Басты түйткіл – жылдар бойы қажетті қаржының жеткілікті бөлінбеуі.
Ауыл – елдің тірегі
Фото: dknews.kz
1,190
оқылды

Жуырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Осы орайда Зеренді ауданына қарасты Садовое ауылындағы сүт зауытының директоры, мәслихат депутаты Әсемгүл Әшімова жиында көтерілген мәселе туралы пікір білдірді.

«Мемлекет басшысы өткен жылды қорытындылауымен бірге алдағы уақытқа деген жаңа жоспарларды айқындап, Үкіметтің жұмысына жаңа серпін беру қажет екендігін атап өтті. Соңғы жылдары ауыл шаруашылығының ақсап, мал басының азайып бара жатқандығы байқалады. Мемлекет басшысы отырыста ауыл шаруашылығына аса көңіл бөлуді тапсырды. Ауыл шаруашылығының дамуын тежеп тұрған кедергілерді бәріміз білеміз. Басты түйткіл – жылдар бойы қажетті қаржының жеткілікті бөлінбеуі. Сондықтан ауыл шаруашылығына бөлінетін қаржыны барынша, тіпті, мүмкіндік болса, екі есе арттыру қажет. Оған бюджеттен ғана емес, басқа да қаржы көздерінен, соның ішінде екінші деңгейдегі банктерден қаражат тартқан жөн. Көктемгі егіс науқанына және күзгі жиын-терінге жеңілдікпен берілетін несиені 1,5 триллион теңгеге дейін арттыру керек. Мемлекет басшысы осы мәселені көтерді», - дейді ол.

 Кәсіпкер ауыл шаруашылығын дамыту басты назарда болуы тиіс деп санайды.

«Ауыл шаруашылығымен яғни, сүт өнімдерін өндірумен айналысатын кәсіпкер ретінде айтарым, ауыл – елдің тірегі. Қазақылығымыздың түп-тамыры. Табиғи таза тағам ұлт болашағына аса маңызды екендігін ескергені қуантады. Бұдан бөлек, Президентіміз жол мәселесін де қолға алуды тапсырды», - деп атап өтті Әсемгүл Әшімова.