Соңғы жылдары жиі айтылатын генеративті ЖИ (GenAI) адамзат әлемін мүлдем өзгертуі мүмкін. Мамандар бұл тенденция жылдан жылға үдей түседі дейді.
2024 жылы жасанды интеллект өмірдегі шынайы достарды алмастырады
Виртуалды достар шынай өмірдегі достарды алмастырады. Фото depositphotos.com сайтынан алынды
1,079
оқылды

Америкалық CB Insights консалтингтік компаниясының сарапшыларының болжамы бойынша 2024 жылы бірнеше ғажайып технологиялық шешімдер өмірге келеді. Trends.rbc сайтының материалына сілтеме жасай отырып Aikyn.kz болашақ технологиялардың шығу ықтималдығын бағалайды.

Фото Getty Images сайтынан алынды. Авторы: Katerina Kon/Science Photo Library

Алдымен генеративті жасанды интеллектің (GenAI) не екенін түсіндірейік. Генеративті жасанды интеллект (GenAI – Generative Artificial Intelligence) – бұрын болмаған нәрсені жасайтын жасанды интеллектің ең жылдам дамып келе жатқан түрі.

Ол жаңа контентті әртүрлі формада жасайды: мәтіндік, дыбыстық және визуалды. Генеративті модельдер деректер жиынын пайдаланып тапсырмаға сәйкес жаңа контент жасауға үйретілген. Бұл оның қазіргі ЖИ модельдерінен негізгі айырмашылығы.

Қарапайым мысалмен түсіндірейік. Егер сіз бүгінгі ЖИ жүйелерінен «Жолда адам келе жатыр ма, әлде көлік келе жатыр ма?» деп сұрасаңыз ол нақты жауап береді. Ал генеративті ЖИ-ден жолдың бойымен кетіп бара жатқан адамды көлік озып бара жатқан суретті салуға тапсырма беруге болады.

Ол бұл тапсырманы өте сапалы орындай алады – нәтижесі мәтінмен  емес, суретпен беріледі. Осылайша, генеративті ЖИ бұрын өзі көрген контентті қолданып жаңа контент тудырады және ол үздіксіз үйренетін болып жасалады.

Фото Getty Images сайтынан алынды. Авторы: Piranka

2023 жылы генеративті жасанды интеллектке (GenAI) қызығушылық жылдам өсті. CB Insights консалтингтік компаниясының сарапшылары 2024 жылы саланың дамуы туралы болжамдарымен бөлісті. Сарапшылардың қорытындысы төменде берілді.

ЖИ үшін жасалған деректерді өңдеу орталықтарына көп электр энергиясы қажет

2024 жылы Nvidia-ның жоғары өнімді ЖИ чиптері Грузия немесе Гватемалаға қарағанда айтарлықтай  көп электр энергиясын тұтынады деп болжануда.

Бұрынғы деректер орталықтарына соншалықты энергия қажет емес еді. Алдағы 15 жылда деректер орталығы тұтынатын энергияның 80%-ын ЖИ тұтынатын болады.

Бұл салқындату жүйелері мен жаңартылатын энергия көздеріне сұраныстың артуына әкеледі. CB Insights сарапшылары ЖИ-дің болашағы орнықты болуы үшін жаңа атом электр станциялары қажет деп санайды.

Деректердің жетіспеушілігі жаңа дереккөздерді іздеуге әкеледі

Зерттеушілер 2026 жылға қарай адамзат үлкен тіл үлгілерін (LLM) оқытуға арналған жоғары сапалы мәтіндік деректер таусылады деп есептейді. Бұл тенденция ЖИ-дің ары қарай дамуын бәсеңдетуі мүмкін. Нақты деректердің жоғары құны мен тапшылығы синтетикалық деректер жиынына сұраныстарды арттырады. Мұндай ақпарат жинақтарын адам емес, компьютерлік алгоритм жасауы мүмкін.

Фото Getty Images сайтынан алынды. Авторы:  Milos Dimic

Жаңа графикалық процессорлар (GPU)жасалады 

GPU тапшылығы жағдайында технологиялық компаниялар арасындағы бәсекелестік артып келеді. GPU тапшылығы салаға қатты әсер етеді және Nvidia H100 графикалық процессорлары үлкен үстеме бағамен сатылады.

SpaceX негізін қалаушы және бас директоры Илон Масктың сөзінде шындық бар: «Қазір GPU-ларды сатып алу заңсыз заттарға қарағанда қиынырақ».

Nvidia H100 – жасанды интеллект үшін арнайы жасалған графикалық процессор. H100 негізгі ерекшеліктерінің бірі – оның жоғары өнімділігі. Процессор қуатты есептеуіш ядролармен және ақпаратты жоғары жылдамдықпен өңдеуге мүмкіндік беретін үлкен көлемдегі жадпен жабдықталған.

