Отандық түркологияға қосылған сүбелі еңбек

Жуырда Алматы қаласындағы «Алгорифм» баспасынан жарық көрген бір іргелі де қызықты зерттеу еңбек қолымызға тиді. Кітаптың аты «Қытайдағы түркологиялық деректер мен зерттеулер» деп аталады. Авторы – көрнекті шығыстанушы-ғалым Дүкен Мәсімханұлы.

Монография кіріспе, төрт тарау, қорытынды және пайдаланған әдебиеттер тізімінен тұрады. Белгілі бір ғылыми ең­бекті жазуға автордың ұстан­­­­­ған кон­­цепциясы сол еңбектің сипатын анық­тайды. Филология ғылымдарының док­­торы, профессор, белгілі қытайтану­шы ғалым, түрколог Дүкен Мәсім­­­хан­­ұлының аталмыш еңбекті жазудағы ұстанымын моногра­фияның кіріс­­­пе­сінен аңғарамыз. «Зерттеу мақсаты, – дей­ді автор. – Қытай еліндегі түркология ғылымының қалыптасып, даму бары­­­­сына тарихи тұрғыдан зерттеу жүргізу, олардың алға қойып отырған мақсаттары мен міндеттеріне назар аудару. Түрко­­логия тек ғылым үшін ғана емес, елі­міздің дамуы мен қауіпсіздігі сынды аса маңызды тарихи қажеттілікпен де ілі­к­тесіп жатады» деп санайды. Бұл зерттеу тақырыбының өзектілігін де түсіндіреді. Сондай-ақ ол ғалымның аталмыш тақы­рыпты зерттеу тұғырын ұлттық қауіп­­сіздік деңгейіне қойып отырғанын біл­діреді. 

Монографияның бірінші тарауы «Қытайдағы түркі тарихына қатысты деректер мен зерттеулер» деп аталады. Бұл тарауды автор екі тараушаға (пара­­­графқа) бөліп пайымдайды. «Түркі та­­рихы мен мәдениетіне қатысты маңыз­­ды деректер» деп атаған бірінші та­­­­рауында, Қытайдың ресми тарихи жазбала­­­­­­ла­­рындағы түркілер жөнінде жазылған маңызды дереккөздерін сұрыптап таныс­тырады. Зерттеуші Қы­тайда жазу мәде­­ниетінің пайда болуынан тартып, тарихи жазбаларының өмірге келуін және Қытайдың «26 тарихын» атап көрсетеді. Осы арада түсіндіре ке­туді қа­жет ететін біраз мәселе бар.

Қытайдың династиялық тарихын әдетте «24 тарих» деп атайды. Бұл та­рихта өткен қытай әулеттерінің орда та­­рих­­­шылары жазған патшалық та­рихтарының жалпы атауы болып сана­­лады. Мұның бәрі биографиялық жанрда жазылған тарихтар. Онда аңыз болып айтылып келген Хуанди дәуірінен (б.з.д. 2550 ж.) тартып, Мин патша­­лы­ғының соңғы жы­лына (1644 ж.) дейінгі тарихтағы Қы­тайдың саяси, экономика, әскери, ру­ханият, мәдениет, астрономия және гео­­­графия сияқты салаларын кең кө­­­­лемде қамтыған кешенді тарих, қол­жазба бойынша жалпы 3 213 томнан (бу­мадан) тұрады. Бұл еңбектер «ресми тарих» (zheng shi) болып саналады. Бұларға «Жаңа Юань тарихы (Xin yuan shi)» мен «Цин патшалығы тарихы қолжазбасын (Qing shi gao)» қосып, «26 тарих» деп те атайды. Автор бұл жер­де ҚХР ШҰАР Қоғамдық ғылымдар акаде­­миясындағы қазақ ғалымдарының Қытайдың «26 тарихындағы» ежелгі түркі тайпаларына қатысты деректерді іріктеп аударып, «Чжунго тарихнама­ларындағы қазаққа қатысты деректер» деген атпен баспадан шығарған нұсқа­сын негізге алып та­­­ныстырып отыр. Өйт­кені бұл еңбектер кирилл жазуында елі­мізде баспадан шыққандықтан зерт­теушілер үшін қолжетімді.

