Елімізде экологиялық талаптарды орындамаған 31 кәсіпорынның қызметі соттың күшімен тоқтатылды. Былтыр экологиялық заңнаманың сақталуын бұзған 1,6 мың іс анықталыпты. Бұл мәліметтер 23 қаңтарда өткен Үкіметтің кезекті отырысында айтылды.
Ауаны ластаушы алпауыттар қатаң жазаланады
673
оқылды

Премьер-Министр  Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен жиында кәсіпорындарда экологиялық талаптарды сақтау мәселелері қаралды. Аталған тақырып бойынша баяндама жасаған Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың сөзінше, негізгі экологиялық проблемаларға – ауаның, судың ластануы және қалдықтардың көбеюі жатады. «Экологиялық заңнаманың сақталуын бақылау мақсатында инспекциялық қызмет 2023 жылы 652 тексеру жүргізді. Тексеру нәтижелері бойынша 1 679 бұзушылық анықталды, оларды жою туралы 628 ұйғарым берілді. Жалпы, көлемі 322,9 млрд теңгеге 2 138 әкімшілік айыппұл салынды, оның ішінде 11,3 млрд теңге мөлшерінде 1 834 айыппұл өндірілді. Қалған 311,6 млрд теңге көлеміндегі 304 айыппұлды өндіру жұмыстары жүргізілуде», – деді Е.Нысанбаев.

Бұған дейін Экология және табиғи ресурстар министрлігі экобелсенділермен, Жергілікті атқарушы органдармен және табиғат пайдаланушылармен бірлесіп өңірлердегі экология проблемасын кешенді түрде шешудің 18 жол картасын әзірлеген болатын. Ол бойынша 2020-2023 жылдарға 336 іс-шараны атқару көзделген. Алайда оның 205-і, яғни 61%-ға орындалыпты.

Былтыр жол картасын орындау көрсеткіші бойынша артта қалған өңірлердің қатарында Маңғыстау, Павлодар, Ақмола және Ұлытау облыстары бар. Бұл өңірлерде іс-шаралардың орындалу үлесі 50%-дан төмен. 

Министр мәлімдегендей, алдағы уақытта кәсіпорындардың барлық дерегі «Қоршаған орта мен табиғи ресурстардың жай-күйі туралы Ұлттық деректер банкі» ақпараттық жүйесінде жинақталатын болады. «Жүйені осы жылдың соңына дейін орнатуға міндетті барлығы 91 кәсіпорын анықталды. Бүгінде 39 кәсіпорын автоматтандырылған мониторинг жүйесін орнатты, оның тоғызы деректерді беруде. Биылдан бастап Экология және табиғи ресурстар министрлігі мемлекеттік экологиялық бақылауды жүргізу кезінде мониторингтің автоматтандырылған жүйелерін орнату және деректерін беру мәселесіне назар аударатын болады, заңнама талаптары орындалмаған жағдайда әкімшілік сипаттағы шаралар қолданылатын болады», – деді Ерлан Нысанбаев.

Дегенмен әлі шешілмеген өзекті мәселелер бар. Үкімет басшысының айтуынша, атмосфераның ғана емес, су ресурстарының да ластану фактілері болып отыр. «Кейбір кәсіпорындар өзендер мен көлдерге қалдықтарды рұқсатсыз төгіп жатыр. Компания­лардың осындай заңсыз әрекеттеріне халықтан түсетін шағым көп. Су ең құнды ресурс, біз оны қорғауға міндеттіміз», – деп түйіндеді сөзін Ә.Смайылов.

ҚОСЫМША ҮСТЕМЕАҚЫ ҚАРАСТЫРЫЛУЫ КЕРЕК

Ластаушы заттарды экологиялық рұқсатсыз тастағаны үшін ең үлкен өндірілген айыппұл мұнай-газ өндірісіндегі алпауыт компанияларға тиесілі. Министр келтірген дерекке сүйенсек, Karabatan Utility Solutions ЖШС – 7,2 млрд теңге айыппұл салынса, «Теңізшевройл» ЖШС – 2,8 млрд теңге төлеген.

Айта кетейік, бұл екі ірі компанияда да Атырау облысының мұнай-газ өндірісінде жұмыс істеп жатыр. Өңірде өндіріс көлемі артқан сайын экологиялық ахуал да асқына түскен. 24 қаңтар күні Парламент Мә­жілісінің депутаты, «AMANAT» фракциясының мүшесі Әділ Жұбанов осы мәселені Премьер-Министр Әлихан Смайыловқа жолдаған депутаттық сауалында көтерді. «Мәселен, 2022 жылдың қорытындысы бо­йынша өңіріміздің атмосферасына 131 млн тонна улы, ластаушы қалдықтар шығарылды. Бұған дәлел, өңірдің медициналық ахуалы және облыс тұрғындары денсаулығының нашар хәлде екені айғақ. Мысалы, Атырауда онкологиялық науқастар мен нәресте өлімі­нің көрсеткіші республикалық есептен шамамен 28-30 пайызға жоғары. Бұл – қауіпті көрсеткіш», – деп атап өтті депутатттық сауа­лында Ә.Жұбанов.

