Ел арасында бірнеше жылдан бері сыбыс боп тарап, арасында баспасөз бетінде пікірталасқа ұласып жүрген астана таңдау мәселесі ақыры Президент пәрменімен шешімін тауып, Арқа төсіндегі сол кезде Целиноград деп аталатын қала астана болуға лайық деп табылып, ару Алматыны қанша қимасақ та, Парламент аппаратындағы қызмет бабымен апыл-ғұпыл жолға жиналғанымыз есімде.
Парламент депутаттары мен аппарат қызметкерлерін жайлы вагондарға жайғастырып, Сарыарқа қайдасың деп жүйткіген пойызымыз Целиноград вокзалына жеткенде күн сәске түс болатын. Қыс қаһарына мінген кез ғой. Күн аяз. Вокзал алдында бізді күтіп тізілген автобустар уақытша қоныстайтын мекенімізге қарай ала жөнелді. Жолай автобус терезесінен жан-жағымызға көз тастап келеміз. Алматыдай әсем қаладан кейінгі мұндағы көше бойының жадағай көріністері көңілді көншітпейді. Қыс ауасымен тыныстаған сұрғылт үйлер де көзге қораш көрінеді.
Әрине бұл ел егемендегінің елең-алаңындағы халық әлі ес жиып үлгермеген, Одақ тарағаннан кейінгі қиын заман көріністері. Бәрі де біртіндеп қалпына келді ғой. Алдымен Целиноград Ақмола атанды, тағы бірер жыл өткеннен кейін қазіргі Астана атауын иеленді. Бүгінде қала адам танымастай өзгеріп, халқы бұрынғыдан төрт есе өсіп, 1 млн 300 мыңнан аса жығылып, келбеті келіскен әсем Елордаға айналды.
Осы қаланы мекен еткенімізге ширек ғасырдың жүзі болыпты. Мұнда да Алматыдағы сияқты орта іздейді екенсің. Қызметтегі әріптестер, жора-жолдас, дос-жарандар, көрші-қолаң деген сияқты тағы басқа жақсы-жайсаңдармен аралас-құралас болып жүрген жайымыз бар.
Және бір сүйсінерлігі, олармен жәй дастархандас, сыйлас көңіл жағдайында ғана емес, ауызбірлік, ынтымақ, елдік мәселесі, дәстүр сабақтастығы, ата-бабаға құрмет, өткен тарихқа тағзым тәрізді келелі мәселелер қозғалатын жағдайларда да бас қосатын кездеріміз аз емес еді. Амандық-саулық сұрасып, өткен-кеткеннен, бүгінгі күн ахуалынан әңгіме қозғап, ортаға не істейміз, не қоямыз деген сыңайда сауалдар тасталып жататын осындай бас қосулардың бірінде белгілі ғалым, Астана медицина университетін бірнеше жыл басқарған, медицина ғылымдарының докторы, профессор Полат Қазымбет ағамыз өткен тарихымыздан әңгіме қозғай келіп, келелі ой тастады.
Ол бұған дейін осында аралас-құралас болып жүрген игі жақсылардың бастамасымен біраз сауапты істердің атқарылғанын, атап айтқанда белгілі бизнесмен Сақтаған Әбіләзімовтың қаржыландыруымен Түркістан облысының Созақ ауданындағы атақты Қарабура кесенесінде үлкен ас берілгенін, Жаңақорған ауданының Кеңес ауылында әлем азаматы, танымал хирург-дәрігер Мұхтар Әлиев салдырған зәулім мешіт маңайындағы орта мектептің қазақтың бір туар азаматы, танымал дирижер Төлепберген Әбдірашевтың есімімен аталып, ескерткіші орнатылғанын, сондай-ақ бір топ ақсақалдардың бастамасымен, белгілі құрылысшы Мұрат Байтелиев Түркістан облысының Отырар ауданында Құрбан ата кесенесін қайта өңдеуден өткізіп, халықтың алғысына ие болғанын айта келіп, аты аңызға айналған қазақтың тарихи тұлғасы Нағанай биді ұлықтау іс-шарасы төңірегінде ой өрбітті.