Деректану ғылым тұрғысынан қарастыратын болсақ, көш­­­пенділер жөнінде, түркілер туралы ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейін жүйелі де кешенді жазылған де­­­ректер тек қытай тілінде хатталған және Қытай елінде сақталған. ХХ ға­сырда Қытай үкіметі жүздеген тарихшы ға­­­лымдарын жұмылдырып, аталмыш тарихи жинақтардың қолжазбасына жүйелі түрде дерекнамалық зерттеулер жүргізіп, комментарий беріп, жаңа технологиямен қағаз және электронды нұсқасын шығарған. Сондықтан ол еңбектерге қайтадан деректану тұрғы­­­сынан жұмыс жүргізудің қажет жоқ, жеке адам оны жүргізе де алмайды. Тек сол жинақтардың арасынан түркілерге, қазақтарға, Орталық Азияға қатысты деректерді тауып пайдалану керек. Бұл да оңай шаруа емес, телегей-теңіз қы­тай жазбаларынан түркілерге қатысты ма­­­ңызды материалдарды танып, қол­дану жеңіл-желпі шаруа емес. Сон­дықтан автор аталған еңбегінде қытай жылна­­­маларындағы маңызды деректердің қай­нар көзін ашып көрсетуді көздеген. Монография авторы қытай тілінде «Ту­жуэ» (Tujue) деп аталатын «Түркі» этно­сы атауының пайда болғаннан кейін жазыл­­­ған хронологиялық тарихтар және оған жатпайтын «Цзы Чжи тоң Цзянь» (Zi zhi tong jian) «Тай пин Хуанью Цзи» (Tai ping huan yu ji) сияқты көптомдық жазбалар­­­дағы деректердің ең маңы­з­­­дысын іріктеп таныстырған. Бұның өзі ізденушілердің деректі түпнұсқадан пай­далануына көп қолайлылық жаратып бергендік болып табылады.

«Ежелгі түркі тарихы мен мәде­ние­тіне қатысты зерттеулер» деп атаған екінші тарауында автор Қытайда түркі тарихы туралы арнайы һәм жүйелі зерттеулердің ХХ ғасырдың бастапқы кезінен тартып қарастырады. Сондай-ақ тарихнаманың даму үдерісіне негізделіп, екі кезеңге жіктеп пайымдайды. Бірінші кезең не­­­месе ХХ ғасырдың 50 жылда­­рына дейінгі мезгілде жарияланған Чжу Цзуминнің «Ғұндардың батысқа көшуі» (1933 ж.), Чжан Симанның «Үйсін мен қазақтар» (1942 ж.), Хань Жулиннің «Түркілердің лауазым аттары» сияқты ғұндар, үйсіндер мен түркілерді зерт­теген біршама құнды еңбектерді та­ныстырады. Ал екінші кезеңдегі немесе өткен ғасырдың екінші жартысында жарық көрген тарихна­­­малардың дені 80-жылдардан кейін баспадан шық­қанын пайымдайды. Сондай-ақ «Шың­жаңның қысқаша тарихы» атты үш томдық академиялық еңбекте ежелгі түркі тайпаларының та­­рихы мен мәде­ниетінің зерттелгенін, профессор Ван Чжилайдың 4 томдық «Орта Азия та­рихы», Юй Тайшанның бас редактор­лығымен жарық көрген «Батыс өңірдің жалпы тарихы» сияқты іргелі зерттеу еңбектерінде қамтылған ежелгі түркі халқы мен мәдениеті, діні мен тұрмыс салты жөніндегі зерттеулерді мысалға келтіреді. Әрине, бұл салада Қытай басылымдарында жарияланып жатқан зерттеу мақалалар мен басылып шығып жатқан кітаптар ұшан-теңіз. Зерттеуші соларды саралай отырып, пайдалану құндылығы біршама жоғары деген қытай және ұйғыр тілінде жария­­­ланған 65 кітапты атап көрсетеді. Бұл еңбектер қытайлық түркологияны зерт­­­теуші­лердің міндетті түрде танысуға тиісті кі­таптары болып са­налады.

