Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров пен «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Дархан Иманашев өңірдегі жағдайға қатысты бейнеүндеу жолдады.
Белгілі болғандай, Ақтөбе облысында ауа райының нашарлауына байланысты «Самара - Шымкент» күре жолында жол қозғалысына шектеу қоюға тура келген. Бұл 550 жеңіл көлік және 2768 жүк көлігі кептелісінің туындауына себеп болды. Әсіресе, ұзындығы 30 шақырым «Ақтөбе-Хромтау», «Хромтау-Қарабұтақ» учаскелері арасында.
«Жолға жауапты қызметкерлердің күндіз-түні тынымсыз еңбегінің арқасында республикалық маңызы бар «Самара-Шымкент» автожолының «Ақтөбе-Қарабұтақ бағыты» бойынша көліктің барлық түрлеріне жол ашылды. Сағат 17.30-да «Самара-Шымкент» республикалық автожолының Қостанай, Қызылорда, Түркістан облыстары аумақтарында да жүру жанданады», - делінген хабарламада.
Жалпы, бұл республикалық автожол арқылы негізінен 10-15 мың автокөлік өтеді.