Бізден – болжам, Токиодан – олжа
Бізден – болжам,  Токиодан – олжа
132
оқылды
Күн өткен сайын әлемнің спорт жанкүйерлері асыға күтіп отырған Токио-2020 Олим­пиадасына бір табан жақындап келеміз. Айтулы додада 33 спорт түрінен 339 медаль сарапқа салы­на­ды. Ұйымдастыру­шылар 11 090 спортшы сынға тү­се­тінін айтып отыр. Спорт бәй­­­гесі дегенде ел спорт­шы­ларының да ме­рейі үс­тем болғанын қалай­тыны­мыз анық. 32-рет өткелі тұр­ған жазғы Олим­пиада ойын­дарына қазақстандық саң­лақтар­дың дайындығы қандай дәрежеде? Қай спорт­шыдан үміт күтеміз?  

Кімге сенім артамыз?

Былтыр Спорт және денешы­нық­тыру комитеті 24 шілде – 9 тамыз аралығында Жапонияның Токио қаласында өтетін Олимпиа­даға кемінде 100-ден астам жолдама алуды мақсат еткенін жариялады. Дәлірек айтсақ, 32 спорт түрінен 105 жолдама көзделген. Өткенге көз жүгіртсек, қазақстандық спорт­шылар 2012 жылы Лондон Олимпиадасына 115, 2016 жылы Рио-де-Жанейродағы спорт жа­ры­сына 104 жолдаманы алған екен. Жоспар – қағаз жүзінде, іс жүзінде «ел құрамасы бұрынғы меже­ден аса ала ма?» деген сұ­рақ ма­за­лайды. Ал Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райым­құ­лова ел спортшыларының ли­цен­зия жеңіп алу қарқыны бә­сең­деп қалғанын жасырмады. Жыл басында өткен Парламент Сенаты отырысында министр мұ­­ның себебін ауыр атлетикадан берілетін жолдама санының шек­те­луімен түсіндірген болатын. Себебі спорттың осы түрінен ел құ­ра­масына екі-ақ лицензия алу құқы берілген. Жеңіл атлетиканың да жағдайы мәз емес. 20-дан астам жолдама алуға болатын спорт түрі­нен қазақстандықтар 10-12 ли­цен­зия­ны қанжығасына байласа да көңілге медет. Мұның бәрі до­пинг дауының салдары екені түсі­н­ікті. Қазақстан құрамасының жүл­деден үміт артатын спорт түр­лері – бокс пен күрес. Ауыр атлетикадан сынға түсетін 2 спортшының бірі олжа салуы мүмкін. Каратэден 67 келіге дейінгі салмақта сынға түсе­тін Дархан Асаділовке сенім мол. Ол олимпиадалық рейтингте көш басында келе жатыр. Ал спорт журналисі Руслан Меделбек келер Олим­пиадада ел спортшылары жал­пы саны 10 жүлдені ғана иеле­не­тінін болжап отыр.
– Меніңше, жолдама саны ма­ңыз­ды емес. Сапаға көңіл бөлінуі тиіс. Бізде «көп спортшы апарсақ, көп жүлде аламыз» деген жалаң пікір қалыптасқан. Мысалы, Кения секілді елдер 30-40 спортшы апарып, 4-5 алтынды қанжығасына байлап жатады. Үстел теннисінен 1 спортшы апарып, алғашқы ай­­на­­лымнан өте алмай қалға­ны емес, жүзуден немесе же­ңіл ат­­ле­­тикадан 1 спортшы апа­­рып, түрлі қашықтықтағы са­йыс­­­­­тарда бірнеше жүлдені же­ңіп ал­ғаны тиімдірек. Токио Олим­­­­­­­­пиа­дасында Қазақстан құ­ра­­­ма­сы 3 алтын медаль алады деп ой­­лаймын. Нақты сенімім– екі ал­тынды алатын боксшылар, ауыр атлетикадан бұрынғыдай емес, мүмкіндік аз. Үшінші алтын  күт­пеген алтын болмақ. Рио олим­пиа­­дасындағы Дмитрий Ба­лан­дин сынды. Дегенмен күрес түр­лерін де ұмытпағанымыз жөн. Коронавирус мәселесі де Олим­пиа­да нәтижесіне өзгеріс алып келуі мүмкін. Мойын­дауы­­мыз ке­рек, Қытай – спорт­тық дер­жа­ва. Індеттің кесірінен көрші ел құрамасының жартысы дода­ға қаты­са алмай қалса, нәтиже өзгер­мек, – дейді тілші.
Тарихи спорт бәйгесіне 4 ай­дан астам уақыт қалды. Әзірге ел спортшыларының қоржы­нын­да небәрі 29 жолдама бар. Жолдама жайы бір бөлек, Олимпиада ша­ғын­да қазақстандық спорт­шы­лар Лондондағы жетіс­тік­ті қайталауы екіталай. Мұны Мәдениет және спорт министрлігі мен әр доданы сарапқа салып отырған спорт тілшілері де мойындап отыр.  

