Даниялық компанияның жаңа дәрісін дәріхана сөрелерінен табу қиын, – дейді BBC News тілшілері. Осы хабарламаға сүйенген Aikyn.kz дәрінің үлкен сұранысқа ие болу себебін түсіндіреді.
60 келі салмақ тастаған Каспер Нильсен. Фото BBC News сайтынан алынды
Компанияның жаһандық сатылымы жылдам өскені соншалық, оның өндірушісінің нарықтағы құны шарықтап кеткен. Даниялық дәрі-дәрмек өндіруші Novo Nordisk өткен жылы Еуропадағы ең құнды листингік компания атанған.
Копенгагенде тұратын Каспер Нильсен Wegovy дәрісін екі жыл бойы қабылдап жүргенін айтады. «Қазір мен болашаққа әлдеқайда үлкен сеніммен қараймын. [Екі жыл бұрын] менің салмағым 159 келі болатын... Дәл қазір салмағым 93,5 келі, сондықтан менің жағдайым жақсарды», – дейді екі жылда 60 келі салмақ тастаған Каспер Нильсен.
Әлеуметтік желілердегі дүрлігулер мен танымал қолданушылардың жарнамасы, оның ішінде Илон Маск те бар, салмақ жоғалтуға арналған Wegovy препаратын дәріхана сөрелерінен ұшырып әкетіп жатыр. Ал Wegovy өндірушісі Novo Nordisk препаратты жеткілікті дәрежеде жылдам шығара алмауда. Компанияның жаһандық сатылымы жылдам өскендіктен, қазір нарықта бұл дәрінің тапшылығы да сезіле бастаған.
2023 жылы Wegovy-дің сатылымы бес есе өскен. Фото Reuters агенттігінен алынды
Артық салмағы бар адамдарға арналған Wegovy-тің негізге әрі белсенді ингредиенті семаглютид деп аталатын препарат. Ол қандағы қантты бақылауға көмектеседі, тәбетті төмендетеді және пациенттерде тоқтық сезімін туғызады.
Бұл – сонымен қатар ІІ типті қант диабетін емдеу үшін қолданылатын Ozempic препаратының белсенді ингредиенті. Ozempic-ті де Novo Nordisk шығарады. Ozempic-пен салыстырғанда Wegovy препаратын ұзақ уақыт қолдануға болады.
Aikyn.kz бұрын да қант диабеті мен салмақ түсіруге арналған дәрілер туралы талдау мақаласын жазған.
Зерттеулер көрсеткендей, Wegovy қабылдаған пациенттер дене салмағының 10%-ын жоғалтуы мүмкін. Дегенмен бұл дәрінің жүрек айнуы мен құсу сияқты жанама әсерлері де бар екенін айтады зерттеуші мамандар. Соңғы зерттеулер пациенттер дәріні қабылдауды тоқтатқаннан кейін қайтадан салмақ қосатынын көрсеткен. Дәрінің кері әсері туралы мына сілтемеден оқуға болады.
Жарнамалық баннер. Фото ibihealthcare.com сайтынан алынды
Бұл ескертулер де Wegovy-дің 2023 жылы бес есе өскен сатылымын бәсеңдетпеді. Қазіргі уақытта ол сегіз елде қолжетімді – Дания, Германия, Исландия, Норвегия, Швейцария, БАӘ, АҚШ және Ұлыбритания. Ақпанның соңында бұл тізімге Жапон елі де қосылуы мүмкін.
Ұлыбританияда оны қазір Ұлттық денсаулық сақтау қызметінің дәрігерлері белгілі бір критерийлерге сәйкес келетін науқастарға ғана салмақ жоғалту бойынша тағайындайды. Оны кейбір жеке клиникалардан да сатып алуға болады.
Wegovy дәрісімен салыстырғанда Ozempic препараты қазіргі уақытта әлемдегі ең көп сатылатын қант диабетіне қарсы дәрі болып саналады. Екі дәрінің де қарқынды сатылуы Novo Nordisk кірісінің өсуіне әкелді. Қаңтар айының соңында компания өзінің жылдық таза табысы 51%-ға өсіп, 12 млрд долларға жеткенін хабарлаған.
Фото Getty Images сайтынан алынды. Авторы: John Sommer
BBC-ге берген сұхбатында компанияның Бас қаржы директоры Карстен Мунк Кнудсен Ozempic пен Wegovy-дің үлкен танымалдылығы компанияны алғашында таңғалдырғанын мойындаған.
