Қазақстандық футболшы Абат Айымбетов ресми түрде Түркияның «Адана Демирспор» клубына мүше болды. Бұл туралы команданың баспасөз қызметі мәлімдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Белгілі болғандай, келісімшарт 1,5+1 жүйесі негізінде жасалған. Ол түркиялық командада сенегалдық шабуылшы Мбайе Ньянгудің орнын баспақ.
Абат Айымбетов 1995 жылы 7 тамызда Қызылорда облысы Арал ауданында дүниеге келген.
Футболдағы алғашқы қадамын 2012 жылы «Ақтөбе» командасында бастады. Кейін алматылық «Қайрат», елордалық «Астана» клубтарында ойнады.
Ұлттық құрама сапында 2019 жылдан бері 35 ойында 9 гол соғып үлгерді.
2024 жылғы Еуропа чемпионаты іріктеу сатысында ұлттық құрама сапында 9 ойында 3 голдың авторы атанды.
Ал «Адана Демирспор» 2021/22 жылғы маусымнан бері Түркия суперлигасында ойын көрсетіп келеді. Бүгінде Түркия суперлигасының 23-турынан кейін команда 31 ұпаймен сегізінші орында тұр.