Қарағандыда қызмет орнында қайтыс болған учаскелік полиция инспекторы Ұлан Имашевтың туыстары біржолғы өтемақыны ала алмай жүр. Олар сотқа жүгінді, – деп хабарлайды Tengrinews.kz.
32 жастағы Ұлан Имашев былтыр ақпан айында қайтыс болды. Полиция бөлімшесінде болған кезде оның жүрегі тоқтап қалды. Сараптамаға сәйкес, жас жігіттің өліміне жедел жүрек жеткіліксіздігі себеп болған.
«Ол қайтыс болғаннан кейін бірден Қарағанды облысы Полиция департаментінің басшылығы бізге көңіл айтып, отбасына бірреттік ақшалай өтемақы төленетінін айтты, алайда кейін Полиция департаментінің басшылығы өтемақы төлеуден бас тартты. Қызметтік тергеу Ұлан «жұмыс орнында қайтыс болған, алайда мұның қызметін орындауына қатысы жоқ" деген шешім шығарды», – деді марқұм полицейдің жұбайы Армангүл Әбдіқалықова.
Ұлан Имашевтың артында анасы, әйелі және екі баласы қалды. Полиция капитанының өз үйі болмаған.
«Бүкіл әріптесі мен полиция бөлімшесінің басшысы оған жақсы мінездеме береді, ол қызметтік тәртіпті бұзған емес және ешқандай жаза да алмаған. Ол тәулік бойы, тіпті демалыссыз да жұмыс істеді. Бұл оның денсаулығын құртты. Алайда бұған қарамастан, Полиция департаменті оның қызметтік міндетін атқару кезінде қаза таппағанын айтып отыр. Бәрі сол күні қызметте болғанын растай алады», – дейді Армангүл.
Оы себеппен Ұлан Имашеваның жұбайы Қазыбек би аудандық №2 сотына шағымданған. Алайда сот Қарағанды облыстық Полиция департаментінің шешімін қолдап, сот отбасына ақша төлеуден бас тартқан. Мұндай шешімге Ішкі істер министрлігінің орталық әскери-дәрігерлік комиссиясының полиция қызметкерінің өліміне жедел жүрек жеткіліксіздігі себеп болғаны туралы сырттай сараптамасының қаулысы негіз болған. Мамандардың айтуынша, бұл өтемақы берілетін аурудың тізіміне енбейді.
Айта кетейік, Ұлан Имашев ішкі істер органдарында 2014 жылдан бері жұмыс істеген, капитан шені болған және қайтыс боларының алдында кезекті шенін алуға дайындалып жүрген. Ол 2024 жылғы наурыз айында 34 жасқа толар еді.