Депутат 3 мәселеге тоқталды.
Мәжіліс депутаты 32 жылда Алматы-Астана автобанының болмауы ұят екенін айтты
фото: Мәжіліс
980
оқылды

Мәжіліс депутаты Самат Нұртаза Президенттің Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзіне қатысты пікір білдірді.

Депутат 3 мәселеге тоқталды.

 «Президенттің кеңейтілген жиында сөйлеген сөзін бастан аяқ тыңдап шықтым. Көп нәрсе айтылды. Әріптестерім, Мәжіліс депутаттары, Сенат депутаттары өздеріне жақын тақырыптар туралы посттар жаза түсер деп ойлаймын. Өз басыма ең маңызды болып көрінген үш мәселені түртіп алдым:

Сыртқы Саясат. “Президент дүниежүзінде жағдай өте күрделі” деген жұмсақ сөзінің артында, жағдайдың әлдеқайда қиын екенін аңғаруға болады. Айналамыз соғыс немесе қырғиқабақ суық қарым-қатынасқа толы көршілер. Ресей мен Украина, Қытай мен Тайвань, Әзербайжан мен Армения және т.с.с. Осындай өлара шақта, Қазақстанның дипломатиясы тыныш, сапалы, мүдделі жұмыс жасау үшін, ішкі атмосфера дұрыс болу керек. Елдің ішін түзесек, дипломаттар да алаңсыз өз ісін алып шығатынына күмән жоқ.

Жол. Ес білгелі жолдың жыры біткен емес. Семей-Алматы, Семей-Ақсуат сияқты тозақи жолдармен 90-шы, 2000 жылдары жүрген адам ретінде айта аламын. Жалпы президент жол мәселесін бірінші рет көтеріп жатқан жоқ. Талай айтты. Бірақ, жол саласындағылардың бітіргені шамалы. Әлде олар “наказание по Сыздықбековски” деген жазаны күтіп отыр ма, білмедім. 32 жыл егеменді болып отырған ел үшін, Алматы-Астана автобанының болмауы – ұят құбылыс.

Жол – логистиканы күре тамыры, туризмнәң негізі. Ақтау-Өскемен автобанын салу керек деп күліп те айттым, жылап та айттым. Бүкіл Қазақстанның қалалары бір-бірімен байланысу керек. Сонда нәтиже болады. Айтуға ұят – Қызылорданың қазағы Ақтауға бару үшін Ақтөбеге дейін жүру керек. Абсурд қой. Қысқасы, биыл Алматы мен Астананың жолы айнадай болу тиіс. Президент айтты – жасалады.

Байлар. “Ұрланған капиталды елге қайтару” деген ұран дұрыс. Алайда сол ұранды желеу етіп, өз еңбегімен байыған кәсіпкерлерге зиян тигізетін күштік құрылымның өкілдеріне де жазаны қатаңдату керек. Президент өз сөзінде нақты осы кейсті айтты. 1917 жылы байларды қудалаған жүйенің немен аяқталғанын көрдік. Ұлт Олигархтар мен Кедейлерден тұрмайды, ұлтты тұрақтандыратын Орта тап. Орта тап азайған қоғамда – революцияның иісі шығады. Орта таптың көбеюіне Үкімет те, Қоғам да мүдделі. Кіші және Орта бизнесті қолдап, қудаламай, жағдай жасаса, қоғамда Орта таптың үлесі қосылары анық.

Эпилог: Тоқсан сөздің тобықтай түйіні – Президент Олжас Бектеновке карт-бланш берген сияқты. Олжас Абайұлына нәтиже көрсету керек. Ол көрсетеді», – деп жазды ол.