«Нарықтағы қант диабетіне де, семіздікке де сұраныс біз болжағаннан әлдеқайда жоғары болды. Барлық мамандар болжағаннан әлдеқайда көп», – дейді ол. Оның ойынша, мұндай күшті сатылымдар 2024 жылы да жалғасады деп күтеді: «Біз 18%-дан 26%-ға дейін өсуді болжап отырмыз».
Barclays банкінің фармацевтикалық сарапшысы Эмили Филдтің айтуынша, Novo Nordisk Wegovy-ге тапсырыстарды орындай ала ма, жоқ па белгісіз. «Негізгі сұраныс соншалықты үлкен, олар сұранысты орындай алмай жатыр», – дейді ол.
Кнудсен мырза да компанияның сұранысты «жақында» орындай алмайтынын мойындайды. Бірақ өндіріс қуатын кеңейтуге көп инвестиция бөлініп жатқанын айтады. «Біз шынымен де бұрын-соңды болмаған жаңа нысандар салып жатырмыз».
Саламатты өмір салтын сақтаудың пайдасы туралы әзіл мына видеода:
Фото maleexcel.com сайтынан алынды
6 миллионнан аз ғана халқы бар шағын мемлекет Дания үшін Novo Nordisk қазірдің өзінде ел экономикасына үлкен әсер етуде. Данияның экономикалық өсімі 2023 жылдың алғашқы тоғыз айында 1,1 пайызды құрады. Бірақ бұл өсімнен Novo Nordisk кіретін фармацевтикалық сектордың табысын алып тастаса, экономика 0,8%-ға қысқарады. Қазір Дания дәрі-дәрмек өнеркәсібін қоспай, жеке экономикалық статистиканы бөлек жүргізе бастады.
Ал Каспер Нильсен сияқты қарапайым тұтынушылар Wegovy дәрісіне салмақпен күресте көмектескеніне алғысын білдіруде.
Соңғы бір ғасырға жуық уақыттан бері Novo Nordisk инсулин өндірумен айналысқан. Бірақ компания 2004 жылы семаглютид табылғаннан кейін өндіріс бағытын өзгерткен. Алдымен 2012 жылы Ozempic жасалды, 2021 жылы қант диабетін ұзақ емдеуге арналған Wegovy препараты жасалды және оның салмақ жоғалтудағы әсері таңғалдырды.
Ozempic препаратын қолдануға 2017 жылы АҚШ-та және 2018 жылы Еуроодақта рұқсат берілді. Wegovy рұқсатты 2021 жылы АҚШ-та және 2022 жылы Еуроодақта алды.
Жарнамалық баннер. Фото novomedlink.com сайтынан алынды
Данияның Жалпы медицина қоғамының өкілі, жалпы тәжірибелік дәрігер Мария Крюгер қазір Wegovy-ты іздеп жүрген науқастардың саны «таңғалдыратынын» айтады. Және бұл дәріні кім қабылдауға болатыны туралы қатаң нұсқаулар қажет деп санайды. «Әлеуметтік медиа адамдарға шынымен әсер етеді. Менің ойымша, бізде идеалды дене сымбатты және сұңғақ болу керек деген ұғым бар», – дейді ол.
Wegovy-дан пайда көретін Даниядағы кейбір адамдар оны тым қымбат деп санайды, өйткені елдегі тұтынушылар препараттың толық нарықтық бағасын төлеуі керек.
Доктор Крюгер: «Салмақпен шынымен күресіп жүрген және артық салмақтың кесірінен жұмыс істей алмайтын, сондай-ақ физикалық кемістігі бар науқастардың көпшілігі бұл препаратты қымбат болғандықтан, сатып ала алмайды», – дейді.
Фото Shutterstock сайтынан алынды. Авторы: Kurhan
Бүкіл әлемде семіздік деңгейі соңғы 50 жылда үш есеге жуық өскен және 2030 жылға қарай 1 миллиард адам артық салмақтың қиындығына душар болады деп күтілуде.
«Мен әртүрлі диеталарды миллион рет қолданып көрдім ... және олар ешқашан нәтиже бермеді. Диетаны аздап болса да босатқаннан кейін мен бірден салмақ қостым, тіпті одан да көп салмақ жинадым. Бірақ қазір Wegovy-дің көмегімен 60 келі салмақ тастаған соң өмірге көзқарасым өзгерді, шынында, менің немерелерім болады және олармен ойнаймын. Мен жақсы ата болу үшін керек нәрсенің бәрін жасаймын». Бұл жаңа препарат өмірін өзгерткен Каспер Нильсеннің сөзі.
Дегенмен жаңа дәрінің ағзаға әсерін, қандай салдары болатынын білмей қолдануға болмайтынын ескертеміз. Міндетте түрде тәжірибелі дәрігердің кеңесін алу керек.