Монографияның «Қытай еліндегі классикалық түркология ғылымының зерттелу жағдайы» деп аталған екінші тарауында, автор отандық оқырмандарға беймәлім тіл мен әдебиетке қатысты деректер мен зерттеулерді таныстыруға басымдық берген. Мысалы, 1407 жылы құрылған «Сы-и-гуан (Si yi guan) са­­­райында» бұратана халықтардың тілі мен жазуын меңгерген аудармашыларды дайындау және төңіректегі елдердің тіл-жазуын, тарихы мен мәдениетін зерттеу­­мен шұғылданғаны айтылады. Сондай-ақ аталмыш «Сарайдың» «Татар бөлімі» мен «Көктаң бөлімі» түркі-моңғол тіл­­­дерін зерттегенін, олар жазған «Көктан бөлімі жазбалары» (Gao chang guan zazi), «Көктаң бөлімі дәрістері» (Gao chang guan ke) деген еңбектер арқылы дәйек­тейді. 1795 жы­­­лы құрастырылған «Бес тілді Цин сөздігі» (Wu ti Qingwen jian), «Батыс өңірдің жағырафиясы мен тари­­хи тұлғалары туралы анықтамалар» (Qin ding xiyu tong wenzhi) сияқты ең­­­бек­­­тердегі түркі сөздерінің қазіргі қазақ-қырғыз тілдерінде қаз-қалпында сақ­талып отыр­ғанын атап көрсетеді. Со­нымен бірге Қытайда түр­­­ко­­­ло­­­гияның негізін қалаушы Хань Жулин, Чэн Инкэ, Цэн Чжун­­­миянь, Фэн Цзя­шэн, Гэн Шимин сияқты аса көрнекті ға­­­лымдарды таныс­­­тыру­­­мен қатар, әйгілі «ма­­­насшы» Жүсіп Мамай, зерт­теуші ғалымдар Хамит Төмір, Әнуар Байтұр, Ерін Ауғали, Адил Жұматұрды, Ай­­­дар Міркамал сияқты қазақ, ұйғыр, қырғыз ға­­­лымдарының да Қытай­­­дағы түр­­ко­логия ғылымы­­­ның дамуына қос­қан үлес­­­­­­те­­­рін ашып көрсетеді.

Монографияның ІІ тара­уы­ның екінші бөлімінде «Түркі әде­­биеті мен фольк­лорына қа­­тысты зерт­теулер» та­­ныс­­ты­­рылады. Қы­­тай­дағы түрколо­­­гияның дамуы­на байланысты өткен ға­­сыр­­дың 80-жыл­дары­­­нан бас­­­тап, түркі ха­­лықта­­­рының ежелгі тілі мен әдебиеті, көне ес­­керт­кіштері мен жазба әде­­­биет­­­тері, фольк­лоры, тарихы мен мәдениеті т.б. сала­лары жеке-жеке зерт­тел­генін ескеріп, автор түркі әдебиеті мен фольк­­лорының зерт­телуіне жеке бір тарау арнаған. Мұнда ежелгі түркі ескерт­­­кіш­­те­рі­нің мәтіндері мен көне ұйғыр жа­­­зуында жеткен жәді­герлердің зерт­­­те­луінен тартып, «Оғыз­на­ма», «Ди­уани лұғат ат-түрік», «Құтадғу біліг» сын­ды еңбек­тердің зерттелгенін және «Ұй­­­ғырдың 12 мұ­қамы», «Қазақтың айтыс өнері» бо­­йынша жарыққа шыққан «төрт топтама» сияқты мемлекеттік іргелі бағ­­­дар­­­ламалар аясында жарық көрген әде­­биеттер және олар жөнінде зерт­­­теулерді таныстырады.

Монографияның «Қытай еліндегі түркологиялық ғы­­­­­лыми орталықтар, ба­сы­­­­­лым­­­дар және жетекші ғалымдар» деп аталған үшінші тарауында, «ҚХР Түркі тілдерін зерттеушілер қоғамы», «ҚХР халықаралық ескі жазуларды зерттеу қоғамы», «ҚХР Алтайтану ғылыми қо­ғамы», «Шыңжаң қазақ тілі мен әде­­­биеті қоғамы», «ҚХР ұйғыр классик әде­­­биеті мен мұқам ғылыми қоғамы» сияқты 19 ғылыми қоғамдық ұйым­­дарды атап көрсетіп, бірнеше ғылыми журнал­­­дарды және түркология сала­­­­сындағы жиырма шақты жетекші ға­лымдарды таныс­тырады.

Монографияның «Қосымша» деп аталған IV тарауы «Жапония мен Моң­­­ғолия еліндегі түркология ғылымның зерттелу жағдайы» деп аталған. Ав­­­тор­­­дың бұл елдердегі түркологияны «қо­­­сымша» қарастыруы жайдан-жай емес деп ой­лаймын. Өйткені жапондық ғалымдар жоғарыда таныстырылған қытай жазба деректері негізінде және археологиялық мәдени жәдігерлер негізінде түркі тайпаларын зерттеуден бас­­­тап, қазір әлемдік түркология ғы­­лымының іргелі ошағының біріне айналған ескерсе керек-ті. Ал моңғо­­­лиялық ғалымдардың түркология ғылы­­­мын зерттеуіне олар­дың ежелгі аума­­­ғында өсіп-өнген түр­кілердің қалдырып кеткен тарихи мәде­ни жәдігерлердің табылуы мен зерттелуі түрткі болғаны белгілі.

