Оған басты себеп – алматылықтардың бойына қорқыныш сезімінің сіңіп қалуы. Расында, кейінгі уақытта алматылықтардың күні мен түні ауысып, ұйқы режимі өзгерді. «Түнде біз ойламаған тұстан жер сілкінуі мүмкін, апатқа әркез дайын отыруымыз керек» деген тұрғындар алдағы күндері миллиондаған адам қоныстанған алып шаһарды бұдан да жойқын жер сілкінісі күтіп тұрған жоқ па деп алаңдайды. 5 балдық дүмпуден кейін қалада тағы бірнеше мәрте жер сілкінісі тіркелді. Мұны сезген тұрғындар құнды заттың барлығын жинап, сақадай сайланып отырғанын айтады.
Халықтың санасын торлап алған қорқыныш ертең фобияға айналып кетпей ме? Қалада апатты жағдай болса алматылықтар қауіпсіздіктен бөлек, психологиялық тұрғыда дайын ба? Тәжірибелі психолог Серікгүл Сәли адам қауіпті жағдайға тап болған кезде күйзеліс бірден басталмайтынын айтады. Оған сыртқы факторлар әсер етуі мүмкін.
Сана өшкен кезде адамның есінде ештеңе қалмайды
– Ең біріншіден, адам өмір мен өлімнің арасында қалған кезде оның психологиясы қалай жұмыс істейтінін түсініп алуға тиіспіз. Күйзеліс бірден бастала қоймайды. Бірнеше секунд өткен соң шыға бастайды. Шамамен 30 секундтан кейін үрей одан сайын үдейе түседі. Мұның салдарынан «үлкен апат болуы ықтимал», «жер сілкінісінен кейін үйінді астында қалып, қазаға ұшырауым мүмкін» деген іштегі қорқыныш дами береді. Жағдайды көз алдына елестетеді. «Бұл дүмпу тоқтамайды, керісінше жоғары балдық жер сілкінісі болатын секілді» деген үрей ойға келген кезде байбалам 1-2 секундтың ішінде басталмайды. Өйткені адам мұндай дүниеге бірден реакция бермейді. Сол уақыт аралығында ақпаратты сараптап, «бұл рас па, өтірік пе?» деген сауалға іштей жауап іздеп, саналы түрде ой елегінен өткізіп жатады. Яғни, апаттың қауіпті немесе қауіпсіз екенін ойлап уақыт жоғалтады. «Сыртты қарап көрейікші, көршілер не істеп жатыр, ал БАҚ не деп хабарлауда» деген ой келіп, бірінші орында сыртты бақылайды. Минутқа да жетпейтін уақыттың арасында адам санасы осындай қосымша деректерді іздейді, – дейді ол.
Психологтің сөзінше, апатты жағдайда адамдар төрт түрлі функцияны атқарады. Олар арнайы психотиптен туындайды. Мәселен, 38 пайызы – бұлшық еттің адамдары. Бұл санатқа кірушілер кез келген жағдайда өз басын аман алып қалуға тырысады. Ал 24 пайызы – мүлікті құтқарушылар. Олар жер асты дүмпуі кезінде үйінен маңызды құжаттары мен құнды заттарын, тіпті сөмкесіне тамақ пен төсеніштерін қоса салып шығуы мүмкін. Сондай-ақ 20 пайызы қариялар мен ауру-сырқау балаларды, әйелдерді құтқарады. 5 пайызы халықты тыныштандыру мақсатында білек сыбана жұмыс істейді. «Барлығын құтқаруым керек» деген оймен батыл іс-әрекеттерге барады. Олардың стандартты емес ойлау қабілеті халық қиын сәтке тап болғанда қосымша көмекті ойлап табады. Өкінішке қарай, көп жағдайда өздері апатқа ұшырайды, бірақ қаншама адамның өмірін өлімнен арашалап қалады. Соңғы 5 пайызы – эмоцияның адамдары.
– Күйзеліс жоғары деңгейге көтерілген кезде адам санасы өшеді. Бұл кезде адам бейсаналы түрде жұмыс істейді: ұжымдық түрде аман қалудың қамын ойлап қашу керек немесе апатпен күресуің керек. Бұл психология стресс жағдайында саналы түрде іске қосылмайды. Керісінше, адамның бейсаналы табиғи функциясы негізгі рөлге ие болады. Егер қандай да бір үлкен апаттан адамдар аман қалса, олар үлкен стресс жағдайында болса, сіз сол кісіден жағдайдың қалай болғаны жайлы сұрап көрдіңіз делік. Ол сұрағыңыздың біріне де нақты жауап бере алмайды. Себебі есінде ешнәрсе болмайды. Сана өшкен кезде есте ештеңе қалмайды. Апат кезінде біздің тірі қалу жолында жануарлық инстинктіміз іске қосылады, – дейді маман.
