Жуырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өткен болатын. Шымкент қаласы мәслихатының депутаты Талғат Балтабаев жиында айтылған мәселелер туралы пікір білдірді.
Оның айтуынша, ауыл шаруашылығын дамыту арқылы экономикаға серпін беруге болады. Бұл тұрғыдан келгенде Қазақстанның әлеуеті жоғары.
«Жасыратыны жоқ, салада өзекті мәселелер жеткілікті. Техниканың ескіруі, сапалы мамандардың тапшылығы сынды түйткілдер бар. Әйткенмен агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға көңіл бөлсек, бұл саладан ұтарымыз көп. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысында да дәл осы мәселе көтерілді. Мемлекет басшысы өз сөзінде «Жалпы, агроөнеркәсіп кешеніне ауқымды реформа жасалуға тиіс. Нақты айтқанда, жаңа технологияларды енгізіп, жерді және басқа ресурстарды ұтымды пайдаланып, жеңілдіктер мен субсидиялардың тиімділігін арттыру қажет. Мұның бәрі, түптеп келгенде, ауыл шаруашылығындағы еңбектің өнімділігін арттырады, яғни нақты нәтиже береді» деп атап өтті. Расында да, бүгінде агросаланы дамытуға қатысты бастамалар қоғам арасында жиі көтеріледі», - дейді ол.
Ал енді тиісті министрлік тарапынан тиімді реформалар қолға алынса, қордаланған күрделі мәселелер шешімін табары айқын.
«Бүгінде күнгей жұртшылығы ерте көктемнен жер жыртып, қызу еңбекке кірісіп кетеді. Әйткенмен өнім жинайтын уақытқа жеткенде логистиканың дамымауы жаһандық нарыққа шығуға кедергі келтіреді. Ескі техника да өнім көлемін арттыруға тосқауыл болып отыр. Қала берді, су тапшылығы тағы бар. Сондықтан бұл бағыттағы мәселелер шешімін табуы тиіс деп білемін. Жаңадан жасақталған Үкіметке ауқымды жауапкершілік артылып отыр. Істің үлесінен шығарына сенім білдіреміз», - деп атап өтті Талғат Балтабаев.