Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылы Ұлттық Ғылым академиясының салтанатты сессиясында: «Білім беру жүйесін жекелеген ғылыми орталықтармен және технопарктермен олардың әлеуетіне қарай шоғырландыру – күшті зерттеу университеттерін қалыптастыруға мүмкіндік береді», – деп атап өткен еді.
Сапалы білімнің – мемлекеттің тұрақты дамуы мен бәсекеге қабілеттілігінің бастапқы көзі болып табылатындығы бүгінде аксиомаға айналған. Сондықтан, қандай да бір өндіріс саласында көшбасшысы болу үшін жаңа білім генерациялау жүйесін құру және сыртқы білім көздерін пайдалану қажет. Бұл өз кезегінде өнеркәсіптің кадрлық қажеттілігін қамтамасыз ету және технологиялық мәселелерді шешу мақсатында қолданбалы зерттеу жүргізу үшін оқытуды барынша тәжірибемен байланыстырып, жаңа білім беру бағдарламаларын ашуға итермелейді.
Осы орайда, 2023 жылдың 22-24 қарашасында Satbayev University-нің ректоры Мейрам Бегентаев бастаған өкілдері Абай ауданы Курчатов қаласындағы Ұлттық ядролық орталығында іссапармен болып қайтты. Іссапар барысында Satbayev University делегациясы ИВГ-1.М ядролық зерттеу реакторын, токамак КТМ атты қазақстандық материалтану, бірегей зерттеу стендтерін, зертханаларды және т.б. нысандармен танысты.
Екі тарап та тығыз байланыс орнатуға қызығушылық танытып, техникалық сала бойынша кадр даярлау, бірлескен ғылыми-зерттеулер жүргізу, қолданыстағы білім беру бағдарламаларын іске асыру және жаңа білім беру бағдарламаларын ашуға негізделген ынтымақтастық Меморандумына қол қойды.
Негізгі мақсаты атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану болып табылатын Satbayev University-дегі «Ядролық энергетика» мен «Қоршаған орта» білім бағдарламалары бойынша дәріс оқу, зертханалық жұмыстар мен ғылыми-өндірістік практикаларды жүргізу, сондай-ақ студенттерге, магистранттарға және докторанттарға ғылыми жетекшілікті жүзеге асыру үшін ҚР Ұлттық ядролық орталығы мамандарын тартудың тамаша мүмкіндігі туындағаны қуаныш ұялатады.
Тағы бір атап өтетін жайт, 2023 жылдың соңында жағымды жаңалық – Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің 2023-2025 жылдарға арналған ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық бағдарламалар бойынша бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру аясындағы «Сутекті алу, сақтау және электр энергиясын генерациялау үшін инновациялық технологияларды, материалдар мен құрылғыларды әзірлеу және зерттеу» атты жобасы мақұлданды.
Оның негізгі орындаушы ұйымы - ҚР Ұлттық ядролық орталығы болса, Satbayev University бірлесіп орындаушысы болып табылады. Аталмыш бағдарлама сутегі мен оны сақтауға арналған материалдарды алудың жаңа әдісін әзірлеуден бастап, сутегін практикалық қолдануға арналған материалдар мен құрылғыларды әзірлеуге негізделген толық циклді жоба болып саналады.
Satbayev University-нің қауымдастырылған профессоры Кабдрахманова Сана бастаған ғалымдар тобы бұл бағдарламаның «Төмен температуралы отын элементтеріне арналған каталитикалық жүйені» зерттеуге атсалысады. Қазіргі уақытта сутегі энергетикасын зерттеу БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарының баламалы энергетика мен экологиялық таза энергия бөлімін жүзеге асыруға ықпал етеді.
Қазақстанның №1 техникалық жоғары оқу орны – Сәтбаев университеті және бейбіт атомның флагманы – Ұлттық ядролық орталығы кадрларды даярлау мен қолданбалы технологиялық инновацияларды әзірлеу бағытында консолидацияланған жұмысы жемісті болатындығына сеніміміз мол.