17 жастағы 11-сынып оқушысы ағасымен аңға шыққанын айтты.
БҚО-да мектеп оқушысы оқ тиіп, ауруханаға түсті
Фото: iStock/IndiaUniform
727
оқылды

Батыс Қазақстан облыстық Полиция департаменті жазатайым оқиғаның Ақжайық ауданында болғанын мәлім етті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

 

«Мой город» порталының жазуынша, 30 жастағы ер адам абайсызда мектеп оқушысына оқ атып жіберген. Кәмелетке толмаған бала ауруханаға жатқызылды.

«Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 114-бабы («Абайсызда денсаулыққа зиян келтіру») бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде», –  делінген хабарламада.

Аудандық білім бөлімі оқиғаның 3 ақпанда болғанын мәлімдеді.

«17 жастағы 11-сынып оқушысы ағасымен аңға шыққанын айтты. Сол жерде жарақат алған. Біз оқиғаның қалай болғанын білмейміз, бірақ қару атылған соң бытыра көзіне, бетіне және мойнына тиген. Мектеп оқушысы аман-есен. Ата-анасы шағым айтқан жоқ»,  – деп түсіндірді білім бөлімі.

Ал аудан әкімі аңға шыққандардың ішінде кәмелетке толмаған бір бала болғанын, қалғандары ересек адам екенін мәлімдеді. Аңшылардың мылтық қолдану бойынша тиісті рұқсаты болған.