Ресми дерекке сүйенсек, Атырау облысында онкологиялық сырқатпен ауыратындар саны көбейген. Қазіргі күні өңірде есепте 5 мыңның үстінде науқас тіркеуде тұр. Олардың ішінде негізінен өкпе обыры, сүт безі обыры, асқазан обыры секілді түрлері жиі кездеседі. 

Үкімет басшысының атына жолдаған депутаттық сауалында мәжілісмен атыраулықтарға экологиялық зардап үшін өтемақы төлеуді ұсынды. «Атырауды экологиялық дағдарыс аймағы деп танып, заңдық негізде экологиялық өтемақыларды енгізуіміз керек. Оған дейін, жоғарыда аталған нақты мысалдарды, сондай-ақ халықтың денсаулық көрсет­­кіштерінің өте нашар екенін ескере келе, жақын арада жергілікті бюджет есебінен атыраулық тұрғындарға – кемінде 50 пайыздық экологиялық үстемақы төлеуді енгізуі керек», – делінген депутаттық сауалда.

Мәжіліс депутатының пікірін жергілікті экобелсенді, Атырау облыстық мәслихатының депутаты Арман Хайруллин де құптап отыр. «Облысымызда жұмыс істеп жатқан 1 санаттағы кәсіпорынның саны 140-тан астам, яғни ең үлкен өндірісті аймақ екеніне дәлел. Оның көбі мұнай-газ секторында жұмыс істейді. Олардың қоғам алдындағы қызметінің ашықтығы өте аз. Жергілікті белсенділер сұрақ жолдасақ, келісімшарт құпия, ашуға жатпайды деген жауап аламыз. Алпауыт компаниялардың барлық жерде лоббиі бар, жергілікті өкілдіктердің адымын аштырмайды. Мен өзім облыстағы Экология, табиғатты пайдалану комиссияның төрағасы болғандықтан жағдайды жақсы біліп отырмын. Экологиялық кодекстен бөлек, кәсіпкерлік заңнама, нормаларды да жиі бұзады. «Біз бюджет қалыптастастырушы компаниямыз» деген көзқарастарымен көбінесе белден басып жатады», – дейді экобелсенді.

Мәжілісімен Ә.Жұбанов Үкімет басшысының атына жолдаған депутаттық сауалында 2030 жылға дейін Атырау мұнай өңдеу зауытын (АМӨЗ) қала сыртына көшіру, «Азғыр» әскери-сынақ полигонының адамдар ағзасына теріс әсері мәселелерін көтерді. «Аталған аумақтар экологиялық апат аймағы деп ресми танылғанға дейін жергілікті бюджеттің есебінен жалақыға, мүгедектігі бар адамдарға арналған мемлекеттік жәрдемақыларға және зейнетақы төлемдеріне қосымша үстемеақыны қарас­тыру қажет. Оған жергілікті бюджеттің шамасы толық жетеді. Ол үшін облыста өндірілген қаражаттың барлығын орталыққа алып кетпей, жергілікті жердің ерекшелігін қатаң ескере отырып, әділ бөлген жөн. Ең бастысы, экологиялық дағдарыс жағдайындағы өңір деген заңды мәртбесін бекітіп, мойындауымыз қажет», – дейді депутат. 

АМӨЗ-ды қаланың сыртына көшіру туралы мәселе осыдан бірнеше жыл бұрын да қозғалған. Оған себеп, зауыттың атақты булану алаңынан ауаға тарайтын зиянды иістер. Ел аузында «Сасық сай» атанып кеткен қалдық су алаңы 1945 жылдан, яғни зауытпен бірге келе жатқан орын. Әуелгіде бұл аумақ зауыттың өнеркәсіптік суларын тұндырғышы ретінде қарастырылған. Уақыт өте келе қала аумағы өсіп, Жайықтың сол жағлайына салынған үйлердің де қалдықтарын ағызатын болды. Булану алаңының жалпы ауданы 1336,2 гектар құрайды. Оның 860 гектары «АМӨЗ» ЖШС балансында қалған бөлігі қала әкімдігінің қарауында.

