Жанды емдеймін деп, жарға жықпасын...

Қараңғылық тұңғиығынан құтылып, бойындағы жағымсыз сезімдерден арылғысы келген адам үшін психолог – жарыққа жетелейтін шамшырақ іспетті.

Осы тұста әлеуметтік желі арқылы адам психологиясы туралы тренинг өткізіп, әртүрлі курс сататын мамандардың расымен кәсіби білімі бар ма, аудиториясына жүздеген, тіпті мыңдаған халықты жинаған «психологтердің» өзінің психологиялық күйі қалай деген сауал туындайды. Түптеп келгенде елімізде психологтерді лицензиялау ісі қолға алынуға тиіс пе?

Кәсіби жұмыс – ең жақсы лицензия

Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты жүргізген сауалнама нәтижесіне сүйенсек, 2021 жылы психологтың көмегіне 600 мыңға жуық адам жүгінген. Онымен қоса, 4 миллион азамат пси­хологқа баруға әзір, ал 3 миллион қазақстандық қажеттілік туындаған кезде көмек сұрайды. Бір қызығы, 1 миллионға жуық адам психологқа қаралғысы келетінін, бірақ іштей ұялатынын айтқан. Күн сайын өзектілігі артып жатқан мәселеге байланысты Орталық Азия Психоанализ институтының директоры, психоаналитик Анна Құдияровамен байланысқа шығып, сауалдарымызға жауап алған едік. Ол осыдан 25 жыл бұрын көтерген мәселе қазір шешімін тауып, нәтиже­сін беріп келе жатқанын айтады. Психоаналитиктің сөзінше, онсыз да психолог тапшы мемлекетте лицензия жариялау – қате шешім.

– Қазір бізде нарықтық экономика. Сұраныс болмаған жерде ұсыныс болмайды. Сондықтан сұра­ныс көп болғандықтан, оған да қуанған жөн. Бұл адамдардың ақшасы, психологиялық мәдениеті мен қажеттілігі бар деген сөз. Халық өзіне қажеттісін сұрап отыр. Ал оған мамандар жауап беруде. Адам психологтің көмегіне бір рет, қажет болса екі рет жүгінеді. Ұнаса сол маманның қызметін пайдаланады, ұнамаса шертіп жүріп басқа психологті тауып алады ғой. Нарықтық экономика кезінде маманның кәсіби жұмысы – ең жақсы лицензия. Егер сіз білімі жеткіліксіз маман болсаңыз, клиент сізге келуді өзі-ақ тоқтатады. Бұл тұста ешқандай лицензияның қажеті жоқ. Лицензия деген – артқа шегіну, еркіндікті шектеу. Мұнда «мына жерге дейін болмайды» деген өлшем бар. Мәселен, Италия мемлекетінде психолог, психиатр, психотерапия, психоаналитик ешқашан лицензия толтырмаған. Себебі бұл қажетсіз. Оларда еркіндік пен бостандық бар. Әрбір мемлекеттің аза­маты – еркін адам, – дейді психоаналитик.

Ресми статистикаға сүйенсек, 2022-2023 жылдары «Педагогика және психология» мамандығы бо­­­йын­­­ша бакалавриатта білім алған студенттер саны 6 700-ден асады. Оның ішінде 12 студент қана психология саласын оқыған. Қазір медициналық жоғары оқу орындарында, резидентурада «Ересектер мен балалар психиатриясы» бойынша 160-қа жуық студент оқиды.

– Психолог мамандардың саны көбеюі керек. Содан кейін ғана сапасы жөнінде айта аламыз. Осыдан 25 жыл бұрын әрбір мектепке психолог керек, ЖОО-да психология факультеті болуға тиіс деп біраз шуладық. Сондықтан бұл – біздің нәтиже. Қазір сол өзгеріске қол жет­­­кізіп отырмыз. Қандай маманға барады, қалтадағы ақшасын кімге төлейді, көмекші ретінде қай психологті қабылдайды – бұл жеке тұлғаның өз еркінде. Ал біз баяғы деспотизмге үйреніп қалғанбыз. Тек «жарайсың, енді сен көмектесесің» немесе «сен жарамайсың» деп отыратын бір бастық болуы керек, – дейді ол.

Осы тұста психоаналитик тәжі­­рибелі маманның біліктілігіне қабырғадағы қағаздар толыққанды кепілдік бола алмайтынын атап өтті. 

– Қазір кейбір психологтердің кабинетіне барсаңыз қабырғада 10-15, тіпті одан да көп сертификат, дипломдар ілініп тұрады. Ал ол қа­ғаздар маманның білікті екеніне толыққанды кепілдік бере алмайды. Керісінше, кейбір психологтердің жұмыс кабинетінен қабырғада ілініп тұрған қағазды көрмейсіз. Олар оқыса, өзі үшін оқып келеді. Нәтижесінде, клиенттер саны да толастамай, кезек күтіп жазылады. Клиентті кішкентай бала деп қарастырып көрейікші. Білесіз ғой, балалар жақ­сы адамға барып, жаман адамға жоламайды. Өзіне теріс көрінгені құшағын жайып тұрса да бармайды. Біз өзіміз іштей мейірімді болсақ, сапалы қызмет көрсете алсақ, адам­­­дар өздері-ақ іздеп келеді. Сондық­­­тан елімізде психологтерге лицензия жариялаудың қажеті жоқ деп санаймын. Әрине, болашақ психолог мектепті бітіріп, бакалавриат деңгейінде негізігі базалық білімді алуға тиіс, – дейді маман.