Кез келген елдегі ғылымның даму тарихына көз жіберіп қарайтын болсаңыз, сол елдің әлеуметтік әлеуетінің өсуімен өркен жай­ғанын аңғарасыз. Жапо­ниядағы түркология да сондай. ХІХ ға­сырдың екінші жартысындағы «Мэйдзи рефор­­­масынан» кейінгі капитализмнің дамуы­­­на байланысты әр сала ғылымдары өріс­­­теген болатын. Сондықтан автордың сол кезден бергі тарихтың әр кезеңінде аты әлемге мәшһүр болған түрколог ға­лым­­­дарды және олардың құнды ең­бектерін және Жапон еліндегі ғылыми-шығар­­­машылық ұйымдарды да жіп­­­­тік­тей та­­­­ныс­­­тырғаны моногра­­­фия­­ның ауқы­­­мын кеңейтіп, мазмұнын байыта түскен.

Әлемдік түркология тарихында Моң­­­­­­­ғол еліндегі түркологиялық зерт­теулердің мәні де айрықша. Өйткені моңғол мен түркілердің этногенезі мен тари­хи қо­­­­ғамдық өмірінде, дүние­­танымында, тір­­­шілік тәсілінде, тұрмыс­тық салт-сана­­­сында етене жақындықтар бар. Бұл елде­­­гі түркологияның ерек­шелігі – көне түркі бітіктастары мен ескерткіштерді зерттеумен сипат­­та­луында деп санаймыз.

Қорытып айтқанда, «Қытайдағы түр­­кологиялық деректер мен зерттеулер» атты монография – жалпы дерек­на­малық және тарихнамалық тұрғыдан зерттелген түркология категориясына жататын кәсі­­­би ғылыми еңбек. Автор жалпы қы­­­тайдың тарихи даму үрдісі бойынша мәселені қарастырады, Қы­тайдың тари­­­хи деректері және оның ішіндегі түрко­­­логиялық деректері нақ­тылап көр­­­сетуі­­мен бірге, ол жөнінде зерт­теулердің ал­­­ғаш басталуын, оның тоқырауы және қайта дамуы сияқты процестерді сол дәуірдегі қоғамдық сая­си жағдаяттарға байланыстырып пайым­дайды. Аталмыш монографияны Қытай­дағы түрколо­­­гиялық деректер мен зерт­­теулерді жүйелі түрде зерттеген, өзін­дік тың жаңа­­­лық­­­тары мен қоры­тынды тұжырымы бар, отандық түрко­логия ғы­лымына қосыл­­­ған құнды да іргелі еңбек, еліміздің ғы­­­лыми өміріндегі елеулі жаңалық деп санай­мын. Өйткені қазірге дейін отан­­­дық гуманитарлық ғылымда түркология ғылымы саласында мұндай іргелі зерттеу еңбегі жарық көрген емес. Сондықтан аталмыш монография өзіндік ғылыми танымдық және практикалық құндылы­­­ғымен маңызды болмақ.

Әрине, алғашқы еңбек бол­­­ғандықтан, монографияны әлі де жетілдіре түсетін тұс­­­тары, түзетуге тиісті техникалық қа­­­те­­ліктер байқалады. Мұны автордың өзі де «бұл кітап алдағы уақытта да түзетіліп, өңделіп, толықтырып отыруды қажет етеді» деп ескерткен-ді. Дегенмен мем­­­лекеттік нысаналы қаржыландыру жо­­­басындағы тақырыптарды қаржы­­­­лан­дырудың тым кеш басталатыны және кесімді зерттеу мерізімінің тым қысқа болатыны да жазылған еңбектерде кей­бір олқылықтардың орын алуына се­­­бепкер болатынына куә болып жүрміз. Профессор Дүкен Мәсімханұлы бола­­­шақта бұл зерттеуін әрі қарай да жал­­­ғастырып, құнды, көлемді еңбек ұсы­­­нады деп сенеміз.

Нәбижан МҰҚАМЕТХАНҰЛЫ,

профессор, әл-Фараби атындағы

Қазақ ұлттық университеті жанындағы

«Қазіргі заманғы Қытайды зерттеу орталығының»

директоры