2023 жылғы қаңтар мен қарашаның қорытындысы бойынша, елімізде есірткіге байланысты 7 мың қылмыс тіркелген.
Мәжіліс депутаты: есірткіге байланысты 7 мың қылмыс тіркелген
625
оқылды

Бүгінде ең өзекті міндеттердің бірі – нашақорлық пен есірткі қылмысының алдын алу. Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыханов барлық мүдделі өкілетті және жергілікті атқарушы органдарды тарта отырып, есірткіге қарсы күреске жұмылдыруды сұрап, Премьер-Министрге сауал жолдады,  деп хабарлайды Aikyn.kz

Депутат қоғамның қатерлі дертіне айналған бұл түйткілге ел Президентінің өзі бірнеше рет арнайы назар аударғанын атап өтті. 

«Былтыр қасиетті Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда: «Мен тағы бір нәрсеге баса назар аударғым келеді. Бұл – нашақорлық. Бұл – ұлт саулығына зор қауіп төндіретін кесел. Есірткі жастардың жанын да, тәнін де улап жатыр. Біз есірткіні қолданудың, дайындаудың және таратудың жолын кесіп, тамырына балта шабуға тиіспіз. Әйтпесе, бүкіл еліміздің болашағы бұлыңғыр болады» деп қадап айтқан болатын. 

Мемлекет басшысы таяуда өткен Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында осыған тағы да тоқталып, есірткінің таралуына қарсы күресті күшейтуді талап етті.

Осынау қоғамдық дертке тосқауыл қою туралы жоғары деңгейде бірнеше рет тапсырмалар берілсе де, өкінішке қарай әлі күнге айтарлықтай нәтиже жоқ»,  деді Мәжіліс депутаты. 

Жасыратыны жоқ, синтетикалық есірткі еліміздің әр қаласында тарап жатыр. Ақпарат құралдарында оны таратушылар мен тұтынушылардың ұсталып жатқаны туралы хабар толы. 

«Мәселен, 2023 жылғы қаңтар мен қарашаның қорытындысы бойынша, елімізде есірткіге байланысты 7 мың қылмыс тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 10 пайызға артық. Ал соңғы 5 жылда тәркіленген «синтетиканың» саны 100 есе  артқан.

Алғашқы синтетикалық есірткілер Қазақстанда 10 жыл бұрын пайда болған, ал есірткіні зерттейтін жабдықтар мен анықтайтын әдістемелері ескі. 

Ресми ақпарат бойынша, былтыр ғана «Қара нарықтан» тәркіленіп алынған есірткінің құны 20 миллиард теңгеден асады. Бұл қолға түскені ғана. Ал мұның сыртында айналып жатқаны қаншама. Бұл сұмдық емес пе?!

Көрсетілген цифрлар елімізде есірткінің тамыр жайып, белең алып кеткенін көрсетеді. Тым қорқынышты көрсеткіш! Бұлай кете берсе, елімізге қауіп төндіруі мүмкін»,  деп нақтылады ол.

Депутат ұсынған деректерге сүйенсек, синтетика қолданғандар 40-қа жетпей қыршынынан қиылады екен. Есірткінің соңы өлімге әкеліп соғады. Мамандар есірткіге тәуелді 20 жастағы адамның ағзасы 70-тегі қариямен тең екенін айтады.

«Құрметті Әлихан Асханұлы,  осыған байланысты Сізден барлық мүдделі өкілетті және жергілікті атқарушы органдарды тарта отырып, есірткіге қарсы күреске жұмылдыруды сұраймыз. Мемлекеттік деңгейде ұзақмерзімді әр қадамы пысықталған жүйелі бағдарламаны дайындап, Президенттің тапсырмасына сәйкес, қатаң қадағалауды сұраймыз! Бұл ретте, заңнамалық, құқық қорғау, әлеуметтік, экономикалық, медициналық, насихаттық және әкімшілік сипаттағы кешенді шараларды қолға алған жөн», деп түйіндеді депутат.