Әлсіздігімізден ақша жасайды

Психологтің көмегіне жүгініп көр­гендердің бірі – Аружан Жеңіс­­­бекова. Кейіпкеріміз психолог қыз­метін пайдаланбас бұрын маманның әлеуметтік желідегі жазбалары мен оқырмандардың пікірін міндетті түрде ой таразысына салып, сүзгіден өткізеді. Аружан психологтің өмір салты, менталитеті мен діні өз көзқарасымен қаншалықты ұштасатынына баса мән беруге тырысатынын айтады.

– Иә, бір рет ресейлік психологтің көмегіне жүгінгенім бар. Нәтижесі өте жақсы. Психолог қараңғы түнектен шығарған бағдаршамым болды. Біз сөйлескен жоқпыз, кеңес болмады. Жай ғана оның курсын сатып алдым. Курс дәл сол уақытта өміріме қажет нұсқаулықтың өзі болды. Білім шығынды ақтады. Әлі де ақтап келе жатыр. Керек кезде қайта кіріп, оқып тұрамын. Мен кім екенімді, табиғатым қандай екенін, маған не керегін нақты түсіндім. Алған білімім бойынша өмірімнің келесі кезеңінің бағытын анықтап, сол жолда жүріп келе жатырмын, – дейді Аружан.

Одан өзге Аружан қоғамда «инфосығандардың» көбеюіне өз тарапымыздан ізденістің болмауы да себеп екенін жасырмады. Жылтыраған жарнамаға алданған оқырман психологтің көмегі арқылы алдағы өмірінен елеулі өзгеріс күтіп, со­­ңын­­­­да қолжетімді ақпаратты кө­­­лемді қаражатқа сатып алуға дейін барады.

– Қазақстандық психологтердің білімі түбегейлі нашар демеймін. Алайда көпшілігіне білімін әлі де тереңдету керек. Қазір «инфосығандар» көбейіп кетті. Оның да өз себебі бар: көбі ғаламторды ашып, ақпарат іздей бермейді немесе ерінеді. Осын­­­­дай әлсіз тұсымызды пайдаланып тегін ақпаратты ақшаға сататындар аз емес. Тіпті, шетелдік пси­­­­­­­хологтердің курсын қазақ тіліне аударып, аяқ астынан «психолог» болып шыға келетіндер де бар,– дей­ді А.Жеңісбекова.

Біз мысыққа қалай дұрыс мысық болуды үйретпейміз

Ал алматылық студент Бекзат Мекен әлеуметтік желіде псевдоп­сихологтер мен коучтар көбейіп ке­­туінің салдарынан өз ісінің нағыз маманын табу қиындай түскенін айтып ашынады. Кейіпкеріміз үшін психологтің кәсібилігіне күмән кел­тіретін негізгі жағдайлардың бірі – үзілді-кесілділік.

– Менің айтқаным ғана дұрыс деп ақыл айтатындарға, әлемді ақ пен қараға бөлетіндерге күмәнмен қараймын. Онымен қоса, қазір қыз­дарды қыз болуға үйрететін, әйелдік энергияны арттыру туралы айтатын «психологтер» санының артуы да, оған деген сұраныстың бар болуы да жүректі қынжылтады. Біз мысыққа қалай дұрыс мысық болуды үйретпейміз ғой. Сол сияқты мұн­дай ойдың да ешқандай мағынасы жоқ деп санаймын. Әр адам – қайталанбас тұлға. Ал нағыз психолог ешкімді гендер бойынша бөлмей, шектемей, әрбір тұлғаның өзіндік бірегей қырын ашуына түрт­­кі болуы қажет деп білемін, – дейді Бекзат.

Осы уақытқа дейін шетелдік коуч пен психологтердің курстарын сатып алған Бекзат адамның жан-дү­­ниесімен жұмыс істейтін маманда міндетті түрде жоғарғы оқу орнының дипломы болуы керек деп санайды. 

– Шыны керек, қазақстандық психологтердің инфоөнімдерін ешқашан сатып алып көрмеппін. Психолог қызметін пайдаланбас бұрын маманның біліміне, одан соң тәжірибесіне мән беремін. Психолог ретінде мансап жолын енді ғана бастаушылардан гөрі бірнеше жылдық тәжірибесі бар маманға жүгінгенді жөн көремін. Әрине, бұл жас мамандар нашар дегенді білдірмейді. Бірақ мен үшін бұл – маңызды пункт. Үшіншіден, қолданатын әдісін саралаймын. Психологтер түрлі бағыттағы мәселелермен және әртүрлі әдіспен жұмыс істейді. Маған ол сай келе ме, келмей ме – соны қараймын. Төртіншіден, маманның адам ретінде маған қаншалықты ұнайтындығына мән берем. Егер психолог кәсіби маман бола тұра маған субъективті көзқарасым бойынша ұнамаса, менің ол кісіге бар­мауымның ықтималдылығы жо­ғарылайды, – дейді Бекзат.

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