Көп ұзамай Бөкеңнің төңірегіне тарих ғылымының докторлары Жамбыл Артықбаев, Тұрсұн Хазретәлі, Абызов Жақсымбек, Әмірбек Көпен, Бейсенбайұлы Жарылқап, Бибасаров Айдархан, Қалмырзаұлы Әмзе, Пірімқұлов Керім, Сүлейменов Бейсенбай тәрізді қоғам қайраткерлері, тарихшы ғалымдар, жазушылар, журналистер топтасып, ғылыми ізденіс жұмыстарын одан әрі жалғастыру мәселесін күн тәртібіне қойды.
Бөкең әсіресе еліміз тәуелсіздік алғанға дейін тарихымыздың тым жұпыны күй кешкенін, ақиқат айтылмай, көп шындықтың бұрмаланып, бүркемеленіп келгенін, өткен замандардағы тарихи тұлғаларымызды елге таныту қажеттігін айта келіп, жазушы-ғалым Жарылқап Бейсенбайұлының бұл бағыттағы ғылыми ізденістеріне қысқаша тоқталып өтті.
Шынында да Жарылқап Бейсенбайұлы әр жылдары «Шоқан ізімен», «Буырқанған бояулар», «Әдеп әлемі», «Жасын-тағдыр жарқылы», «Қазақ шежіресі», «Арғы түрктер ақиқатының ізімен», «Шоқан» атты деректі-танымдық, эссе, зерттеу кітаптары жарық көрген көрнекті журналист, жазушы-ғалым. «Шоқан» роман-эссе кітабы 2015 жылы орысшаға «Чокан Валиханов» (историко-биографическое повествование) деген атаумен аударылып, оның таныстырылымы сол жылдың соңында Мәскеу қаласындағы Орыс Географиялық қоғамының штаб-пәтерінде өткен. Сонымен бірге 2015 жылы Астанадағы Түркі академиясының жобасы бойынша «Орталық Азиядағы арғытүрк сипатты мәдениеттер: этнотектік аспектілер» монографиясы жарық көрді. 2017 жылы Мемлекеттік бағдарлама бойынша «Ұлы Даланың ежелгі тарихының этномәдени төркіндері» атты көрнекі безендірілген ғылыми-көпшілік еңбегі оқырман назарына ұсынылды. 2022 жылы бес томдық шығармалар жинағы оқырманға жол тартты.
Профессор Полат Қазымбет жазушы-ғалымның аталған бес томдық шығармалар жинағының үшінші томында жарық көрген «Нағанай би және оның заманы» атты туындыға ерекше назар аударып, осы шығарманың зерттеу объектісіне айналып отырған Нағанай бектің – Алтын Орданың мәртебесі аса биіктеп, ерекше шарықтаған шағында билік құрған Өзбек ханмен жасы шамалас және оның баласы Жәнібек ханның (1357 жылы қаза тапқан) кезінде де Орданың әйгілі беклербектер қатарынан саналған атақты ұлысбектердің бірі екенін әңгімелей келіп, бұған дейін есімі мүлдем аталмай келген атақты тұлғаны елге таныстырудағы жазушы-ғалым еңбегіне алғыс білдірді және ендігі жерде Нағанай есімін халық арасына кеңінен насихаттау мәселесін алға тартты.
Осы арада Ж.Бейсенбайұлының «Нағанай би және оның заманы» атты еңбегіне сүйене отырып (Ж.Бейсенбайұлы шығармаларының бес томдық жинағы, Астана, «Өрнек» баспасы, 2022 ж., 398 – 491 беттер), Нағанай беклербегі туралы қысқаша мағлұмат бере кеткенді жөн көрдік. Бұл ретте Алтын Орда ұлысында Нағанай атқарған беклербек лауазымының мәнісі жөнінде айтар болсақ, бірнеше ұлыстардан тұратын Алтын Орданың әрбір ұлысын Ұлысбектер басқарса, сол Ұлысбектер үстінен қарайтын лауазым иелерін Беклербек деп атайды. Былайша айтқанда Беклербек мемлекетте ханнан кейінгі екінші тұлға.