Бірнеше жыл бұрын булану алаңы қоршаған ортаны ластайтын негізгі көздің бірі деп танылып, оны қалпына келтіретін Tazalyq деп аталатын жоба әзірленді. Бұл жобаны орындауға 2021 жылы «Павлодар өзен порты» ЖШС мердігерлік компаниясы бекітілген. Булану алаңын қалпына келтіру жұмыстары былтыр толығымен аяқталуы керек еді. Алайда АМӨЗ бұрынғыдай зауыттық сарқынды суларды ағызуға мәжбүр. 20 желтоқсанда кәсіпорынның сайтында жария­ланған ақпаратта Tazalyq жобасы аясында жабық типтегі ағынды суларды механикалық тазарту қондырғыларын реконструкциялаудың II кезеңі жалғасуда. «Бүгінде кәсіпорын бас кәріздік сорғы стансасы мен кәріздік тазарту стансасына ағынды суларды жіберуге арналған құбырларды жүргізу, сонымен қатар булану алаңдарының 1-2 секторын рекультивациялау жұмыстарын аяқтады. 3-4 секторларды құрғату және қалпына келтіру шаралары зауыттан шығатын ағынды суларды Атырау қаласының кәріздік тазарту стансасына жіберуге рұқсат алғаннан кейін басталады», – делінген хабарламада.

«Біздің Атыраудың басқа өндірісті аймақтардан ерекшелігі ауаға өте улы заттар көп тарайды. Мұнай-газ өндірісі барысында күкірт сутегі, меркаптандар т.б улы химиялық заттар шығады. Ауадағы ластанудың көрсеткіші өте жоғары екені сонша мамандар соңғы жылдары жаңбыр тамшыларының қышқылдануы 30 есеге артқанын дәлелдеді. Казгидромет орталығының мәліметінше, кейінгі 4 жылда көктемгі жауын суының су өткізгіштің қасиеті 3 есеге артқан. Халықтың аурушаңдығы көбейгенін көріп жүрміз», – дейді жергілікті экобелсенді Арман Хайруллин.

ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ТИІМДІЛІККЕ КҮШТІ ТАЛАП ЖЕТКІЗЕДІ

Елімізде атмосфераға ластаушы заттарды шығару көрсеткіші бойынша алда тұрған облыстың бірі – Павлодар. 2022 жылы олардың көлемі 726 мың тоннаны құраған. Былтырғы 9 айдың қорытындысында ол көрсеткіш 13,2 мың тоннаға ғана азайғаны белгілі болды. Яғни, экология өңірдің негізгі проблемасы болып отыр. Негізінен, атмосфераға теріс әсер облыстың үш ірі қаласында қалыптасқан: Екібастұзда 42% немесе 410 мың тонна қалдық, Ақсу – 28% немесе 279 мың тонна; Павлодар – 25% немесе 243 мың тонна. Облыстың қалған аудандарында шығарынды көлемі қалған 5%-ды құрайды.

Павлодар облысының Экология департаментінің мәліметінше, «Жасыл Қазақ­станй ұлттық жобасы аясында өңірдегі екі ірі кәсіпорын 2025 жылға дейін шығарындылар лимитін 28% немесе 39 мың тоннаға қысқартуы тиіс.

Экология және табиғи ресуртар министрлігінің мәліметінше, экологиялық заңнаманы бұзу бойынша Шығыс Қазақстанда 2,6 млрд теңге көлемінде айыппұл салынса, оның мөлшері Қызылорда облысында – 681,8 млн теңгені, Абай облысында – 677,5 млн теңгені, Ақтөбе облысында – 133,8 млн теңгені құраған.

Одан бөлек, «Қазфосфат» ЖШС-на қалдықтардың жаңа үйіндісін салуға, «Қазақ­мыс» ЖШС байыту фабрикасының құрылысына және Ferrum Vtor ЖШС мен Shymkent Temir ЖШС сынды бірнеше компанияға айыппұл салынып, қызметіне тоқ­тау салынды.

Үкімет отырысында айтылғандай заңнамаға сәйкес еліміздегі кәсіпорындар 2025 жылдан бастап кешенді экологиялық рұқсаттарға көше бастайды. Кәдімгі экологиялық рұқсатпен салыстырғанда кешенді экологиялық рұқсат эмиссиялар нормативтерін айқындау үшін ғана берілмейді, сондай-ақ «ең үздік қолжетімді технологияларды» енгізуді көздейді. «Мұндай технологияларды қолдану қоршаған ортаға тигізетін теріс әсерді азайтады», – деп атап өтті Премьер-Министр.

Сондай-ақ ең үздік қолжетімді технологиялар енгізілмеген жағдайда шығарындылар үшін төлемақы мөлшерлемелері 2025 жылдан бастап әр үш жыл сайын біртіндеп көтерілетін болады. 

Қазақстан қоршаған ортаны сақтауға бағытталған нақты шаралар қабылдау жөніндегі БҰҰ-ның үндеуін қолдап, 2060 жылға дейін көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясын қабылдады. Оған қоса, біздің еліміз аймақтағы Париж келісімін ратификациялаған бірінші ел екені белгілі. Жүйелі бағдарлама жұмысының негізгі мақсаты – Климаттық бейтарап және тұрақты экономикаға көшуді жеделдету. Демек, экологиялық талапты орындау, бақылау жүргізуде жоғары жетістікке жету үшін бірқатар міндет жүзеге асырылуы тиіс.

Бауыржан БАЗАР