Алматы прокуратурасының нұсқауымен жеке деректерді тарату бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
«2024 жылғы 14 ақпанда Бостандық ауданының Полиция басқармасы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-і студенттерінің медициналық құпияны құрайтын жеке деректер мен мәліметтерді тарату фактісі бойынша Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі 147-бап бойынша («Жеке өмірге қол сұғылмаушылықты және Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасын бұзу») сотқа дейінгі тергеп-тексеру тіркелді», – делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта қылмыстық іс аясында барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.
Еске салайық, бұған дейін Telegram-арналардың бірінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенттерінің медициналық жеке деректері тарап кеткені туралы ақпарат пайда болған еді.
Тараған ақпаратта студенттердің аты-жөні, ЖСН, байланыс нөмірлерінен бөлек, кейбір медициналық қорытындылар да жазылған.
Университет әкімшілігі өкілдері осы жайтқа қатысты пікір білдірді.
«6 ақпанда «Smart Health UniversityCity» ЖШС медбикесі WhatѕАрр мессенджері арқылы механика-математика факультеті деканатының маманына осы факультеттің 3-4-курс студенттерінің флюорографиялық зерттеуден өтуін қамтамасыз ету үшін Excells форматында тізімін жіберді. Алайда құжаттарда студенттердің тегі мен аты-жөнінен бөлек, медициналық құпия мәліметтер де болған. Кейін мессенджерлерге жіберу арқылы университет студенттеріне қатысты дәрігерлік құпия деректер мен мәліметтер тарап кеткен. Осы дерек бойынша 14 ақпанда университетте қызметтік тексеріс тағайындалды және Алматы қаласының прокуратурасына прокурорлық ден қою шараларын қабылдауды, студенттердің құқықтарын қорғауды қамтамасыз етуді сұрап, өтініш жолданды», – деп жазылған университет әкімшілігі жауабында.
Университет «Smart Health University City» ЖШС-мен шартты бұзу мәселесін қарастырып жатқандарын хабарлады.