Мәжіліс вице-спикері Альберт Рау жетекшілік еткен жиында Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Үкіметтің осы бағыттағы жұмысы туралы баяндады.
Мәжілістегі Үкімет сағатында орман өртінің алдын алу мәселесі талқыланды
653
оқылды

Мәжілісте орман өрттерінің алдын алу және оған қарсы күрес тақырыбына арналған Үкімет сағаты өтті. Мәжіліс вице-спикері Альберт Рау жетекшілік еткен жиында Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Үкіметтің осы бағыттағы жұмысы туралы баяндады.

Отырысты ашқан Альберт Рау жыл сайын мемлекеттік орман қоры аумағында 650-ден 800-ге дейін өрт оқиғасы тіркелетінін айтты. Соңғы 5 жылда олардың саны 3200-ден асып, 610 мың гектар алқап өртке оранған.

– Былтыр маусым айында «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватында болған өрт 60 мың гектар орманды шарпыды. Отты ауыздықтау кезінде 15 адам қаза тапты. Мемлекет басшысы Абай облысында өткен жедел штаб отырысында бұл салада шешімін таппаған мәселелердің көп екенін айтты. Мәжіліс депутаттары Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау бойынша мемлекеттік органдар қандай жұмыс атқарып жатқанын, орман өрттерінің алдын алу мен оны сөндірудің жаңа технологиялары қалай енгізіліп жатқанын білгісі келеді, – деді Альберт Рау.

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев табиғи өрттердің алдын алу және жою жүйесін күшейту мақсатымен Экология және Төтенше жағдайлар министрліктерінің бірлескен бұйрығымен табиғи өрттерді жою кезінде уәкілетті органдар мен ұйымдардың өзара іс-қимылының алгоритмі бекітілгенін айтты.

– «Орман өрттерін ерте анықтау жүйесі» жобасы әзірленді. Өрттер 30 шақырымға дейін айналмалы көру мүмкіндігі бар бейнебақылау камералары арқылы анықталады. Бұл жүйені «Бурабай» ұлттық саябағына енгізу өз тиімділігін көрсетті. Егер бұрын мұнда орман өртінің орташа ауданы 80 гектар болса, жүйе енгізілгеннен кейін аумақ 1,5 гектарға дейін қысқарды, – деді  Е. Нысанбаев.

Сондай-ақ республиканың барлық орман шаруашылығын материалдық-техникалық қамтамасыз ету үшін 2023-2027 жылдарға арналған азаматтық қорғау саласындағы бірінші кезектегі шаралардың кешенді жоспары әзірленген. Сөйтіп, 1082 бірлік арнайы техника (өрт сөндіру және патрульдік көліктер, тракторлар), өртке қарсы және орманды қалпына келтіру жұмыстарына 948 бірлік тіркеме және қосымша жабдық сатып алу, орман өрттерін ерте анықтау жүйесін орнату, орман шаруашылығы мекемелерінің аумағында 102 өрт бақылау мұнарасын салу жоспарланып отыр.

Жиында Төтенше жағдайлар вице-министрі Бауыржан Сыздықов ұшқышсыз авиацияны дамытуға баса назар аударды. Ол өрттің алдын алу мен бақылауда ғана емес, өрт қауіпсіздігі режимін бұзушыларды анықтауда тиімдірек болып отыр. Бүгінгі таңда Төтенше жағдайлар министрлігінде тікұшақ үлгісіндегі 120 дрон бар, оның жартысынан көбі өткен жылы сатып алынған.

Мәжілістің Экология және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы Еділ Жаңбыршин Үкімет сағатына дайындық барысында бір топ депутат «Бурабай» ұлттық саябағындағы орман өрттерін ерте анықтау жүйесінің жұмысымен танысқанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл жүйе барлық орманға енгізілмеген.

– Биыл «Семей орманы» қорығы аумағында өртті ерте анықтау жүйесін енгізу үшін қажет 4,1 млрд теңге қолдау таппай отыр. Жаңа Үкімет бұл мәселеге қолдау білдіріп, тиісті министрліктер мен әкімдіктер осындай жүйені өңірлерде енгізу үшін барлық мүмкіндікті қарастыруы қажет. Сондай-ақ Экология министрлігі ормандағы жағдайды бақылау үшін Аэроғарыш комитетімен бірлесіп, термалды нүктелерді анықтау бойынша ғарыштық мониторингті әзірлеуі және жүргізуі керек. Бұл өрттерді сөндіру үшін тиісті шараларды жедел қабылдауға мүмкіндік береді, – деді Е. Жаңбыршин.

Отырыс барысында депутаттар шешімін таппаған басқа да мәселелерге тоқталды. Мысалы, орман қорын қалпына келтіру, Семей орманындағы өрттің шығын мөлшерін толық бағалау, табиғи аумақты жарақтандыруға бөлінетін қаржы, жерді ғарыштан мониторингілеу жүйесінің қызметі, орман шаруашылықтарындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, ғалымдар мен мамандар даярлау, орман шаруашылығы қызметкерлеріне қосымша ақы төлеу және тағы басқа мәселелер. 

Альберт Рау Экология және табиғат пайдалану комитеті аптаның соңына дейін орман өрттерінің алдын алу және онымен күресу бойынша ұсыныстарды жинақтап, Үкіметке жіберетінін айтты.

– Жаз маусымы басталмай тұрып жауапты мемлекеттік органдар шығындарды азайту үшін тиісті шаралар қабылдап үлгеруі қажет. Цифрландыру – бұл шешім емес. Бірақ бұл «Бурабай» саябағындағы мысалдан көргеніміздей, өрттің салдарын залалсыздандыруға болатын тәсілдердің бірі. Сонымен қатар біз жауапкершілік ғарыштан өрттің анықталғаны туралы сигнал алған сәттен бастап енгізілетін ереже қарастырдық. Мұның бәрі ұлттық қазына-байлығымыз үшін жасалып жатқан әрекеттер, – деп түйіндеді вице-спикер.

Үкімет сағаты аясында Мәжіліс ғимаратында Экология және Төтенше жағдайлар министрліктерінің ұйымдастыруымен тақырыптық көрме өтті. Депутаттарға қызметтік техника мен құтқарушылардың құрал-жабдықтары көрсетілді.