БАҚ-та тараған мәліметке сүйенсек, қалың сақалына ұстара тигізіп көрмеген қария шөберелі болып, қуанышы еселенген. Бүгінде 70 жастан асқан әже өзі туралы түрлі қауесет тараса да еш қамықпастан, бақытты күн кешуде.
Шетелдік БАҚ қазақстандық сақалды әйелді терроршы деп ақпарат таратып жіберген еді. Мұхтабар әже сұмдық жаңалықты бала-шағасынан естіп, жағасын ұстапты. Қария тіпті өзіне қара күйе жаққандарды сотқа беруден де бас тартыпты. Барлығының жазасын бір Аллаға тапсырдым депті өзі.
Оның алты немересі, үш шөбересі бар. Мұхтабар әженің айтуынша, бетінде сақал өсуі тұқымында бар екен. Мысалы, оның анасы мен әжесінде де болған екен. Бұл жағдай оларды еш ұялтпаған.
Дәрігерлердің айтуынша, зейнеткердің бетіндегі сақал тұқым қуалап өсіп кеткен және Мұхтабар әженің денсаулығында ешқандай норма бұзылмаған.
Сақалды әже елімізде 2018 жылы түрлі БАҚ арқылы танылған еді.