Іздестіру-құтқару жұмыстары кезінде үш күннен бері хабарсыз кеткен Маңғыстау облысының үш тұрғыны аман табылды.
Бүгін таңертең Маңғыстау облысына қарасты Бейнеу ауданының Шағырлы-Шөмішті аумағында ТЖД, ПД және жергілікті атқарушы органдардың іздестіру-құтқару тобы 9 ақпанда Ақтөбе облысының Шалқар ауданы арқылы Қызылорда облысына Бейнеу кентінен екі автокөлікпен шыққан 3 адамды іздестіргенін мәлімдеді. Жоғалған адамдардың туыстарының айтуынша, жолға шыққан азаматтар 9 ақпаннан бастап байланысқа шықпаған.
«Үш күн бұрын Ақтаудан жиенім екі досымен Қызылордаға жолға шыққан болатын. Олар екі «Тойота Прадо» көлігімен Бейнеу ауданынан Ақтөбе облысының Бозой елді мекені арқылы Қызылордаға жетуді көздеді. Алайда Бейнеуден 120 шақырым ұзаған соң көлік батпаққа батып, байланыстан ажырап қалды. Араға бірнеше күн салып 20-30 шақырым жердегі Шөмішті-Шағырлы кен орнын тауып барып, көмек сұраған. Қазір олар тамақтанып, батпаққа батқан көлігін тартып шығаруға арнайы техника аттанды», – деді жоғалған азаматтың бірінің Яхия есімді туысы.
Ал туыстары хабар берген соң Маңғыстау облысының іздестіру-құтқару тобы бірден іске кіріскенін мәлімдеді.
«12 ақпанда 13:20-да хабарсыз кеткен екі адам байланысқа шықты. Олардың айтуынша, көлігі балшыққа батып, жақын маңдағы бекетке өздері жеткен. Оларға медициналық көмек қажет болған жоқ», – деді облыстық ТЖД-нің баспасөз қызметі.