95 пайыз адамда фобия болмайды
Бір қызығы, жер сілкінісі болған түні Алматы қаласындағы студенттер жатақханасының бірінде музыкалық аспапта ойнап, онымен қоса аязды күнде сыртта тоңып жүрген студенттер мен мұғалімдерге ыстық шай тасыған азаматтар кездесті. Бұл онсыз да үрейден жүрегі аузына тығылған тұрғындардың қорқынышын басып, көңіл-күйін көтеруге аз да болса сеп болды.
– Сезімге беріліп, байбалам шығаратындар – эмоцияның адамдары. Айғайлап шыңғырған, жылаған дауысымен байбаламын өзгелерге таратып жібереді. Эмоцияның адамдары өз кезегінде тағы да екіге бөлінеді. Эмоциясы дамығаны махаббат сезіміне ұласып кеткен, ал дамымағаны қорқынышта қалып қойған деп қарастырамыз. Қорқынышқа бой алдырған адамдар көпке байбалам шашса, ал эмоциясы дамыған жандар қандай жағдай болмасын үрейді қабылдап, оқиғадан кейін ән айтады, би билейді немесе музыкалық аспапта ойнайды. Сол арқылы өзгелерге тыныштық сезімін сыйлайды. Осындай табиғи функциялардың арқасында адамдар жоғарыда айтылған қадамдарға барады, – дейді психолог.
Қорқыныш – қалыпты жағдай. Себебі мұндай сәтте адамдар өліммен бетпе-бет келеді. Осы тұста психолог өзге әріптестерінің апатты кезеңде сандарды санау керек деген кеңесін жоққа шығарды. Онымен қоса, жер сілкінісінен қорқыныш көптің көңілінде фобия болып қалыптасып кетуі де екіталай екенін ескертті.
– Жер сілкінісінен кейін қорқыныш көбінің бойында фобия ретінде қалып кетеді деп айту қиын. Тек апат кезінде эмоцияға берілетін адамдар үшін фобияға айналуы мүмкін. Қалған 95 пайыз адамның барлығында бірдей фобия болып қалыптасып кетпейді. Дегенмен табиғи апаттар өмірлік құндылықтарымызға бастан аяқ қайта қарауға мүмкіндік береді. Адам психикасын қайта қалпына келтіреді. Кез келген күйзелістік жағдай көзқарастардың өзгеруіне алып келеді. Бұл бірнеше күнге емес, біразға дейін созылады. Біз қаншалықты өзімізге қажетті өмірді сүріп жүрміз? Егер өлетінімді алдын ала білсем, қандай дүниеге назар аударар едім? Жағдайға осы қырынан қарайтын болсақ, мен мына техниканы ұсынар едім. Барлығы біледі, бірақ ешкім орындамайды. Бұл – кең тараған техника. Басыңыздан қауіпті жағдайды өткерсеңіз, бірден отырып: «Егер мен бір айда өлетін болсам не нәрсе жасар едім?» деген сауалға жауап беріп, осыған сәйкес пункттерді жазыңыз. Сонымен қатар қандай дүниеге назар аудармас едіңіз? Бұл сіздің жеке шекараңызды белгілеуге әсер етуші еді, – деп сөзін түйіндеді психолог С. Сәли.
Қорқынышты тудырған жалған ақпараттар
Соңғы мәліметтер бойынша, Алматыдағы жер сілкінісінің нәтижесінде 70-ке жуық адам зардап шегіп, медициналық көмекке жүгінген. Үш адам тұрғын үйдің екінші және үшінші қабатынан секіріп жарақат алды. Ақпаратты сараптай келе зардап шеккендердің жер сілкінісінен емес, үрейдің арқасында жарақат алғаны белгілі болды. Оқиғаның болғанына екі аптаға жуық өтті. Осы уақыт аралығында қала тұрғындарының өмірінде қандай өзгерістер бар? Сауалдарымызға жауап алу мақсатында қала тұрғындарын әңгімеге тартқан едік.
Дильназ Шаймұратова – Алматы қаласындағы жоғары оқу орындарының бірінде білім алады. Ол әлі күнге дейін қорқыныштың сейілмегенін, зілді сілкіністің әсері бойда қалып қойғанын айтады. Кейіпкеріміздің пікірінше, егер жағдайға психологиялық тұрғыда дайын болмасақ, қорқыныш кейін фобияға айналып кетуі ықтимал.
