"Әділдік жолы" қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Дидар Смағұлов лауазымды тұлғаларға қатысты қандай да бір заңсыздықтар анықталғанда олар пара ұсынып, келісім жасауға әуес екенін айтты.
"Түркістан туралы ештеңе айтпасаң, үш бөлмелі пәтер мен көлік береміз" деді – Дидар Смағұлов
8,204
оқылды

"Әділдік жолы" қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Дидар Смағұлов лауазымды тұлғаларға қатысты қандай да бір заңсыздықтар анықталғанда олар пара ұсынып, келісім жасауға әуес екенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Нартай Аралбайұлының сұхбатына сілтеме жасап хабарлайды.

Дидар Смағұловтың айтуынша, бүгінде қорқытып, үркітетіндерге қарағанда, келісімге келіп, ақшамен шешуге тырысатындар көп. 

“Қазір көбі келіскенді жөн көреді. Бұрын қорқытатын. Олардың айтатын ең бірінші сылтауы –  "бұл тапсырыс”. Біз оларға ешқандай тапсырыстың жоқтығын, біздің тек заң шеңберінде жұмыс істейтінімізді түсіндіреміз. Заң бұзбаса біздің оларға баруға құқымыз да жоқ. "Дидар, сен мемлекеттік қызметкер емессің, шенеунік емессің, ақша алсаң да, ол пара болып есептелмейді. Ала салшы, көз жұма салшы" дейді”, – деп ағынан жарылды Дидар Смағұлов.

Мұндай ұсыныстар көбіне еліміздің оңтүстік өңірінен түсетін көрінеді.

“Адамдар арқылы "Түркістанға келмеші, Түркістан туралы ештеңе айтпасаң, үш бөлмелі пәтер мен Camry 70 көлігін береміз" деді. Бірақ маған Camry ұнамайды. Яғни, мен Түркістанға қатысты мәселелерді көтермесем және осыған дейін жазған жазбаларымды өшірсем маған осындай дүниелерді беруге уәде етті. Сөйтіп барынша мені көндіруге тырысты. Бірақ біз тоқтамаймыз. Өйткені бізге халық сеніп отыр. Мен айтып отырған ақпараттың 70%-ы халықтан келген арыздар”, – дейді "Әділдік жолы" қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Дидар Смағұлов.