Қоңырат тайпасынан шыққан мұндай Беклербектердің Шыңғыс хан тұсынан хан тұқымымен құдандалас болу үрдісі Алтын Орда заманында да жалғасын тапты. Солардың бірі – Өзбек ханның алдындағы Тоқтай ханның тұсында әйгілі Беклербек ретінде танылған, Алтын Ордада ислам дінінің орнығуына зор үлес қосқан Құтлықтемір еді. Ол Алтын Орда билеушілерінің бірі – Тоқтай хан қайтыс болғаннан кейін Өзбек ханның таққа отыруына айрықша еңбек сіңіруімен ерекшеленген тұлға. Әрине Құтлықтемірдің бұл еңбегі ескерусіз қалған жоқ. Өзбек хан тұсында ол хан шүбәсіз сенім артқан сарайдағы ең ықпалды Беклербек болды. Кейін Хорезм ұлысын билеп-төстеген әйгілі шонжар ретінде де көрінді.
Қоңыраттар арасынан шығып, хан ордасында Беклербектік қызмет атқару үрдісі Құтлықтемірден кейін де одан әрі жалғасып, тарих сахнасына Нағанай да жол тартты. Зерттеуші-ғалым Ж.Бейсенбайұлы айтқандай, оның да есімі хан жарлықтарында Құтлықтемір сияқты, бірінші боп жазылады. Ол да Құтлықтемір секілді Ордадан кеткеннен кейін Хорезм аймағына барып, Жошы ұлысы ыдырар алдында Үргенішті билейді. Өздері бір-біріне туыс қана емес, хандармен жекжаттықтары да жақын. Құтлықтемірдің өз басы Өзбек ханның әпкесін алған, баласы Һарунбекке Өзбектің Тайдулы ханымнан туған қызын әперген, орданың сарысүйек құдасы болса, Нағанай да қызы Кебек бегімді Өзбек ханға екінші ханым етіп ұзатқан, сонымен бірге Өзбек ханның тағы бір қызы Шекербикені баласы Аққұсайынсопыға әперген һәм қайнаға, һәм бел құда болып келеді.
Ж.Бейсенбайұлының зерттеулерінен және бір аңғаратынымыз, Нағанайдың хан тұқымымен аралас-құраластығының оның арғы тегінен бастау алатындығы дер едік. Атап айтқанда Алтын Орданың Тоқтай хан заманындағы (1291-1312) әйгілі қоңырат бектерінің ең мәртебелісі болған Салжұдай ноян Нағанайдың арғы атасы болып келеді. Ал Салжұдайдың әкесі Бұлаған бек Шыңғыс ханның кенжесі Төленің туған немересі – Келміш бикеге құда түсіп, баласы Салжұдайға алып берген. Салжұдай мен Келміш бикеден туған Олжай бегім Ұлұғ ұлыстың ханы Мөңкетемірге (1266-1282) тұрмысқа шығып, екеуінің некесінен Алтын Орданың 1291-1313 жылдардағы билеушісі Тоқтай хан туған.
Бұл арада Нағанайдың Өзбек ханға қайыната болуы мен хан қызын баласына алып беруінің астарынан Салжұдайдың Тоқтайға туған нағашылығынан басталатын екі шаңырақ арасындағы жақын құдандалық үрдістің жалғасын көргендейміз. Нағанайдың Салжұдай ұрпағы екендігін Салжұдайдың ордадағы әйгілі қоңырат ұлысбегі ретінде ылғи алдыңғы орыннан байқалар биік мәртебесінің ұрпақтан ұрпаққа ауысып, сол қалпында Нағанайға өткенінен, одан соң Нағанайдың баласы Аққұсайынға дейін сабақтасқанынан байқауға болады.
Заманында Алтын Орда сияқты азуын айға білеген, орыс кінәздіктерін уысында ұстап, сол кездің өзінде осы күнгі Еуропа мемлекеттерімен сауда-саттық, дипломатиялық қарым-қатынас орнатып, мейманасы тасыған алпауыт мемлекетте биліктің екінші тұтқасын ұстау, яғни қазіргі тілмен айтқанда Премьер-Министр болу зор мәртебе. Міне осындай ұлы тұлғаның ғасырлардың шаң-тозаңына көміліп, ұрпақтар санасынан жоғала жаздауы халқымыздың басынан өткен қилы қасіреттердің бір көрінісі әрине.
