Қатты аязда үсік шалғанда адамға қандай көмек көрсету қажет? ҚР ДСМ үсік шалудың алдын алу және алғашқы көмек көрсету шараларын ұсынды.
Аязда аяқ-қолы үсіп қалған адамға қалай көмектесу керек?
Фото: ТЖМ-нен алынды
263
оқылды

Түрлі дәрежедегі үсіктен сақтану үшін, алдын алу шараларын сақтау қажет. Үсік шалған жағдайда алғашқы көмекті дұрыс көрсету керек.

Алдын алу шараларына келсек, алдымен жылы киіну керек. Қысқы аяқ киімнің табаны қалың, жылы болуы қажет. Көшеде бетіңізді, құлағыңызды, мұрныңызды, білегіңізді, саусақтарыңызды және тобығыңызды ашық қалдырмауға тырысыңыз.

Металдан жасалған әшекейлерді тақпаңыз, өйткені олар суық тартады. Далаға шығар алдында теріге ылғалдандырғыш крем жақпаңыз, өйткені олар үсуге ықпал етеді. Еремді үйге кіргеннен кейін біраз уақыттан соң қолданыңыз.

Аяз күндері далаға аш күйде шықпаңыз

Далаға аш күйінде шықпаңыз. Себебі суыққа қарсы тұру үшін денеге көп энергия қажет. Спирттік ішімдік ішпеңіз. Өйткені олар денені жылытпайды, қайта жылуды жоғалтуға ықпал етеді. Темекі өнімдерін пайдалану дененің жылуын сақтау үшін қажетті перифериялық қан айналымын төмендетеді.

Аязда адам өзін жайсыз сезінгенде қандай көмек беру қажет? 

Қолыңыз бен аяқтарыңыздың қата бастаса, уқалаңыз және қайтадан тоңып қалуына жол бермеңіз.

Аязда беттің жұмсақ тіндерін және саусақтардың сырт терісін зақымдамау үшін дененің ашық жерлерін  ысқыламаңыз.

Үйге немесе қандай да бір жылы жерге баруға асығу керек. Суықтан қатып қалған адамның аяқ киімі мен киімін шешіп, қайтадан киіндіру керек.

Зақымдалған қолы мен аяғын, саусақтарын спиртті майлықтармен немесе спиртке батырылған матаның жұмсақ бөлігімен сүртіңіз. Оларды жылы сумен жылытыңыз, біртіндеп дене температурасына (36-37 градусқа) жеткізіңіз.

Зардап шегуші қол-аяғын сезінгенше, оларды спиртті майлықтармен сүртуді қайталаңыз. Дененің зақымдалған жеріне стерильді құрғақ таңғышты қойыңыз және адамды қымтап ораңыз.

Дененің үсіген жерлерін қозғалтпау керек.

Егер адамның киімін ауыстырып, көмек көрсеткеннен кейін де денесі жылымаса, ауырсыну күшейсе, тері қабаттары суық және бозғылт болатын болса, жедел медициналық көмекті дереу шақыру керек.

Не істеуге болмайды?

Денені қармен ысқылауға болмайды. Өйткені зақымданған жерлердің қан тамырлары нәзік болады, сондықтан зақымдауы мүмкін.

Ыстық сумен жылытуға болмайды. Себебі температураның күрт өзгеруі қан айналымы процесін қалпына келтіруге мүмкіндік бермейді. Мазь немесе май жағуға болмайды. Бұл терінің жарақаттануына алып келеді.

Зардап шеккен адам толық қалпына келмеген жағдайда кофе немесе спирттік ішімдік бермеңіз. Бұл қан тамырларының күрт кеңеюіне алып келеді. Салдарынан оның жарылуына немесе жүрек қызметінің бұзылуына әкеп соқтыруы мүмкін.