Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі превенция қызметінің басшысы Саян Ахметжанов шымкенттік шенеуніктің әкімдік жиынында тұтқындалуы туралы пікір білдірді.
Антикор Шымкентте жиналыс үстінде ұсталған шенеунікке қатысты пікір білдірді
Фото: видеодан алынды
9,654
оқылды

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі превенция қызметінің басшысы Саян Ахметжанов шымкенттік шенеуніктің әкімдік жиынында тұтқындалуы туралы пікір білдірді,  – деп хабарлайды Aikyn.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.

«Шымкент әкімі қатысып отырған жиын үстінен тараған көріністі қазақстандықтар қызу талқылап жатыр. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет спектакльге айналып барады деп ойламайсыз ба?», –  деп сұрады журналист.

Агенттік өкілі бұл оқиға ведомствода қаралғанын айтты.

«Аталған оқиғаны қарадық. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет бүкіл жерде ашық жұмыс істеп келеді. Тергеу органдары жіберетін шақырудың кез келгені мақұлдау арқылы іске асады. Осы тұрғыдан алсақ, аумақтық органымыз бұл жағдайды жергілікті атқарушы органның басшысы – әкіммен бірлесіп мақұлданған. Бұл қала әкімінің бастамасы болса керек», –  деді Саян Ахметжанов.

Еске салсақ, әлеуметтік желіде Шымкент қаласының әкімі жиын үстінде қол астындағы шенеунікті сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдеріне ұстатып жібергені туралы видео тараған болатын.

Басқарма бастығы сейсмикалық қауіпсіздікке бөлінген 120 млн теңгені жымқырды деп айыпталып отыр.