H100 процессорының өзіндік құны – 3,3 мың доллар болғанымен оның нарықтағы бағасы 30 мың долларды құрайды, яғни, он есе қымбат бағаға сатылады. Ал eBay-дегі H100 бағасы 2024 жылдың 24 қаңтарындағы жағдай бойынша 45 мың долларды құрайды.

H100 негізгі сатып алушылар қатарында Tesla, Amazon, Google, Meta, Alibaba Group, Microsoft және басқа да жоғары технологиялық компаниялар бар. Өсіп келе жатқан сұраныс жағдайында Nvidia-ның ең ірі тұтынушылары графикалық процессорларын жасауға қажетті чиптерді өздері әзірлеуге кіріскен.

Фото Getty Images сайтынан алынды. Авторы: Narumon Bowonkitwancha

ЖИ-достар өмірдегі шынайы достарды алмастырады

Адамзат жалғыздық індетін бастан кешіруде. Смартфондар дәуірінде жаңа буын өкілдері уақыттарының көп бөлігін желіде өткізеді. Z буыны деп әдетте 1990 жылдардың аяғынан 2010 жылдардың басында өмірге келген ұрпақты айтады. Олар цифрлық инновациялар дәуірінде өсті: интернет, әлеуметтік желілер және мобильді құрылғылардың ортасында есейді.

Z ұрпағын «цифрлық жергілікті тұрғындары» деп те атайды. Өйткені бұл адамдар туғаннан бері технологиямен қоршалған және онымен табиғи түрде әрекеттеседі.

2024 жылы адамдар ЖИ жүйесінде достар тауып, солармен көбірек уақыт өткізетін болады. CB Insights сарапшыларының пікірінше, романтикалық ЖИ шынайы өмірдегі адамдар арасындағы қарым-қатынастардың азаюына алып келеді. Қазірдің өзінде пайдаланушылар ақылы түрде виртуалды достар таба алады.

Ондай сервистердің бірі – Candy ЖИ. Бұл жерде сіз виртуалды «досыңыздың» көзінің және шашының түсін, жасын, ұлтын, шаш үлгісін, дене түрін, дауысын, мамандығын, хоббиін, қарым-қатынас түрін және киім үлгісін таңдай аласыз.

Жобаны жасаушылар виртуалды жігіт немесе қыз жай ғана код емес екенін айтады. Олар романтикалық қарым-қатынастарды модельдеуге арналған. Ол адамдардың арасындағы қарым-қатынас дағдыларын және басқа да функцияларды меңгерген.

Фото Pexels сайтынан алынды

Генеративті ЖИ дипфейкпен күресуге көмектеседі

Deepfakes генеративті жасанды интеллект (GenAI) құралдарының арқасында жетілдірілуде: шынайы өмірдегі адамдардың бет-бейнесі мен дауысын дәл қайталайды.

Жақын айларда генеративті ЖИ киберқауіпсіздікті күшейтуге бағытталған жаңа қызметтер көрсете бастайды, оның ішінде дипфейкті анықтау да болады.

Deepfakes қазірдің өзінде ойын-сауық индустриясы мен блогерлер тарапынан жоғары сұранысқа ие. Бірақ олардың адам өміріне әсері күшейгендіктен, қоғам дипфейктермен күреске көңіл бөлуде.

Фото Shutterstock сайтынан алынды

GenAI медианың жұмыс істеу тәсілдерін өзгертеді

Медиа құралдар жаңалықтарды жинауды, жасауды және таратуды жеделдету үшін ЖИ-ді белсенді пайдалана бастады. Бұл тренд алдағы уақытта да дами береді.

Мысалы, The Associated Press соңғы жаңалықтардан хабардар болу үшін өз жұмысында әлеуметтік желілердің ЖИ арқылы жасалған мониторингті пайдаланады. Washington Post газеті Heliograf бағдарламалық құралын пайдаланады.

Ол спорт нәтижелері сияқты салалық деректерге негізделген контент жасауды жеңілдетеді. Кувейт, Үндістан және Малайзия телеарналары 2023 жылы ЖИ-мен жұмыс істейтін виртуалды жаңалықтар жүргізушілерін ұсынғаны да бұл процестің тым жылдам жүріп жатқанын көрсетеді.

Біз 2024 жылы жалпы ақпараттық нарықта пайда болатын 6 технологиялық жаңашылдықты таңдап алып көрсеттік. Осындай қарқынмен дамыған генеративті ЖИ (GenAI) енді 10 жылда адамдар арасындағы коммуникацияны да, еңбек нарығын да өзгертетіні анық.

Бірақ олар қаншалықты пайдалы немесе зиянды болатынын бүгін ешкім дәл айта алмауда. Жасанды интеллект жүйелерінің дамуындағы алаңдаушылық туғызып отырған мәселенің түйіні де осында болып тұр.