Ұсталған шетелдік курьер функциясын үш айға жуық орындап келген.
Еуропадан Қазақстанға кокаин тасымалдаған күдікті ұсталды
619
оқылды

Алматыда есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөліністерінің қызметкерлері Италия мен Польшадан Қазақстанға жеткізілетін кокаин арнасының жолын кесті, деп хабарлайды Aikyn.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап. 

Оңтүстік астанада жалға алынған пәтерде салмағы 250 грамм кокаин тәркіленді. Ол кофе түрінде пластикалық капсулаларға жасырылған.

Бұдан әрі Қазпошта бөлімшесінде фигурантқа тиесілі сәлемдемені тәркілеу бойынша тергеу шаралары жүргізілді. Одан жалпы салмағы шамамен 1 келі есірткі заттары бар пластикалық банкалар табылды, оның ішінде 0,5 келі кокаин және 400 грамнан астам экстази болған. Бұл 3 мыңнан астам бірреттік дозаны құрайды.

Анықталғандай, ұсталған шетелдік курьер функциясын үш айға жуық орындап келген, ал Алматыға шаруашылық тауар ретінде жасырылған пошта сәлемдемелері арқылы есірткінің сирек түрлерін сату мақсатында ғана келген.

– Ұсталған адамға қатысты есірткі заттарын өткізу мақсатында аса ірі мөлшерде заңсыз сатып алу және сақтау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Естеріңізге сала кетейік, бұл қылмыстар үшін мүлкі тәркіленіп, 10 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылады. Күдікті қамауға алынды. Елге кокаин жеткізу арналарын анықтау бойынша іс-шаралар жалғасып жатыр. Өзге ақпарат тергеу мүддесі үшін жария етілмейді, – деді ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Бақытжан Әмірханов.