Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев лай көшкіні болған жерге барды, – деп хабарлайды Aikyn.kz қалалық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қала басшысы бүлінген ғимараттарды аралап, шұғыл көшпелі кеңес өткізді.
«Басты басымдық – іздеу-құтқару жұмыстары. Алдын ала ақпарат бойынша, үйде тұратын адамдарды іздеу бойынша барлық жұмылдыру топтарының жұмысын үздіксіз қамтамасыз ету қажет», – деді Ерболат Досаев.
Көршілердің айтуынша, бұл үйде 4 адамнан тұратын отбасы болған.
«Әкімнің тапсырмасы бойынша болған оқиғаның себептерін тексеру және лай көшкіні салдарын жою бойынша арнайы топ құрылды», – делінген хабарламада.
Сағат 08.00-дегі жағдай бойынша іздеу-құтқару жұмыстары жалғасуда. Бұл жерде жедел медициналық көмек бригадалары бар.
«Ақпарат толықтырылады. Тек ресми деректерге сенуге шақырамыз», – деп ескертті әкімдік өкілдері.