Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда сенаторлар күн тәртібіне шыға­рыл­ған заңдарды қарады және депутаттық сауалдарын жолдады.
Мектепте ұялы телефон пайдаланудың өз ережесі бар
713
оқылды

Отырыс барысында Сенат депутаттары «2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа Қырғыз Республикасының қосылуына байланысты Қырғыз Республикасының 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартты, Еуразиялық экономикалық одақтың құқығына кіретін жекелеген халықаралық шарттарды және Еуразиялық экономикалық одақ органдарының актілерін қолдануы жөніндегі жағдайлар мен өтпелі ережелер туралы 2015 жылғы 8 мамырда қол қойылған хаттамаға өзгеріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңды қарап, мақұлдады.

Аталған заңның нормаларына сәйкес, Қырғыз Республикасының Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасындағы өткізу пункттерін жайлас­тыруды және материалдық-техникалық жарақтандыруды қамтамасыз ету жөніндегі міндеттемелерді орындау мерзімін 108 айға дейін ұзарту ұсынылады. Хаттаманы ратификациялау Еуразиялық экономикалық одақтың толық форматты интеграциялық бірлестік ретінде жан-жақты дамуын қамтамасыз етуге және нығайтуға ықпал етпек.

Сондай-ақ сенаторлар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне білім беру, тәлімгерлік және балалардың қауіпсіздігі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды қарады. Оның негізгі міндеттері балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді, жетім балаларға арналған тәлімгерлік институтын енгізуді және білім беру ұйымдарының басқару еркіндігін кеңейтуді көздейді.

Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін терезелердің ашылуына тосқауыл қоятын арнайы тетіктерді міндетті түрде орнату бойынша заңнамалық талаптар белгіленеді және мектептер, балабақшалар мен ауруханаларды есепке алмай, көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысын жүргізуге тыйым салынады. Одан бөлек, заңда балабақшаларға орын берудің бірыңғай кезегін және мектептерде ұялы телефондарды пайдалану ережелерін белгілеу жөнінде нормалар қарастырылған. Бұл ата-аналар үшін маңызды жаңалық екені анық.

Сонымен қатар сенаторлар мақұлдаған аталған заңға сәйкес, енді кәмелетке толған азаматтар балалар үйінде тұратын жетім балаларға тәлімгер бола алады. Құжатта осы өтеусіз қызметке үміткер кандидаттарға қойылатын талаптар мен құқықтар және жүктелетін міндеттер көрсетілген.

«Мемлекет басшысы баларға білім беру, сондай-ақ олардың құқықтарын қорғау мәселелеріне үнемі баса мән беріп келеді. Президентіміздің бастамасымен педагогтердің мәртебесін көтеру, осы мамандықты таңдаған студенттердің стипендиясын ұлғайту, балабақша тәрбиешілерінің жағдайын жақсарту сияқты ауқымды шаралар іске асырылуда. Бүгін мақұлданған заң бұл саладағы заңнаманы одан әрі жетілдіруді көздейтін маңызды түзетулерді қамтиды. Атап айтқанда, балалар қауіпсіздігіне қатысты жаңа ережелер қарастырылған. Осы заң арқылы жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға тәлімгерлік институты енгізіледі. Алдағы уақытта мақұлданған заң жас ұрпақтың мүдделерін қорғауға тың серпін береді деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Палата отырысында сенаторлар маңызды мәселе­лерге қатысты өздерінің депутаттық сауалдарын да жолдады.