Шетелдік азаматқа әуе рейсін миналағаны туралы жалған айтқаны үшін 2,5 млн теңге айыппұл салынды. Бұл туралы Aikyn.kz Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Жалған хабар айтқан шетелдік азаматқа 2,5 миллион теңге айыппұл салынды
1,409
оқылды

Былтыр күзде Көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері 36 жастағы шетелдік азаматты «Астана-Санкт-Петербург» бағытындағы әуе рейсінде терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлағаны үшін ұстаған еді. Сотқа дейінгі тергеу жүргізілді. Тергеу барысында құқықбұзушы өз кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкінген. Ол отбасындағы жанжалдан кейін жұбайы Санкт-Петербургке ұшып кетпек болғандықтан, осындай қадамға барғанын түсіндірді.

Биыл қаңтар айында Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының шешімімен аталған азамат кінәлі деп танылып, оған 750 АЕК, яғни, 2 587 700 теңге мөлшерінде айыппұл салынды.

Департамент басшысы, полиция полковнигі Бақытжан Малыбаевтың айтуынша, мұндай іс-әрекетті азаматтар масаң күйде жасайды.

«Өкінішке қарай, азаматтар әлі күнге дейін осындай теріс қылықтар үшін жауапкершіліктің ауыр екенін біле бермейді. Көлік инфрақұрылымы объектілері бір уақытта өте көп адам шоғырланатын нысан болып табылады. Сондықтан мұндай қауіпті сөздерден кейін бірден құқық қорғау органдарының қызметкерлері объектіні қоршауға алып, адамдарды эвакуациялап, шұғыл қызметтер іске қосылады, рейстер тоқтатылады немесе кешіктіріледі», – деді ведомство басшысы.

Сондай-ақ, ол терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабар бес мың АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл түрінде не сол мөлшерде түзеу жұмыстарымен не бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеумен не сол мерзімге бас бостандығынан айырылатынын еске салды. 

Сонымен қатар жалған террористер сот шешімі бойынша оқиға орнына жұмылдырылған жедел әрекет ету қызметтерінің барлық шығындарын толық көлемде өтейді.