Алматы облысында салмағы мың тоннадан астатын көксерке балығы Еуропа елдеріне заңсыз түрде экспортталған, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Балық өнімінің аса ірі мөлшердегі экономикалық контрабандасы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді Қаржылық мониторинг агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті жүргізіп жатыр.
«Сотқа дейінгі тергеу нәтижесінде 2022 жылдың шілде айы мен 2023 жылдың сәуір айы аралығында заңды тұлғаның Еуроодақ елдеріне 1 135 тоннадан аса көксерке сүбесін экспорттағаны анықталды.
Экспорттауға рұқсат алу үшін ЖШС басшылығы балықтың Қырғыз Республикасынан ауланып, елімізге кіргізілгенін растайтын жалған ветеринарлық сертификатты қолданған», – деп жазылған хабарламада.
Сондай-ақ балықтың Алматы облысының су қоймаларынан рұқсат құжаттарсыз ауланғаны анықталды.
Тергеу барысында экспорттауға дайын 125 тонна көлемдегі балық өнімін қоймаға түсіру фактісі анықталды.