2023 жылдың қорытындысы бойынша өз тұрғын үйіне ақша жинап жүрген қазақстандықтарға жалпы мөлшері 81,9 млрд теңге аударылды.
Қазақстандықтарға 138 мың теңгеден түсті
54,020
оқылды

1 990 790 қазақстандық Отбасы банкіндегі жинақ шоттарына мемлекеттік сыйақы алды, – деп хабарлайды Aikyn.kz inbusiness.kz-ке сілтеме жасап.

Отбасы банкінің ("Бәйтерек" холдингінің еншілес ұйымы) клиенттері өткен демалыс күндері өздерінің жинақ шоттарына қаражат түскенін байқады. Бұл – мемлекеттік сыйақы. 

2023 жылдың қорытындысы бойынша өз тұрғын үйіне ақша жинап жүрген қазақстандықтарға жалпы мөлшері 81,9 млрд теңге аударылды. Соңғы екі тәулік ішінде 1 990 790 адам Отбасы банкіндегі депозиттеріне қаражат түскенін көрді.

Мемлекеттік сыйлықақыны алушының орташа жасы – 35 жас. Яғни, жас қазақстандықтар тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне сенеді және өздерінің тұрғын үй мәселесін шешу үшін осы құралды таңдайды деген сөз.

Бұл ретте Отбасы банкінің әрбір төртінші салымшысы 138 000 теңге мөлшерінде ең жоғары сыйақы алды.

Мемлекеттің 20% мөлшеріндегі сыйлықақысы 200 АЕК-тен аспайтын жинақ сомасына есептеледі. 2023 жылы 1 АЕК – 3 450 теңгеге тең болды. Бұл сыйлықақы алуға жарамды ең жоғары сома 690 000 теңгені құрағанын білдіреді.

Заңға сәйкес, сыйлықақы төлеуді мемлекет қамтамасыз етеді. Осылайша ол өз азаматтарына тезірек ақша жинап, қолжетімді шарттармен баспана мәселесін шешуге септігін тигізеді.

Отбасы банкіндегі жинақ шот иелерінің жасы мөлшерлері әртүрлі, туғаннан бастап 96 жасқа дейін. Мысалы, 2023 жылдың қорытындысы бойынша 240 000-нан астам қазақстандық бала өздерінің жинақ шоттарына мемлекеттік сыйлықақы алды.

Жалпы балаларыңызға, қарт ата-анаңызға, сондай-ақ жақын туыстарыңызға "Отбасылық пакет" аясында депозит ашқан тиімді. Бұл жағдайда ашылған әрбір депозитке мемлекеттік сыйлықақы жеке-жеке аударылады. Ал тұрғын үй заемын алуға қажетті сома жиналғанда, шоттарды біріктіріп, баспана сатып алуға болады. 

Мемлекеттік сыйлықақы – бұрын үстіне аталмыш сыйлықақы қосылмаған жинақтарға ғана аударылады. Яғни, ағымдағы жылы жинақталған қаражат пен өткен жылы сыйлақақы қосылмаған жинақтардың қалдығы есепке алынады. Егер өткен жылы депозитте жинақталған сома 200 АЕК-тен асып кетсе, онда сыйлақақысыз қалған айырма сома ағымдағы жылы мемлекеттік сыйлықақыны есептеу үшін ескерілетін болады.

Егер бір салымшының банкте бірнеше салымы болса, онда мемлекеттік сыйлықақы олардың біреуіне ғана есептеледі.

Еске сала кетейік, салымшы депозитте 3 жылдан аз уақыт аралығында қаражат жинап, оның шартын мерзімінен бұрын бұзған жағдайда, мемлекеттік сыйлықақы бюджетке қайтарылады.
2024 жылдың қорытындысы бойынша ең жоғары мемлекеттік сыйлықақы көлемі 147 680 теңгеге тең болады. Оған қол жеткізу үшін Отбасы банкіндегі шотқа кемінде 738 400 теңге (200 АЕК) жинақтау қажет. Ол үшін салымшылар ай сайын өз депозиттерін шамамен 61 500 теңгеге толықтырып отырулары тиіс.

Мемлекеттік сыйлықақы мен банк сыйақысын қосқанда, Отбасы банк депозиттерінің жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 14%-ға жетеді.

Қазір Отбасы банкінде қаражатты тек тұрғын үйге ғана емес, "AQYL" депозитін ашып, балаларыңыз үшін де, өзіңіз үшін де білім алуға жинақтауға болады. "AQYL" көмегімен елімізде немесе шетелде оқу ақысын төлеуге мүмкіндік бар. Егер білім алуға негізделген депозит кемінде үш жыл мерзімге ашылса, онда ол бойынша мөлшерлеме жылдық 12%-ға тең болады (ЖТСМ 13,1%-ға дейін). Егер депозит кемінде 5 жыл мерзімге ашылса, онда салым бойынша мөлшерлеме 9,5%-ға тең (ЖТСМ 10,1%-ға дейін). "AQYL" депозитіне де мемлекеттік сыйлықақы есептеледі.