– Жердің күндіз емес, түнде сілкінуі қорқыныш сезімін тудырды. Мектеп, университет қабырғасында бізді психологиялық тұрғыда дайындамады. Мұның салдары байбаламға алып келді. 2-3 күн бойы ұйықтап жатқан жерден шошып оянғаным, жатақханада бәрінің жүгіріп далаға шығуы, суық күнде тоңып әрі қорқып тұрған көріністер миымнан кетпейді. Шыны керек, түнде ұйықтауға қорқып қалдым. Үлкен стресс алғандай күй кештім. Жер сілкінісі кезінде медициналық, психологиялық көмекке жүгінбедім. Бірақ жанымдағы адамдарға көмектесе алдым деп ойлаймын. Қазір қорқыныш басылғанымен, әлі бар. Сол жағдай, сәт есімнен кетпейді... Менің ойымша, қорқыныштың фобияға айналуы әбден мүмкін. Сондықтан табиғи апаттардың бар екенін, олардың кез келген сәтте болатынын жадыда сақтау керек деген қорытындыға келдім, – дейді қуатты жер сілкінісін өмірінде алғаш рет сезінгенін айтқан Дильназ.
Ал Мерей Бақытжанқызы жер сілкінісінен кейін қорқыныш фобияға айналады деген пікірмен келіспейді. Табиғи апат болған соң әрі Алматы қаласы тектоникалық аймақта орналасқандықтан, мұны қалыпты жағдай деп есептейді. Дегенмен сілкініс ошағы Қытай мен Қырғызстан аумағынан шығып жатқандықтан, бізге де жете ме екен деген үреймен апатқа алдын ала дайын отыратынын айтады.
–Бастапқыда жер сілкінісі аяқастынан болған соң сасып қалғанымыз рас, алайда медициналық не психологиялық көмекке жүгінбедік. Жатақханада тұрған соң шошынып, аяқ-қолы тартылып қалған студенттерді, «жерасты дүмпуі тоқтаса да қозғалып жатқандай сезіледі» деген студенттерді көргендіктен болар, бойымызда әлі де қорқыныш бар. Жер сілкінісі туралы ақпарат сайттарда анық көрініп тұр. Зілзаладан туған қорқыныш кейін фобияға айналып кетеді деп ойламаймын. Меніңше, қорқынышты тудырып отырған әлеуметтік желідегі жалған ақпараттар. Қазірдің өзінде ғалымдар арасында форум өтті, Алматыда қатты жер сілкінісі болуы мүмкін, қала аман қалмайды деген ақпараттар желдей есіп жүр, – дейді фейк ақпарат таратушылардың әрекетіне ашынған Мерей.
Алматы қаласының тұрғыны Еңлік Жұмаш зілзала кезінде нақты кесіліп айтылмаған шешімдер одан сайын қорқынышты үдететінін, кейінгі күндері тағы да жер сілкінісі болмай ма деген күдікпен ғаламторды ақтарып, жиі ақпарат іздейтінін жеткізді.
– Әрине, қорқыныш фобияға айналып кетеді деп ойлаймын. Өйткені өзім де жер сілкінгеннен кейін 2-3 күн бойы түн ортасында аяқ астынан селк етіп оянған кездерім болды. Бес саусақ бірдей емес қой. Психологиялық тұрғыда өзіне қатты қабылдайтын адамдарда үрей фобияға айналып, біразға дейін психикалық ауру секілді жалғасады деп ойлаймын. Алматыдағы жер сілкінісі кезінде біз қандай әрекетке барарымызды білмедік. Бәрі аяқасты болғандықтан, бойда аздап қорқыныш бар. Ең бір күдік тудыратыны, сейсмологиялық апаттар туралы болжамдар немесе шешімдердің алдын ала хабарланбауы. Алматының сейсмикалық аймақ екенін бәрі біледі. Бірақ қауіпті аймақ ретінде үрейді алдын алатын жағдайлар жасалмағаны өкінішті. Мысалы, 112-ден хабарлама келсе, сондай-ақ «Зілзала кезінде не істеу керек?» деген ақпарат халыққа жиі беріліп отырса құба-құп болар еді, – дейді Еңлік.
Естеріңізде болса, Сейсмологиялық бақылау және зерттеу ұлттық ғылыми орталығының директоры, сейсмолог Дәулет Сәрсенбаев жойқын жер сілкінісінің болмайтынына 100 пайыз кепілдік беретінін, қалада 5 балды сілкіністен жоғары дүмпу болмайтынын хабарлаған еді. Бірақ соған қарамастан «қауіпсіздігімізге ешкім кепілдік бере алмайды екен» деген тұрғындардың ойы қазір сан саққа бөлінген...
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,
Алматы қаласы