Бельгиялықтар асырап алған Жәнібектің тағдырына қатысты біраз былықтың әшкереленгеніне қарамастан, экс-министр тастанды баланың өзіне рақмет айтуы керектігін айтты.
«Жәнібектің көзіне тура қараймын»: экс-министр шетел асқан қазақ балалары туралы шындықты айтты
Фото: matritca.kz
1,415
оқылды

Бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиев Adal Adam YouTube  арнасында "шетелге кеткен балалардың бетіне тура қарай аласыз ба?" деген сұрағына жауап берді,   деп хабарлайды Aikyn.kz.

Бельгиялықтар асырап алған Жәнібектің тағдырына қатысты біраз былықтың әшкереленгеніне қарамастан, экс-министр тастанды баланың өзіне рақмет айтуы керектігін айтты.

"Жәнібектің көзіне тура қараймын. Келсін тура қараймын. Мен мысалы оның тағдырын білмеймін, қалай кеткен, қай жаққа, қалай болғанын. Бірақ Жәнібекке  айтам: «Айналайын, Қазақстанға келіп, ананды іздеп жүргенің дұрыс. Бірақ сенің анаң осындай жасап кетті. Енді сен үлкен жігіт болдың ғой. Үйлі-күйлі боласың ғой. Мына анаңның жасағанын жасама» деймін. "Билік неге мені өзі асырамады?" деп сұраса, маған сұрақ қоярдан бұрын ойламадың ба, елге қайтам, тегімнің қасында болам деп. Сен неге 18-ге келгенде Қазақстанның азаматтығын алмадың деген сұрақты қоямын", – деді Досқалиев.

Сонымен қатар Досқалиев Жәнібектен басқа шетелге кеткен барлық қазақ балаларының бетіне тура қарай алатынын жеткізді. 

"Тура қараймын. Өйткені айтам: Сен ол кезде мүгедек болдың. Сенің денсаулығыңды түзететін осы жерде жағдай болмады. Содан кейін мына асырап алған адамдар сенің денсаулығыңды түзеп, сен менің алдыма келіп, аға деп сұрап отырсың. Рақмет деп айтуың керек", ‒ деді экс-министр.