Соның салдарынан қаншама адам дұрыс ем алмай, зардабын тартып жатыр.
Депутат әлеуметтік желілерде медициналық қызмет көрсетуді жарнамалауды бақылау керегін айтты
312
оқылды

Осыған байланысты Мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрымова адамдардың көпшілігі әлеуметтік желідегі жарнамаға сеніп, көз жұма барып, зардабын тартып жатқанын айтып, ҚР Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға депутаттық сауал жолдады.

Өткен жылдың соңында Алматыда жекеменшік клиникада дұрыс ем көрсетпеудің салдарынан екі жасар бала қайтыс болды. Оған бір уақытта 22 дәрі-дәрмек салынып, 7 көктамыр арқылы екпе тағайындалды. Ағзаның улануының салдарынан ағзадағы маңызды органдар жұмыс істемей қалып, әлгі бала қалалық балалар ауруханасының жансақтау бөлімінде көз жұмған. Ең қызығы, осы емханада осындай кішкентайларға бір сәтте 40-қа жуық дәрі-дәрмек тағайындалады. Ал бұл дегеніміз – денсаулықты құртудың жолы. Мұны түсіну үшін дәрігерлік білімнің де қажеті жоқ. Міне, осындай емге ата-аналар дәрігердің кеңесіне 200 мың теңге, массажға 400 мың теңге төлеген. Тіпті, медициналық жоғары оқу орындарында болашақ дәрігерлерге бесеуден артық дәрілік препаратты тағайындамауды үйретеді. Осындай жағдайлар аз емес. Мысалы, бір Тараздың өзінде жекеменшік салондарда блефаропластика, липосакция секілді 9 заңсыз пластикалық ота жасалды. Одан қаншама адам зардабын тартты. Осының бәрі әлеуметтік желілердегі жарнаманың қармағына түсіп, біліктілігі жоқ мамандарға қаралуынан болды. Өйткені қазір кез келген адам медициналық білімі болмаса да, емін-еркін өзін дәрігер ретінде жарнамалай алады. Көп адам білместігінен осындай жарнамалардың құрбаны болып жатыр. 

Осыған байланысты біз ең әуелі медициналық қызмет көрсетуді жарнамалайтын әлеуметтік желілердегі жарнамалардың бақылауға алу керек.  Екіншіден, заңсыз медициналық қызметті анықтау жөніндегі жұмысты күшейту қажеттігін сұраймыз, – дейді депутат.