Қазақстандық сейсмолог Абдулазиз Абдуллаев Динара Сатжанға берген сұхбатында Алматыда жойқын жер сілкінісі қайталануы мүмкін екенін мәлімдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz Massaget.kz-ке сілтеме жасап.
«100 жыл бұрынғы жойқын жер сілкінісі қайталануы мүмкін, бірақ оның «қашан» екені белгісіз. Жер сілкінісіне әсер ететін құрылымдар мен факторлар осылай дамиды. Қазір мұны 100 жылдық цикл деп атап жатыр, бірақ бұл біздің бақылауымыз ғана және біз оны соңғы 10 жыл ішінде ғана бақылап отырмыз. Бұл ең көне оқиғаның бірі, ал біздің бақылауымыз аз уақытты қамтиды. Өйткені дәл осы кезде аспаптық және сілкіністі тіркейтін жоғары сезімтал сейсмологтердің мүмкіндігі пайда болды», – деп жауап берді сейсмолог.
Жалпы, сейсмикалық жағдайға баға беру үшін Сейсмология институты әртүрлі мерзім бойынша болжам жасап отырады. Ортамерзімді және қысқамерзімді болжам түрі болады. Ортамерзімді есеп жылына екі рет жасалады.
«Жақында ғана бізде Алматы полигонының аумағында жер сілкінісінің ортамерзімді болжамы туралы қорытынды әзірленді, ол уәкілетті органдарға берілді. Қорытындыға сәйкес, 2023 жылы Алматыда жеті балдан асатын жойқын жер сілкінісі болмайды. Ғылыми-іздестіру тұрғысынан 200-ден аса болжамды параметрлерді талдау негізінде жасалатын апталық қысқамерзімді қорытынды әзірленеді. Осы қорытындылар бойынша, алдағы аптада да бәрі тыныш болады», – дейді «Ұлттық сейсмологиялық қадағалау және зерттеу орталығы» АҚ ғылым бойынша директорының орынбасары Нұрсәрсен Өзбеков.