Туыстарының айтуынша, сағат 10.00 шамасында 8 жастағы бала мал іздеп атқа мінген.
Мал іздеуге шыққан: Абай облысында 8 жастағы бала жоғалып кетті
Фото: ІІМ баспасөз қызметі
754
оқылды

11 ақпанда Аягөз ауданының полиция бөліміне жергілікті тұрғындар кәмелетке толмаған 2015 жылы туған ұлы Иманғали Мерей Нұржанұлының іздеуге жәрдемдесу туралы өтінішпен жүгінді. Таңертең атпен үйден шығып кеткенін хабарлады.

Туыстарының айтуынша, сағат 10.00 шамасында 8 жастағы бала мал іздеп атқа мінген. Кешке бала үйде болмаған кезде, алаңдаған ата-аналар өз бетінше іздеу жүргізді, бірақ оң нәтиже бермей, полицияға жүгінді.

«Баланы іздеу дереу басталды, 15 минуттың ішінде полиция бөлімінің барлық жеке құрамы көтерілді. Полицейлерден басқа іздестіруге еріктілер, жұртшылық және ауданның қамқор тұрғындары белсенді қатысып жатыр», - делінген ІІМ хабарламасында.

Баланы іздестіру жұмыстарын ауа райы қиындатады. Жедел-іздестіру іс-шаралары облыстың көрші елді мекендері мен аудандарының аумағында да жалғасып жатыр.