Парламент Сенатының төрағасы, Қазақстан бочча федерациясының Президенті Мәулен Әшімбаев елімізде паралимпиадалық боччаны одан әрі дамытуға арналған отырысқа қатысты.
Мәулен Әшімбаев Қазақстанда боччаны дамытудың басым бағытын белгілеп берді
950
оқылды

Іс-шарада республикалық Федерация мен өңірлік өкілдіктердің бірлескен жұмысын әрі қарай жандандыру мәселелері және жаңа жобалар талқыланды.

Өз сөзінде Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша елімізде инклюзивті, кедергісіз орта және азаматтарға тең мүмкіндіктер қалыптастыру бағытында кешенді шаралар қабылданып жатқанын атап өтті. Өңірлерде бочча федерацияларының ашылуы және олардың аталған спорт түрін дәріптеуге белсенді қатысуы осындай жүйелі әрі нақты жұмыстың нәтижесі екені анық.

«Өңірлерде жұмысты одан әрі жандандыру параспортшыларымызға көрсетілетін қолдаудың аясын кеңейтеді және боччадан ұлттық құрамаға іріктеу жүргізуге оң ықпалын тигізеді. Былтыр еліміздің Халықаралық бочча федерациясына қосылуы арқылы алдымызға қойған мақсат-міндеттеріміз айқындала түсті. Бұл – біздің ортақ жұмысымыздың нәтижесі. Федерация мен өңірлік өкілдіктерді дамытудың алдағы төрт жылға арналған бірыңғай стратегиясы біздің боччашыларымызға 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Паралимпиада ойындарына жолдама алуға мүмкіндік береді», – деді Қазақстан бочча федерациясының президенті.

Мәулен Әшімбаев атап өткендей, алда боччаның мәртебесін одан әрі арттыруға және спортшыларды даярлауға қатысты ауқымды міндеттер тұр. Осыған орай Республикалық бочча федерациясының басшысы Қазақстанда аталған спорт түрін дамытудың үш басым бағытын белгілеп берді.

«Алдымен, параспортшыларымыздың әлеуетін арттырып, олардың жарыста жоғары нәтижелерге қол жеткізуіне және халықаралық рекордтар орнатуына қажетті жағдай жасау қажет. Тренингтер мен халықаралық тәжірибені зерделеу арқылы жаттықтырушылар құрамының біліктілігін арттыру да аса маңызды. Екінші бағыт – «Баршаға арналған бочча». Бұл – мүгедектігі бар азаматтарды ортаға бейімдеуге ықпал ететін маңызды қадам. Сондай-ақ спорттағы инклюзивті және интеграцияланған тәсілдің жарқын көрінісі. Осылайша боччаның әртүрлі топтағы адамдар үшін қолжетімді екенін дәріптейміз. Үшіншіден, өңірлерде боччаны дамытудың маңызы зор. Осы бағытта өңірлік федерациялар үлкен рөл атқарады деп сенемін», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар отырысқа қатысушылар боччаны одан әрі дамытуға қатысты өзекті мәселелерді талқылады. Атап айтқанда, федерацияларды аккредиттеу, қаржыландыру, инфрақұрылымды жақсарту және ақпараттық-ағарту жұмыстарын күшейту жөніндегі жұмыстар сөз болды.

Отырыс барысында Қазақстан бочча федерациясының Бас хатшысы Нұргүл Өлжекова өңірлік федерациялардың қызметі мен жоспарлары туралы баяндама жасады. Айта кетейік, қазіргі таңда боччадан ұлттық құрама сапында еліміздің 11 өңірінен (Астана, Алматы, Шымкент қалалары және Қарағанды, Павлодар, Жетісу, Жамбыл, Маңғыстау, Абай, Ақтөбе, Атырау облыстары) 41 спортшы бар.