Енді міне жоғымызды түгендеудің реті келген тұста профессор Полат Қазымбет ағамыздың өз заманының көшін бастаған, бектердің бегі болған Нағанай бабамыздың жатқан орнын анықтап, сол жерден алынған топырақты Қазақтың ежелгі астанасы Түркістан қаласына жеткізіп, Нағанайдың атына лайықты белгі соғу жөнінде көтерген бастамасын жұрт бір ауыздан қолдады.
Ғалымдардың барлығы осы уәжге тоқтағаннан кейін алдымен Нағанай бидің жатқан жерін анықтау мәселесі туындады. Мұнда да соңғы жылдары осы бағытта індете еңбектеніп жүрген зерттеуші-ғалым Жарылқап Бейсенбайұлының ашқан жаңалығы көмекке келді. Ол Академик В.В.Бартольдтың 1929 жылы жазған «Хорезм тарихы бойынша жаңа дереккөз» атты мақаласын тауып, ғылыми айналысқа енгізгеннен кейін Нағанай бидің қайда жерленгені туралы нақты мәлімет қолға түсті. Онда академик: «Хиуаның қоңырат хандарының бабасы, Өзбек ханның замандасы Нуғдай хан (Мунистің жазуынша Нағадай би) болған еді. Ол көне Қият қаласында дүниеден озып, шейх Аббас Уәлидің мазары жанындағы өзі салдырған кесенеде жерленген»,- деп көрсеткен.
Міне осы дерек қолға тигіннен кейін Өзбекстанға сапар шегетін ғылыми экспедиция жасақтау дереу басталып кетті. Экспедиция құрамына осы сапардың негізгі бастамашысы болған әрі ғылыми экспедиция басшысы, академик, медицина ғылымдарының докторы Полат Қазымбет, жазушы-ғалым, ф.ғ.к. Жарылқап Бейсенбайұлы, қоғам қайраткері Керім Пірімқұлұлы, ақын, жазушы Көпен Әмірбек, тарих ғылымының докторлары Жамбыл Артықбаев, Хазіретәлі Тұрсұн, тарих ғылымының кандидаты Зікірия Жандарбек және ауыл шаруашылығы ғылымының докторы Кенже Абдуллаев енді.
Сөз ретіне қарай ғылыми экспедиция жұмысының сәтті басталып, ойдағыдай аяқталуына қолғабыс жасап, көмегін аямаған азаматтардың да аттарын атай кеткенді жөн көрдік. Мысалы, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Жақып Бөкенбаев және Өзбекстан билігінде бірнеше жыл жауапты қызметтер атқарып, кейін тарихи отанына оралған Ибадулла Қалыбеков тәрізді іскер жігіттер Өзбекстанға сапар шеккен ғылыми экспедиция мүшелерін Шымкент шаһарынан қарсы алып, мол дастархан басында күтіп, шетелде қалай жүріп-тұру, Қарақалпақстанда кімдерге жолығу мәселелерін әбден пысықтап, ол жақта жауапты қызметте жүрген бауырларға телефон шалып, бәрін реттегеннен кейін бұларға сәт сапар тілеген-ді.
Бұл 2017 жылдың наурыз айы болатын. Астанадан аттанған ғылыми топ жоғарыда айтқанымыздай, жолай Шымкент қаласына аялдап, мұндағы ағайындармен сапар барысында Нағанай жатқан орынды анықтау үшін қайда бару, кіммен жолығу мәселелерін және бір пысықтап, Өзбекстанның астанасы Ташкент қаласына бет алды. Осы арадан жол жүрер алдында әбден сарапталып, келісілген бағыт бойынша Нағанай бабаның жатқан орнына жету үшін Бөкең бастаған ғылыми топ Хорезм уәлаятының орталығы – Үргеніш қаласына ұшып, әрі қарай бұларды қарсы алушы жергілікті азаматтардың ұйымдастыруымен Үргеніштен 20 шақырымдай жердегі Беруни қаласына табан тіреді.