Допинг деген дау шықты...

Халықаралық ауыр атлетика қауымдастығы шығарған (IWF) допинг дауының бір ұшы қазақ­стан­дық ауыр атлеттерге де ти­ді. 2008 жылдан 2018 жылға де­­йін антидопинг ережесін ең көп көп бұзған құрамалар қата­­рын­да Қазақстан Ресей, Арме­ния, Әзербайжан, Беларусь құ­­ра­­маларымен бірге аталды. Осы­дан кейін аталған 5 мемлекет Токио Олимпиадасына спорттың осы түрінен екі-ақ зілтемірші апара алатын күйге түсті. Ауыр атле­тика­дан ылғи олжалы оралатын Қазақстан құрамасына бұл ауыр соққы екені анық. Ал атағы жер жарған ауыр атлет Илья Ильиннің Токиоға баруы екіталай. Жуырда Ташкентте өткен Халықаралық жарыста зілтемірші 102 келі салмақ дәрежесінде алтын алды. Көтергені– жұлқа мен серпені қосқанда 355 келі. Бұл көрсеткіш былтырғы Әлем чемпионатында 15-орынға тұрақ­­тайтын нәтиже. 102 келі сал­мақта мықты саналатын әлем спортшылары орташа есеппен 390 келіні еңсеріп жүр. Ильин төрт айдан астам уақыттың ішінде 390 келіні бойынан асыра алады дегенге сену қиын-ақ. Спорт тілшісі Қуаныш Қаппас допинг дауымен қоса, ел құрамасына спортшыларды іріктеу жүйесіне де көңілі толмайтынын айтып отыр.
– Токиода қазақстандық спорт­­шыларға допинг дауы кедергі бол­майды. Басқа мәселе толғантса керек. Боксшыларымыз мықты, әрине. Бірақ жасы келген, тек атақ-абыройының арқасында жүрген спортшыларды олимпиадаға же­тек­тей бергенді доғару ке­рек. Өз­бекстан боксшылары бар­лық до­дада топ жарып жүр. Құра­ма­­сын қа­расаңыз, кілең 18 жас шама­сын­да­ғы жастар. Ал бізде бабы кел­ген спортшының 25 жасқа тол­ға­нын күтеді. Мұны жасырмау керек. Өз басым ел құрамасы Токио Олим­пиа­дасынан 2-3 алтын ме­даль алады деп сенемін, – деді аза­мат.
 

Түйін:

 

Бір елдің туы өзге елдің жерінде екі жағдайда ғана желбірейді: бірі – ресми жиындарда болса, екіншісі – спортшылар жүлде алған кезде. Спорт тақырыбының айналасында жүрген мамандармен пікірлесе келе, Қазақстан құрамасы Токиода Рио Олимпиадасы нәтижесін қайталайды деп түйін түйдік. Бұл – біздің болжам ғана. Әйтпесе, еліміздің туы өзге елдің көгінде желбірегенін жанымыз қалайды.

   width=Мадияр ТӨЛЕУ