Оның айтуынша, бүкіл негізгі секторлар оң даму динамикасын көрсеткен. Инфляция екі есе төмендеген.
Әлихан Смайылов қазақстандықтарға үндеу жасады
Фото: kazpravda.kz
10,950
оқылды

Бүгін Президент Жарлығымен қызметінен босатылған Әлихан Смайылов қазақстандықтарға алғыс айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

«Құрметті қазақстандықтар! Бүгін Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасы Үкіметінің орнынан түсуін қабылдады. Ең алдымен, Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа сындарлы уақытта Қазақстан Республикасының Үкіметін басқаруға сенім білдіргені үшін зор алғысымды білдіремін. Өткен екі жыл қоғам үшін шешуші кезең болды. Мемлекет басшысы жаңа Әділетті Қазақстанды құруға бағытталған аса маңызды саяси және экономикалық реформаларға бастамашылық жасады. Үкімет осы реформаларды іске асыру және еліміздің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету үшін қызмет етті. Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың бірлескен жұмысының арқасында бірқатар нәтижелерге қол жеткізілді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша экономиканың өсуі 5,1%-ті құрады», – деп жазды Үкіметтің бұрынғы басшысы Facebook парақшасында.

Оның айтуынша, бүкіл негізгі секторлар оң даму динамикасын көрсеткен. Инфляция екі есе төмендеген.

Елімізге тартылған тікелей шетелдік инвестиция көлемі екі жыл қатарынан соңғы онжылдықтағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі болды. Оның жылдық көлемі 26-28 млрд долларды құрады.

«Ұлттық қордың активтері былтыр 4 млрд долларға өсіп, 60 млрд доллардан асты. Рейтингтік агенттіктер ұлттық экономиканың тәуелсіз рейтингі мен инвестициялық сенімділігін растады. Үкіметтегі барлық әріптестеріме, сондай-ақ депутаттық корпусқа бірлескен және нәтижелі жұмыс үшін шын жүректен ризашылығымды білдіремін. Сонымен қатар еліміздің дамуына адал еңбегімен үлес қосып жүрген әрбір қазақстандыққа алғыс айтамын», – деп түйіндеді Әлихан Смайылов. 

Еске сала кетейік, бүгін Қазақстан Үкіметі отставкаға кетті.