң фирмасын таң­дау туралы талапта да айқындық жоқ. Сондықтан бізге батыл түрде либерализация жасап, қыруар қаржыны елімізде қалдыруға қам жасау керек. Оған біздің қарым-қабілетіміз толық жетеді», – дейді ол.

Оның айтуынша, мұнда қолданылатын негізгі тактиканың бірі – қандай да бір іске заңгерлер армиясын жауып жіберу екен. Мәселен, 3 адам істейтін жұмыс­қа 8 адам жұмылдырылады. Олар істі бү­ге-шігесіне дейін сараптап, кез келген мәселені тапсырыс берушінің пайдасына шешудің жолын ұсынады. Сөйтіп, қос тараптың дәйек-уәждері текетіреске тү­седі. Оның бірін сот қабылдаса, енді бірін қабылдамайды. Осылайша, қажеті жоқ жұмыстар көп істелді. Оны біздің мамандар өздері қатысқан талай арбитражда көріп те жүр. «Жалпы, жұмсалатын қар­­жының 80%-ы бос шығын, ондай қызметті біздің қазақстандық заңгерлер де көрсете алар еді. Сол ақшаны үнемдеп, іс­ке қанық, жағдайды жете түсінетін, жергілікті ерекшеліктермен таныс арзан заңгерлерді қойса да жеткілікті. Ал қалған 20% қаражат сот кезіндегі сөз сөйлеу, пікір таластыру, қорғап шығу жұмыстарына кететін шығындар. Бірақ соттың титықтату немесе татуласуымен аяқталмасына кепіл жоқ», – дейді олар. Түйіндей келгенде, міндетті түрде жеңіске жету үшін халықаралық белді фирмалардың көмегіне жүгіну шарт емес екенін уақыт көрсетіп отыр. Отандық заңгерлерді де өгейсітпегеніміз ләзім. Ал түрлі себепке байланысты күні бүгін де кейбір инвес­­тор­лардың арбитражға жүгінуге шақ отыр­ғанын ескерсек, осындай шешім қабылдаудың қазір дер уақыты. Бұл бір жа­ғы еліміздің әділет саласындағы импорталмастыру мәселесін де шешер еді.

Нұрлан ҚОСАЙ