Нағанай биге байланысты оқиғаның бұдан әрі қарай өрбуін ғылыми экспедиция мүшесі, жазушы-ғалым, ф.ғ.к. Ж.Бейсенбайұлының өз аузынан тыңдайық. Ол былай деп сыр шертеді:
- Беруни 51 мыңдай халқы бар шағын қала. Біз мінген көлік тіке әулие атындағы мешіт алдына келіп тоқтады. Еңселі мешіттің маңдайында араб қарпімен «Шейх Аббас Уәли баба мешіті» деп жазылған. Аздан соң имам-хатиб Нұраддин Юсупұлымен әңгімелесіп отырдық. Бұл мешіт ел тәуелсіздігін алғаннан кейін салыныпты. Бұрын да мұнда мешіт үйі болған. Бірақ ол 1969 жылғы күшті тасқын кезінде құлаған. Жанындағы қабірстан да су астында қалып, қатты бүлінген. Содан бері бұл мазаратқа адам жерленбейтін болыпты. Бір назар аударарлығы, сол тасқыннан қабірстан ортасындағы биіктеу жерде тұрған әулие Аббас Уәли кесенесі ғана ішіндегі құлпытасымен судан аман қалыпты.
Біздің де іздеп келгеніміз сол сағана болғандықтан, дереу мешіттің арқа жағына өттік. Әулие кесенесі де тәуелсіздік жылдарында қайта жаңғыртылған, тап-тұйнақтай шағын күмбез екен. Ішіне кіріп, Нағанай бек пір тұтып, өзін соның қасына жерлеуді тапсырған әулие рухына тағзым еттік, имам-хатиб арнайы құран бағыштады...
...Академик Бартольдтың мақаласында айтылатын Нағанай би кесенесінің Аббас Уәли күмбезі жанынан салынғандығы туралы мәліметке сүйене отырып, сол кесене орнынан арнайы топырақ алынды. Халқымыздың «сүйек қосу» дәстүріне сай ол топырақ салынған арнайы құты соңыра Түркістан қаласына жеткізіліп, Алатау батырға орнатылған еңселі ескерткіш жанынан Нағанай биге арналып бой көтеріп жатқан стела-ескерткішті тұрғызушыларға тапсырылды. Ол стела тұғырының ішіне қойылды.
Нағанай бидің кесенесі орнының киелі топырағы салынған екінші құты да 2021 жылдың күзінде Мақтаарал және Жетісай аудандарының кіре берісіндегі үлкен жолдың бойында орнатылған Нағанай би ескерткіш-кешенінің етегіне қойылды. Бұл еңселі ескерткіш-кешен 2017 жылдың сәуір айында осы екі ауданның бір топ азаматтары құрған «Нағанай баба ұрпақтары» атты қордың демеушілігімен бой көтерді.
Жошы ұлысының әйгілі бектербегі... Нағанай би есімінің бүгіндері облыс орталығы, түрк халықтарына ортақ киелі қала атанып отырған Түркістан шәһарында және қоңырат жұртының қалың бір бөлігі мекен ететін Мақтарал-Жетісай өңірінде бұлайша ұлықталуы – сөз жоқ, өз заманында мемлекет мұратына қызмет етудің өнеге-үлгісін көрсеткен, дербес ұлыстың тәуелсіз дамуы жолында елтұтқалық рөл атқарған айбынды тұлға бейнесі арқылы, бүгінгі ұрпақты тарихпен тәрбиелеу, ғасырлар қойнауындағы байырғы құндылықтарымызды, өткенімізді қадірлеу, тарихи-мәдени мұрамызды түгендеу ісіне маңызды бір үлес болып қосылары хақ...
Ойымызды түйіндей келе айтарымыз, профессор Полат Қазымбеттің ұйытқы болуымен іске асырылған осы игі бастама бұдан былай да жалғасын тауып, тарихымызды түгендеу, тұлғаларымыздың есімін ардақтау, оларды бүгінгі ұрпаққа үлгі-өнеге етіп көрсету жұмыстары өрістей беретініне сенімдіміз.
Төмендегі суретте Өзбекстанға жасалған ғылыми экспедиция мүшелері: солдан оңға қарай: тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Артықбаев, медицина ғылымдарының докторы, профессор Полат Қазымбет (ғылыми экспедиция жетекшісі), филология ғылымдарының кандидаты, ғалым, журналист-жазушы Жарылқап Бейсенбайұлы, қоғам қайраткері Керімқұл Пірімқұлұлы, ақын, сатирик жазушы Көпен Әмірбек, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Кенже Абдуллаев және басқалар.
Орынбек ЖОЛДЫБАЙ,
филология ғылымдарының кандидаты,
Қазақстанның Құрметті журналисі,