Төтенше жағдайлар министрі қызметіне Шыңғыс Әрінов тағайындалды, – деп хабарлайды Aikyn.kz Ақордаға сілтеме жасап.
«Мемлекет басшысының Жарлығымен Шыңғыс Сайранұлы Әрінов Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі болып тағайындалды, ол бұрынғы атқарған лауазымынан босатылды», – делінген Ақорданың ресми сайтында.
Айта кетейік, Шыңғыс Сайранұлы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін халықаралық қатынастар мамандығы бойынша бітірген. Қазақ еңбек және әлеуметтік қатынастар академиясында «Құқықтану», Азаматтық авиация академиясында «Тасымалды, қозғалысты ұйымдастыру және көлікті пайдалану» бойынша білім алған.
2006-2022 жылдары Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің кадрында әртүрлі офицерлік және басшы лауазымдарда қызмет атқарды.
2022 жылғы қаңтарда Қазақстан Республикасы Президентінің Өкімімен Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі бастығының орынбасары – Президент күзет қызметінің бастығы болып тағайындалды.
ІІ, ІІІ дәрежелі «Елбасының қауіпсіздігін айбынды атқарғаны үшін» медалімен және «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметіне 25 жыл», «Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерейтойлық медальдарымен, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің атынан алғысхаттармен марапатталған.